Анықтаушы қызметін таңдаған Алтынбек

Полиция қызметкерлерінің төл мерекесі 1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заңмен тығыз байланысты. Заң Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін айқындайтын алғашқы құқықтық акт болып табылады.

 Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытқа бағынбайды. Ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Төнген қауіпті ауыздықтауда жанын қияды. Ішкі істер саласы қызметінің жүгі ауыр, жауапкершілікті талап етеді. Жыл өткен сайын аталған сала жас мамандармен толығуда. Солардың бірі – Махамбет аудандық полиция бөлімінің, анықтау тобының  анықтаушысы, полиция лейтенанты Алтынбек Құрманғалиев.

Бала күнінен-ақ құқық қорғау органында қызмет етуді армандаған ол Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің 9-сыныбын аяқтаған соң Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғарғы колледжінің «кеңесші-заңгер» мамандығына оқуға түседі. Колледждегі оқуын үздік аяқтаған мақсаты айқын жігіт әрі қарай білім алуға ұмтылады. Сөйтіп Ішкі істер министрлігінің М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институына оқуға қабылданады.

– Осы оқу орнынан өткен жылдың 22 мамырында Ішкі Істер Министрінің №85 бұйрығы бойынша «лейтенант» арнаулы атағын алып, оқуымды тәмамдадым. Көп ұзамай Махамбет аудандық полция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция қызметкері лауазымына тағайындалдым. Алғашқы еңбек жолым осылай басталды. Бұл жұмысты 2023 жылдың 28 қаңтарына дейін атқарып, кейін анықтау тобының анықтаушысы қызметіне тағайындалдым. Анықтаушы қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Сонымен қатар қашанда үлкен жауапкершілікті, сабырлық пен төзімділікті және ұқыптылықты қажет ететін күрделі қызмет саласы,- дейді А.Құрманғалиев.

Тергеуші мен анықтаушының алдын ала тексеру жұмыстарына кететін уақыттары әр түрлі.  Кейіпкеріміздің сөзінше, анықтаушы тергеуші секілді алдын ала тексерумен айналысады. Бірақ осы екі мамандық иелерінің жұмысы бір-бірінен аз-кем ерекшеледі. Яғни, қылмыстың ауыр-жеңіліне қарай айырмашылық бар. Егер ірі көлемде залал келсе, ауыр қылмыс орын алса, алдын ала тексеруді тергеуші өз мойнына алады.

– Біз орташа ауыр, ауыр емес қылмыстармен айналысамыз. Оның ішіне алаяқтық, төбелес, өліммен қорқыту, түрлі дене жарақаттарын салу, бұзақылық және тағы басқалары кіреді.  Алаяқтық пен бұзақылық – ең көп кездесетіні. Анықтаушының қызметінің маңыздылығының бірі адам тағдырына байланысты болғандықтан, әрбір болған қылмысты жан-жақты тергеп-тексеріп, ақ-қарасын анықтап, қылмыскердің кінәсін немесе кінәсіздігін дәлелдеп әділ шешім қабылдау болып табылады. Бұл жағынан өте күрделі болып табылатын жол-оқиғаларына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық ісін айтсам болады. Ең алғашқы анықтау жұмысын жүргізгенім есімде. Атырау-Орал тасжолының бойында жол-көлік оқиғасы орын алып, кісі өлімі тіркелді. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілгеннен кейін іс сотқа жолданып, көлік жүргізушісіне қылмыстық кодекске сай жаза қолданылды,- дейді Алтынбек.

Анықтаушының әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өрліп жатады. Алтынбек те қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңған майталман әріптестірінен тәжирибе алып, шындалып келеді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT