Мемлекет пен қоғам арасындағы диалог

Фото: ҚР Үкіметі

ЕЛІМІЗДЕ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН СӘТТЕН БАСТАП МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ НЕГІЗГІ ҮЛГІСІ ҚАЛЫПТАСА БАСТАДЫ. СОДАН БЕРІ ОТЫЗ ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТ ІШІНДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢАРУ МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛ-АУҚАТЫН КӨТЕРУ ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ БІРНЕШЕ КЕЗЕҢІНЕН ӨТТІК. ҚАЙ КЕЗЕҢДЕ БОЛМАСЫН ҮНЕМІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ІСІН ЖЕТІЛДІРІП, ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ МІНДЕТІН ЖҮКТЕГЕН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ Қ.ТОҚАЕВ БИЫЛҒЫ «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА ДА ЕРЕКШЕ АТАП ӨТТІ.

ЖАҢАЖҮЙЕНІҢЖЕТІСТІГІ

- Мен «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым- қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей ба­стады. Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз ке­рек. Өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны өте маңызды. Бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік ор­гандар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс, - деген болатын Президент өз сөзінде.

Қазір қоғаммен ашық қарым- қатынас жасау, тұрғындармен кері байланыс жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Қоғамның сұранысына толық жауап бере алатын, халықтың мүддесін жоғары қоятын мемлекеттік аппараты қалыптастыру бағытында әртүрлі байланыс арнала­ры жұмыс істейді. Бүгінде халықтың пікірлерімен ой алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платфор­малар «Ашық үкімет», «Е-Otinish», «Ашық диалог», «Ашық бюджеттер» алаңдары бар. Мұның барлығы тиімді саяси шешімдер шығару және азаматтарымыздың басқару үрдісіне тікелей қатысуына мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу тура­лы» Жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кезде­сулер өткізіп, кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара оты­рып, шешу жолдарын түсіндіруді және қарастыруды тапсырған бола­тын. Соған сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен кездесуі тұрақты түрде жүзеге асып келеді.

- Жыл басында тұрғындардың на­зарына халықпен кездесудің икемді жылдық жоспары аудандық «Жайық шұғыласы» газетіне және аудан әкімдігінің ресми сайтына жарияла­нып, халықпен кездесулер өткізгенге дейін facebook әлеуметтік желілеріне кездесудің өтетін орны мен уақыты туралы ақпараттар уақытылы жария­ланды. Алайда, төтенше жағдай орын алуына байланысты кездесу уақыты кейінге шегеріліп, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында (18-28 маусым аралығында) аудан әкімінің және ауылдық округ әкімдерінің елді мекен тұрғындарымен барлығы 30 кездесуі өткізілді. Оның ішінде аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен тоғыз, ауылдық округ әкімдерінің елді мекен тұрғындарымен 21 кездесуі өтіп, барлығы 1363 адам қатысты.

Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан әкімінің және ауылдық округі әкімдерінің тұрғындармен кездесуі кезінде барлығы 122 мәселе көтеріліп, оның 12 мәселесі бақылауға алынды. Тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі инфрақұрылымды дамыту, ауылішілік жолдар салу және жөндеу жұмыстары, жер жөнінде болды. Бақылауға алынған 12 мәселе бойынша іс-шаралар жоспары жасақталып, тұрындардың назарына ұсыну мақсатында іс- шаралар жоспарының орындалысы ағымдағы жылдың шілде айында аудан әкімдігінің ресми сайтында және аудандық «Жайық шұғыласы» газетіне жарияланды. Әр ауылдық округте аудан әкімінің халықпен кездесулер өткізгеннен кейін (бөлім басшылары, прокуратура, полиция, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен) аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелер бойынша қабылдады. Аудан әкімі тоғыз ауылдық округте 39 адамды жеке мәселелері бой­ынша қабылдады. Техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, яғни интернет жылдамдығына байланысты әр ауылдық округте аудан әкімінің және ауылдық округ әкімдерінің кездесуі кезінде facebook әлеуметтік желісі қосылып, тұрғындардың пікір білдіру мүмкіндігіне жағдай жасап, тікелей эфирде көрсетілді.

Екінші жартыжылдықта ау­дан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі 11-15 қараша аралығына жоспарланып, күні бүгін аудан әкімі Ақтоғай, Ақжайық, Бақсай, Жалғансай, Алға және Есбол ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі өткізілді. Аудан әкімінің Бейбарыс, Сарайшық және Махамбет ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі 14, 15 қараша күндеріне жоспарланған. Аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен кездесу жиынында күні бүгінге барлығы 14 мәселе көтеріліп, жеті адамды жеке мәселелер бойынша қабылдады. Бұл жұмыстардың барлығы, сайып келгенде «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкіметтің» алғышарты. Себебі «есеп беретін Үкімет» «есеп беретін әкімдіктерден» басталады, - дейді аудан әкімінің аппарат басшысы Махамбет Аманқосұлы.

ӘКІМДІ ХАЛЫҚ ТАҢДАЙДЫ

Осыдан төрт жыл бұрын ел азаматтарының қойған талабы негізінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілген еді. Соған сәйкес, еліміз бойынша соңғы үш жыл ішінде 2,5 мыңға жуық әкім сайланған. Олардың 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы жаңғырып, олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар.

- Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сай­ланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жыл­дан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сай­лау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси ре­форма бір реттік науқан емес.

Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді, - деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Әкімді халық тікелей сайлайтындықтан бұл ауқымды науқан шын мәнісінде тари­хи маңызға ие болды. Бүгінде ауданымызға қарасты тоғыз ауылдық округ болса, өкілеттік мерзімінің аяқталуына сәйкес барлығында әкім сайлауы өткізілді. Яғни, әр ауылдық округ тұрғындары әкімді өздері таңдап, сайлады.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ДАМЫТУ ҚАҒИДАТЫНЫҢ БІРІ – МЕРИТОКРАТИЯ

Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару саласын жетілдіруде мемлекеттік қызметшілер рөлі зор екендігін және олардың қызметі әр уақытта да өз назарында бола­тынына тоқталып: «Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті. Үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес. Қазір мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көшті. Енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Үкімет бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр мәселесіне қатысты жұмысын толық автоматтандыруы керек» де­ген болатын.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 Жарлығына сәйкес, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» мемлекеттік қызметті дамыту қағидатының бірі – меритократия, яғни мемлекеттік қызметке іріктеу және қызметі бой­ынша ілгерілету сіңірген еңбегіне, құзыретіне және кәсіби дағдыларына негізделеді деп көрсетілген.

Бүгінгі күні еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі меритократия қағидатына негізделген мемлекеттік қызметтің өзіндік үлгісін қалыптастыра алды. Үміткерлер мемлекеттік қызметтегі өзінің кәсіби қызметін төменгі лауазым­нан бастайды, ал олардың одан әрі ілгерілеуі тиісті саладағы еңбегі мен жұмыс тәжірибесін ескере отырып, конкурстық және құзыреттері негізінде жүзеге асырылады. Лайықты кадрларды іріктеу және мемлекеттік қызметшілердің жеке жетістіктері негізінде оларды әрі қарай кәсіби және мансаптық ілгерілету ішкі конкурстар және ауысу тәртібімен жүзеге асыры­лады. Негізі талап – мемлекеттік қызметшінің құзыреттілігі мен кәсіби дайындығының болуы. Меритокра­тия қағидатының іс жүзінде іске асырылуы мемлекеттік аппаратқа деген сенімділікті нығайтып, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл қағидат мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету қағидатына негізделіп, ашықтық, жариялылық және әділдік принциптерімен ұштастырылған.

Бүгінде ауданның жергілікті атқарушы органдарында штат бойынша 99, нақты 92 мемлекеттік қызметші қызмет атқарады, 7 бос орын бар. Аппаратта штат бойынша 16 қызметкер (аудан әкімін қоса), ауылдық округтерде 47 қызметкер, дербес бөлімдерде 36 қызметкер жұмыс жасайды. Гендерлік құрам бойынша 43 ер, 49 әйел қызмет атқарады. Мемлекеттік қызметшілердің орта жасы 42,3-ті құрап отыр. Мемлекеттік қызметегі орташа еңбек өтілі 11,5 жылды, өз қызметтеріндегі орташа еңбек өтілі 4,5 жылды құрайды. Қызметшілердің 97,5 пайызы жоғары білімді. Ағымдағы жылдың 10 айында ере­жеге сай 30 мемлекеттік лауазымға конкурс жарияланып (оның ішінде 7 ішкі конкурс), 20 адам іріктеуден өтіп тағайындалды. Сонымен қатар, Президент тапсырмасы аясында жоғары оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс негізінде жақсы көрсеткіштермен аяқтаған студенттерді конкурстық іріктеусіз төменгі лауазымдарға тағайындау үрдісі жүзеге асырылуда. Бұл – мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Осы тапсырманы жүзеге асыру бағытында Қазақстан Республи­касы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің келісімі негізінде, жоғары оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс аясында GPA 3,33 балдан жоғары көрсеткішпен аяқтаған 2 түлек конкурстық іріктеусіз жұмысқа қабылданды. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру және құзыреттерін да­мыту тұрақты түрде жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 10 айында аудан бойынша 19 мемлекеттік қызметші біліктілік арттыру семинарларынан, 6 мемлекеттік қызметші қайта даяр­лау курстарынан өтті.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың басты мақсаты, әрине ол – тұрақты даму негізінде мемлекеттің әлеуметтік дамуын мейлінше қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын көтеру, олар­ды мемлекеттік басқару үрдісіне қатыстыруды оңтайландыру. Осы ретте Президент пәрменімен азаматтық қоғамды күшейтіп, бұқара мен билік арасындағы диа­логты дамытуды көздеген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы саяси жүйені жаңғыртуға серпін беруде.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT