Мектептің шамшырағы

Ұзақ жылдар бойы мектептің жүрегіне, ұстаздар қауымының қамқоршысына, оқушылардың сенімді жетекшісіне айналған Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің директоры Гүлзада Қорғанбайқызы Неталиеваның өмір жолы – адал еңбек пен табандылықтың айқын айғағы. Шәкірт тәрбиелеуден бастап, білім ордасын басқаруға дейінгі сан қилы кезеңдерде ол әрдайым әділдік пен жауапкершілікті басты ұстаным етіп келді.

БАЛАЛЫҚ АРМАННАН БАСТАЛҒАН ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛ

«1964 жылы 5 қазанда Махамбет ауы­лында дүниеге келдім. 1971–1981 жыл­дары осы ауылдың мектебінде оқып, кейін Гурьев педагогикалық институ­тына түсіп, «Қазақ сыныптарындағы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шықтым. Еңбек жолымды Махамбет пен Жалғансай ауылындағы мектептерде бастадым», – деп еске алады ол.

Бала күнінен ұстаз болуды армандаған қыздың жүрегінде білімге деген шынайы сүйіспеншілік ерте оянған. «Мектепте сабақ берген ұстаздарым – бүгінде зейнеткерлік жастағы Кенжегүл Рамазанова сынып жетекшім болса, Айтқали Бағытов физика пәнінен сабақ берді. Сонымен қатар қазақ тілінен Әслима Мырзағалиева, математикадан Ізім Сәрсенғалиев, тарих пәнінен Ғазиз Тұрсынбаев пен Хасен Елеусіновтердің дәрісін алдым. Олардың әрқайсысының берген тәлімі мен өмірге деген көзқарасы мен үшін өнеге болды»,- дейді ол толғана.

Алғашқы ұстаздық тәжірибесінен бастап-ақ ол білім беру ісіне тек жұмыс деп емес, жүрекпен сезінетін қызмет деп қарады. «Мен еңбек жолымды бастағанда маған жол көрсеткен Хамза Бимағамбетов, Алдияр Шыниязов сияқты ұстаздар болды. Ал білім бөлімінде жүрген жыл­дары Шалқар Какимов, Дүйсенғали Төленов, Сүндетқали Түсіпқалиев, Жақсылық Жайлашев, Құрманғали Тасмағамбетов, Сәтжан Аманғалиев секілді ағаларымнан үйрендім. Бұл қатарға мектеп директорлары болған Махаш Бисенова, Алмажай Мәстекова, Гүлнар Аманғалиеваларды да қосар едім. Жанымдағы әріптестерімнің бәрінен өнеге алып, олардың әр сөзі мен қимылын жадыма түйдім», – дейді Гүлзада Қорғанбайқызы.

БАСШЫЛЫҚ ПЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ

1988 жылдан 2004 жылға дейін Махамбет аудандық білім бөлімінде ма­ман, бас маман, әдіскер болып, қызмет атқарған Г.Неталиева 2004 жылы туған ауылындағы Е.Ағелеуов атындағы Ма­хамбет орта мектебіне директор болып тағайындалды.

«Мектеп басқару – адамдарды әртүрлі дағдыдағы бір мақсатқа жұмылдырып, нәтижеге жету. Бұл – ынтымақтастық, ізгілік, тұлғалық бағдар, тиімділік пен нәтижелік. Директор үшін ең басты көрсеткіш – оқушының білімі. Ұжым үшін ди­ректор командир секілді, бірақ ол тек бұйырушы ғана емес, тыңдаушы да бо­луы тиіс. Мен үшін әрқашан мұғалімнің де, ата-ананың да, оқушының да үні қымбат болды», – дейді ол өзінің басты ұстанымдарын тарқатып.

Сонымен қатар аздаған уақыт Ма­хамбет педагогикалық-психологиялық кабинетінде, аудандық білім бөлімінде басшылық лауазымдарды атқарды. 2019 жылы Е.Ағелеуов атындағы Ма­хамбет орта мектебінің директорлығы қызметіне қайта тағайындалып, күні бүгінге дейін қызмет атқарып келеді. 40 жылға жуық ұстаздық жолында 19 жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған Гүлзада Қорғанбайқызының жетекшілік еткен жылдарында мектеп өміріне үлкен өзгерістер енгізілді.

«Мектептің жүрегі – мұғалім. Мұғалім білімді болса, мектеп те биікке көтеріледі. Біз алғашқылардың бірі болып, «Өзін-өзі тану» пәнін енгіздік. 2006-2010 жылдары мектебіміз респу- бликалық деңгейде «сынақ алаңы» болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жүз үздік мектептің қатарына ендік. Ал жуырда ғана бастауыш сынып оқушыларымыз математикадан респу­блика бойынша «Үздік мектеп» деп та­нылды. Бұл – ұжым еңбегінің жемісі», – дейді ол мақтанышпен.

Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Облыстық «Жыл директоры» байқауында жеңімпаз атанып, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – шәкірттерінің жетістігі. «Мұғалімнің ең үлкен жетістігі – берген білімі мен тәлім-тәрбиесінің шәкірт сана­сына жетуі. Шәкірттерімнің тұлға болып қалыптасып, қоғамда өз орнын тапқанын көру – ұстаз үшін ең үлкен қуаныш. Қай жерде кездессем де, «бұл менің шәкіртім» деп марқайып тұрамын. Олар да бізбен мақтанады деп сенемін», – дейді ол.

Заманауи мектептің бейнесін қалыптастыруда да оның қолтаңбасы анық. «Қазір мектептің материалдық-техникалық базасы түбегейлі өзгерді. Интернет толық қамтылды. Химия, биология, физи­ка кабинеттері жаңа құралдармен жабдықталды. Интерактивті тақталар көбейді. Мұғалімдер мен оқушылардың заманауи құрылғыларды пайдалану мүмкіндігі артты. Қазіргі білімнің көкжиегі шексіздікке жетті десем артық айтпаймын», – дейді ол бүгінгі өзгерістерге сүйсініп.

ҰРПАҚҚА ҚАЛДЫРҒАН АМАНАТ

Ол өмірінде кездескен ағалары мен әріптестерінің ықпалын да ұмытпайды. «Марқұм Шамиль Какишев аудандық білім бөлімін басқарған кезде маған ағалық та, ұстаздық та қамқорлық көрсетті. Сондай тұлғалардың өмір жолы мен үшін әрдайым үлгі болды», – дейді директор.

Бүгінде ол зейнеткерлік жасқа аяқ басып отыр. Бірақ жүрегінде – ұстаздықтың ыстығы, санасын­да – шәкірттерінің бейнесі. «Жас мұғалімдерге айтарым – балаға деген махаббаттарыңды ешқашан жоғалтпаңдар. Білімді болу – міндет, бірақ адалдық пен жүрек жылуынсыз ұстаз болу мүмкін емес», – дейді ол өмірлік тәжірибесін түйіндеп.

Гүлзада Қорғанбайқызы Неталиеваның өмір жолы – бір адамның ғұмыры ғана емес, бүтін бір мектептің тарихы. Оның еңбегінің ізі – шәкірттерінің жетістігінде, әріптестерінің жүрегінде, мектеп дәстүрінде. Ол басқарған жылдары білім ордасы жаңарып, уақыт талабы­на сай жаңа деңгейге көтерілді. Енді сол еңбектің жемісін кейінгі ұрпақ жалғастыра бермек.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT