Мектептерді жаңарту – заман талабы

МЕКТЕПТЕРДІ ЗАМАН ТАЛА­БЫНА САЙ ЖАҢҒЫРТУ

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢ ӨЗЕКТІ ӘРІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ БОЛЫП ОТЫР. БҰЛ БАҒЫТТА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫНА СӘЙКЕС, 2025-2027 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА 1231 МЕКТЕПТІ РЕНОВАЦИЯДАН ӨТКІЗУ ЖОСПАРЛАНҒАН БОЛАТЫН. БІЛІМ БЕРУ

ҰЙЫМДАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ- ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАСЫН ЖАҚСАРТЫП, ОҚУШЫЛАРҒА ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ОРТАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҮШ ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІНДЕ БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ ЕЛІМІЗДЕГІ 262 МЕКТЕП ҚАМТЫЛАТЫН БОЛАДЫ. ОНЫҢ ҚАТАРЫНДА АУДАНЫМЫЗДЫҢ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ ДА БАР.

Ауданда білім бөліміне қарасты 15 мектеп, 16 балабақша, 2 қосымша білім беру ұйымы және 1 психологиялық- педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс жасайды. 16 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 86 топ, 1656 тәрбиеленуші бар. Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, оқытумен қамту 1-6 жас бойынша 83 пайызды, 2-6 жас аралығы бойынша 94 пайызды құрап отыр. Соған қарамастан 601 бала балабақша кезегінде тұр.

Аталған білім беру ұйымдарының ішінде қаңтар айында апатты деп та­нылып, жұмысын тоқтатқан Ақжайық ауылындағы балабақшаның орнына 160 орындық жаңа балабақша салу бой­ынша жобалық сметалық құжаттамасы әлі күнге жасақталуда. Сол секілді 95 бала тәрбиеленіп жатқан Сарайшық ауылындағы «Бүлдіршін» бөбекжай- бақшасының да тозығы жетіп, жаңа ғимаратқа сұранып тұр. Естеріңізде болса, газеттің сәуір айындағы кезекті бір санында Таңдай ауылындағы Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебінің апатты жағдайы туралы жазғанбыз. Сол кезде облыстық білім беру басқармасынан Қ.Ахмедияров мектебінің орнына 300 орындық жаңа мектеп құрылысы биылғы жылы басталатыны жөнінде жауап алған едік. Алайда әзірге ауылда мектеп құрылысына қатысты ешқандай өзгеріс байқалмайды.

Аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта ағымдағы жөндеу жұмыстары 9 мектеп­те, 11 балабақшада, 1 психологиялық- педагогикалық түзеу кабинетінде жүргізілуде. 2 мектепте реновация, 2 мектепте модернизация, 2 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Ербөлек Махамбет, аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева және мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенбаев құрылыс және жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бірқатар білім беру мекемелері мен мектепке дейінгі ұйымдарды аралады. Оның ішінде Қызылүй орта мектебі мен “Арай” бөбекжай-бақшасы, Есбол орта мектебі мен “Айгүл” бөбекжай- бақшасы, Қосарал орта мектебі мен “Балақай” бөбекжай-бақшасына барып, жауапты мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аудан бойынша реновация жоба­сына енгізілген екі мектепте бүгінде жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Оның алғашқысы Қызылүй орта мектебінде мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жеңімпаз боп танылған мердігер меке­ме «Тенгиз Транс Казахстан» ЖШС маусым айында жұмысын бастады. Со­нымен қатар, Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер мекеме «АdilhanWestGroup» ЖШС. Қазіргі таңда мұнда электр желілері, жылу және кәріз жүйесі құбырларын толықтай ауыстыру, ғимарат шатырын жаңарту жұмыстары жасалып жатыр.

Реновация жұмыстарының нәтижесінде екі мектептің ғимараты толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықталады, жаңа жиһаздар ор­натылады, спорт залдары жөнделіп, қауіпсіздік жүйелері орнатылады. Мұндай өзгерістер оқушылардың оқу ортасын жақсартумен қатар, за­манауи білім беру технологияларын енгізуге және педагогтердің біліктілігін арттыруға жағдай жасайды.

Балалар жылы, қауіпсіз, кең әрі толық жабдықталған мектептерде оқуы тиіс. Мемлекет жыл сайын білім беру нысандарының инфрақұрылымын жақсартуға қаражат бөледі. Өткен жылы модернизация аясында екі мектеп жаңартылса, жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен биыл да жалғасып жатыр. Модернизация қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтумен қатар, материалдық-техникалық ба­заны күшейтуге бағытталған. Соған сәйкес, биылғы жылы Қызылүй орта мектебіне 12 пән кабинеті және Еңбекшіл ауылының негізгі мектебіне 3 пән кабинеті сатып алынып, жасақталып отыр. Сонымен қатар, Еңбекшіл ауылының негізгі мектебінің ғимаратының ішіне және кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жалғансай ауылындағы «Көктем гүлі» бөбекжай-бақшасында маусым айының соңында күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Жоспарға сәйкес желтоқсан айын­да аяқталуы тиіс. Жауапты болып танылған мердігер мекеме «TAU Corporation LTD» ЖШС жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын бітіруге жұмыстанамыз деп отыр. Қазіргі уақытта мұнда 30 адам еңбек етуде.

Сондай-ақ, Махамбет ауылының орталығындағы «Жауқазын» бөбекжай-бақшасын күрделі жөндеуден өткізуге «Кварц – Спец­сервис» ЖШС-мен жасақталған келісім шарт негізінде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT