БИЫЛҒЫ ОҚУ ЖЫЛЫН АБЫРОЙМЕН АЯҚТАҒАН ТҮЛЕКТЕР МЕН АТА-АНАЛАР ЕНДІ ЖАҚЫН КҮНДЕРДЕ ЖАРЫҚ КӨРЕТІН БІЛІМ ГРАНТТАРЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ТАҒАТСЫЗДАНА КҮТУДЕ. ЕЛІМІЗДЕ БИЫЛ 217 МЫҢНАН АСТАМ ТҮЛЕК МЕКТЕП БІТІРІП, ҮЛКЕН ӨМІРГЕ ҚАДАМ БАСУДА. БАРЛЫҚ АЙМАҚТАРДА 13 ШІЛДЕДЕ БІЛІМ БЕРУ ГРАНТЫ КОНКУРСЫНА ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛЫП, 20 ШІЛДЕДЕ АЯҚТАЛДЫ. ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІНІҢ ТІЗІМІ 10 ТАМЫЗҒА ДЕЙІН ЖАРИЯЛАНАДЫ.
Еңбек министрлігі ұсынған кадрларға деген қажеттіліктің орта мерзімді болжамы негізінде жасалған гранттар саны бакалавриатқа – 77 мың, магистратура – 10 мыңнан астам, докторантураға – 3 мыңға жуық. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін 800 мыңнан астам жоғары білімді мамандар қажет. Оның ішінде:
60%-дан астамы – инженерлік білімі бар мамандар,
21%-ы – педагогикалық білімі бар мамандар.
Биылғы гранттар саны да өткен жылмен шамалас. Оның ішінде, педагогика саласына 13 мыңнан астам, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға және инженерлік бағытта 20 мыңнан астам грант қарастырылған.
Бұдан бөлек “Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар” – 11 585, “Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика” – 9 188; “Ауыл шаруашылығы және биоресурстар” – 2 379; “Қызмет көрсету” – 2 200; “Өнер және гуманитарлық ғылымдар” – 1915; “Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат” – 1485; “Бизнес, басқару және құқық” – 1423; “Ветеринария” – 1 275. Сондай-ақ 2025-2026 оқу жылында мемлекет “Инженерлік, өңдеу, құрылыс» саласына басымдық беріп, 18 946 грант бөлген.
БАТЫС ӨҢІРІНЕ 2500 ГРАНТ БӨЛІНДІ
Мемлекеттік гранттан бөлек оңтүстік өңірдің түлектеріне арналған «Серпін» бағдарламасы және батыс өңірлерінің жастарына жоғары оқу орындарында білім алу үшін «Батыс» гранты тағайындалды. Оның ішінде 2000 грант Маңғыстау облысынан, 500 грант Атырау облысынан. Бұл бағдарлама бойынша гранттар келесі бағыттар бойынша бөлінеді: педагогикалық ғылымдар, бизнес, менеджмент және құқық, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, өнер, әлеуметтік ғылымдар, инженерлік мамандықтар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы.
ҚОҒАМДЫҚ ҚОР ТЕГІН БІЛІМ АЛУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ
Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры бөлетін білім гранттары конкурсына биыл ҰБТ тапсырған және шекті балл жинаған келесі талапкерлер қатыса алады:
ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы жағдайы төмен отбасылардан шыққан тұлғалар;
жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
мүгедектігі бар азаматтар;
мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан ҚР азаматтарының балалары;
2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар;
төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқан азаматтардың балалары.
Бағдарламаға 29 жасқа дейінгі (қоса алғанда) үміткерлер қатыса алады. Өтініштер ЖОО қабылдау комиссияларында 10-17 тамыз аралығында қабылданады. Грант иегері оқуын аяқтағаннан кейін оны өтеуге міндетті емес.
САРАЛАНҒАН ГРАНТТАР САНЫ ҚАНША?
Өткен жылдан бастап елімізде оқу ақысын 50 пайыз өтейтін сараланған гранттар жүйесі сынақтан өткізілуде. Олар бәсекелестіктің жоғары болуына байланысты мемлекеттік білім грантын ұтып ала алмаған, бірақ ҰБТ нәтижелері өте жоғары болған талапкерлерге арналған. Биылғы жылы осындай 300 грант бөлу жоспарлануда. Сараланған гранттарды беру туралы шешімді Республикалық конкурстық комитет қабылдайды. Өтініш берушілерге қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ, барлығы жүйеде автоматтандырылған. Бұл гранттар бойынша конкурс қыркүйек айында өтуі ықтимал.
ӘКІМДІК ГРАНТЫН АЛУ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР ҚАЖЕТ?
Әкімдік тарапынан қарастырылатын білім гранттарына қатысу үшін талапкерлер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы өтініш беру қажет. Қажет құжаттар:
ЖОО-ның қабылдау комиссиясына білімі туралы құжат; ҰБТ сертификаты; жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болған жағдайда). Ал, құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА МАМАННЫҢ КӨМЕГІ ҚАЖЕТ ПЕ?
Ресми емес дереккөздердегі статистикаға сүйенсек, дипломындағы мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндердің саны елімізде 70 пайызға жеткен. Сол себепті мамандар балаға мамандық таңдау бағытында қателеспеу үшін, 6-сынып бітіргеннен кейін егер бір салаға бейім болса, арнайы мектептерде оқыту керек дейді. Ал, мұндай ақылы мектептердің қаражатын кез келгеннің қалтасы да көтере бермесі анық. Ең алдымен, профориентолог дегеніміз кім? Бүгінгі қоғамда не себепті осы мамандардың жұмысына сұраныс артып жатыр. Әсіресе, жеке кеңес алуға ақылы жазылатындар қатары көбейген. Профориентолог - мамандық таңдауға немесе мамандығын ауыстырғысы келетіндерге көмектесетін кәсіби маман, кәсіптік бағдар беруші. Ол баланың қабілетіне, психологиялық портретіне, темпераментіне сай келетін мамандықты табуына көмектеседі. Мұндай мамандар арнайы консультация, тест өткізу және бір баламен бірнеше рет жұмыс істеу арқылы бағдар бере алады. Бір сөзбен айтқанда, профориентолог бала өмірінде маңызды таңдау – мамандық таңдауда жаңылыспайтындай, жақсы дамыған қабілетін дұрыс анықтауға көмектеседі.
Жалпы мектеп қабырғасынан кәсіптік бағыт- бағдар беру бойынша елімізде 2022 жылдан беру арнайы маманға штат ашылып, сұраныс енгізілген. Махамбет ауданы бойынша 2023 жылдан бастап, 15 мектеп осы штатпен мамандар алып отыр. Солардың бірі Алға орта мектебінің кәсіби бағыт-бағдар беру бойынша маманы Лайла Қадырова:
– Осы салада 2023 жылдан бері еңбек етіп келемін. Негізгі мамандығым – информатика пәнінің мұғалімі. Осы штатқа конкурспен қабылданып, екі апталық даярлық курсынан өттім. Бүгінде кәсіби бағыт-бағдар беру сағаттарын бастауыштан бастап, жоғарғы сыныптар арасында жиі өткіземіз. Түрлі сауалнамалар, жиындар ұйымдастырамыз. Әсіресе, ата-аналардың қызығушылығы оянсын, сұрақтарын қойсын деп ата-ана жиналысына да қатысамыз. Биылғы жылғы түлектер арасынан төрт ата-ана ғана менен кеңес алуға келді», - дейді кәсіби бағыт-бағдар беруші. Түлектер ҰБТ-ны тапсырғаннан кейін жеке профорентиологтардың жеке қабылдауына жазылғандар саны арта түскен. Алайда, олардың арасында да онлайн курс оқып алып, кеңесші болып жүргендері де жетерлік. Ақысын төлесеңіз, жай ғана сауалнама толтырып қана қоймай, балаңыздың мінез-құлқын, таңдаудағы мамандығын зерттеп, қай жоғары оқу орнына грантқа түсу мүмкіндігі басымдырақ екеніне дейін айтып береді. Тіпті, ол оқудан соң қандай салаға, қандай мекемеге жұмысқа бара алатынын да жік- жігімен жіліктеп қояды. Осы үшін де ата-аналар ҰБТ-ның қорытындысымен баланың болашақ мамандығын зерттеуді профорентиолгқа тапсыруда. Олардың бір реттік кеңес беру құны орта есеппен 20 мың теңгеден жоғары. Мектептегі мамандарға жүгінбейтін, тіпті ондай мамандардың барын да білмейтін ата-аналар бар. Осы ретте мемлекеттен арнайы қаржы бөлініп ашылған штат мамандарының біліктілігін арттыру мәселесі әлі де қарастырылса дейміз.Еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарының бағдарламасында осы пән арнайы енгізілсе деген ұсыныстар да бар.
Біздегі үрдіс бойынша бастауыштың баласына мамандық таңдау түгілі, мектеп бітірген түлектердің өзі қай салаға барарын білмей дүбәра болып жүреді. Мамандар тек мектепті аяқтар кезеңде мамандық таңдауға мән беру – үлкен қателік деп санайды. Шетелдің тәжірибесіне сүйенсек, Финляндияда бала 9-сынып бітіріп, әлі де өзінің қай салаға барғысы келетінін білмесе, мектеп тағы бір жыл уақыт береді. Сол уақыт аралығында баламен кәсіби кеңесшілер жұмыс істейді. Сонымен қатар 7-сыныптан бастап кәсіби бағдар курстары өтеді. Курс негізінде әр оқушы міндетті түрде 1-3 апта өзі қалаған салада жұмыс істеп көреді. Ал Жапонияда оқушылардың мамандық таңдауында үш фактордың маңызы зор: өзіңді зерттеу, мамандықты зерттеу және кәсіби сынақ. Әр жылда 7-9 сынып оқушылары 16 салада бақ сынайды. Осылайша, үш жыл ішінде әр бала 48 саланы ішінара зерттейді. Нәтижесінде, оқушы алған тәжірибесін анықтайтын тест тапсырады. Сондай-ақ оларды бақылаған мұғалімдері де баға береді. Екі бағалау тестінің нәтижесі салыстырылып, баланың жеке бағалау индексі көрсетіледі. Осы индекске сәйкес әрі қарай оқу бағдарламасы ұсынылады. Кейбір елдерде оқушының гуманитарлық бағытқа бейім екені анықталса, жоғарғы сыныптарда жаратылыстану пәндерінен босатылып, өз саласында жетілуіне себі тиетін 4-5 пәнді ғана оқытады екен. Білім гранттарының бәйгесіндегі жеңімпаздар тізімі шыққан соң ақылы түрде оқуға тапсыратын түлектер саны да анықталады. Осы ретте балаңыз өзі таңдаған саланың майталманы болуы үшін профориентологтың кеңесіне мектеп кезінен жүгінген дұрыс дейді мамандар.
А.САТАЕВА