Айнұр - Назарбаев университетінің студенті

Финляндияның қос университетінен шақырту алса да, туған елінде қалуды жөн деп тапқан мектеп түлегімен сұхбат.

Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің үш оқушысы Халықаралық академиялық бағалау емтиханының (SAT) қорытындысымен Назарбаев университетінің грантына ие болды. Олардың арасында жерлесіміз, махамбеттік Айнұр Хамитова да бар. Үш оқушы да еліміздегі жетекші университеттің инженерия және цифрлық ғылымдар факультетінде тегін білім алмақ. Айнұрдан оқуға түскендегі әсерімен және зияткерлік мектептегі білім беру ерекшелігін білмек мақсатта байланысып, сұхбаттасқан болатынбыз. Айнұр Назарбекқызы Хамитова Махамбет ауданы Ортақшыл ауылының тумасы. Қосарал орта мектебінде үш жыл оқып, кейін білімін 7-ші сыныпқа дейін Оңай Шонаев атындағы орта мектебінде жалғастырған Айнұр бағы жанып, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға қабылданады.

- Назарбаев университетіне оқуға түсуіңмен құттықтаймын! Сәл шегініс жасап, әңгімені Назарбаев зияткерлік мектебіне түскен шақтан бастасақ.

- Көп рахмет! Назарбаев зияткерлік мектебі туралы 6-шы сыныпта интернет желісінен хабардар болдым. Содан соң емтихан туралы ақпарат іздеп, өз бетіммен дайындала бастадым. Ол кездегі емтихан форматы өзгеше еді. Бір айдай дайындалып, емтиханды Атырауда тапсырдым. Алайда, мектепке түскеніммен, қазақ сыныбында 40 орын болғандықтан, алғашында резервтік тізімде 3-ші болып тұрдым. Кейін жетінші сыныптың басында шамамен 3-ші қыркүйек болуы тиіс, Назарбаев зияткерлік мектебіне (НЗМ) шақырту алдым.

- НЗМ-де оқу қалай болды? Қиындығы болған шығар? Жеткен жетістіктеріңмен бөліссең?!

- НЗМ-да өткізген 6 жыл өте жарқын сәттерге толы болды. Алғашында жаңа ортаға, жаңа бағдарламаға үйрену қиын болды. Күніне 10 сағатты мектеп қабырғасында өткізу әрине, өте ауыр. Сонымен қатар ағылшын тілінде шетелдік мұғалімдерден сабақ алу да біраз қиындықтар тудырды. Әйтсе де, бара-бара сол ортаға сіңісіп кеткесін мектеп берген, бар жағдайды қолдана отырып көп нәрсеге қол жеткіздім. Атап айтсам 2017 жылы «Туған елге тағзым» бағдарламасы арқылы Алматы облысына саяхат жасасам, сол жылы Мәскеуде өткен орыс тілінен халықаралық олимпиадаға қатыстым. Ал 2019 жылы «Бүкіләлемдік робототехника Олимпиадасының» аймақтық кезеңінен 1-ші орын алып, республикалық кезеңіне апарар жолдамаға ие болдым.

k

- Ал енді Назарбаев университетіне түскен мезгілдегі өз әсеріңмен бөліссең?

- Назарбаев Универститетіне мен ерте қабылдау (Early Admission) кезеңі арқылы түстім. Яғни біріншіден, Халықаралық IELTS, SAT секілді ағылшын тіліндегі емтихандарды тапсырдым. Бұл емтихандарға дайындықты 11-ші сыныпта бастап, 11-12-ші сыныптарда тапсырып, жоғары балдарға қол жеткізе алдым. Аталмыш емтихандардан өзге, «Recommendation letter», «Personal statement» секілді эсселерді жетілдірумен айналыстым. Осылайша, ақпанда қажетті құжаттарды тапсырып, наурыз айында университеттен шақырту алдым. Қазір мен Назарбаев университетінің инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің компьютерлік ғылымдар факультетінің студентімін.

- Халықаралық емтихандар арқылы тапсырады ғой, иә?!

- Иә, 3 түрлі емтихан тапсырдым. IELTS - ағылшын тілінен емтихан (7.5/9.0); SAT Subject-физика (720/800) және Математика 2 (760/800); SAT Reasoning (1340/1600) with Essay (6|4|6 / 8|8|8 ). Айта кетерлік жағдай, бұл ем¬тихандар негізінен ақылы түрде тап-сырылады. Сол себепті, дұрыстап дайындалған жөн.

- Шетел университеттерінен шақыртулар болды ма?

- Финляндиядағы Aalto University- дегі 3 мамандық және Tampere University-дегі 1 мамандыққа (барлығы технологияның айналасында) бакалавр+магистратураға тапсырдым. Екі университеттің екеуінен де шақырту алдым. Оның ішінде Tampere University 50% жеңілдік берді. Бірақ мен өз елімде қалуды жөн деп таптым.

k

- Карантин кезіндегі қашықтан оқыту жүйесі әсер етті ме?!

- Жоқ, аса қатты кедергісін келтірмеді десем де болады. Осы уақытта 12-ші сыныпта тапсыратын сыртқы жиынтық бағалау емтиханына дайындалдым. Бірақ Кембридж университеті мен НЗМ Автономды ұйымы шешімі бойынша емтихандардың орнына компьютерлерді қолданып, бағаларымыз есептелініп шығарылды. Сонымен қатар SAT емтихандарынан жоғары тапсырған оқушыларға ҰБТ-дан 140 балл қойылды.

- Інің де Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды екен?!

- Иә, інім Дамир қазір 9-шы сыныпты бітіріп, 10-шы сыныпта тапсыратын сыртқы жиынтық бағалау емтиханына дайындалуда. Ол да мен сияқты О.Шонаев атындағы орта мектепте оқыды. Кейін дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа түсіп, сол жақта оқуын жалғастырып, жетінші сыныпта НЗМ-ға қабылданды.

- Махамбет ауданынан Назарбаев мектебінде оқитындар аз дейді?! Рас па? Оған не себеп деп ойлайсың?!

- Салыстырмалы түрде аз. Бұған бірнеше себеп бар деп ойлаймын. Бірақ ең бастысы - ақпараттың жетіспеушілігі. Мысалы, кейбіреулер Назарбаев зияткерлік мектебінде тек «байдың балалары» оқиды дегенге сеніп қашқақтаса, кейбір оқушылар мектеп беретін мүмкіндіктер туралы ешнәрсе білмейді. Өз кезегінде бұл НЗМ-ға тапсыратын және түсетін кандидаттардың аздығына әкеледі.

khamitova3073

- Өз жоспарыңмен бөліссең?!

- Ендігі төрт жылымды мен Назарбаев универститетінің студенті ретінде өткіземін. Одан соң 2 жылдық магистратураны шетелде бітіру ойда бар. Оқуымды бітіргесін «Жасанды интеллект» саласын дамытуға бағытталған зерттеулермен айналысамын деген үміттемін. Осы сәтті пайдалана отырып, алтын ұядағы ұстаздарыма, кураторым Ақмарал Мұқанқызына алғыс білдіргім келеді. Беделді оқу орнына түсуіме, толыққанды білім алуыма жәрдемін берген жандардың баршасына рахметімді айтамын.

- Армандарың орындалсын!

- Рахмет.

P.S. Ұлы Абай атамыз өзінің он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық»,- деген еді. Ғұмырлық мәні бар бұл сөздің құны өз мәртебесін жоғалтқан емес. Жоғарыдағы сұхбатты ауыл балаларының ынтасын оятпақ мақсатта яғни осыдан кейін бәлкім ата-аналар да, оқушылар да ойланар, заманауи мектепте жаңаша білімге ұмтылар деген сеніммен ұсынып отырмыз. Ал болашағынан зор үміт күттірер Айнұрға ақ жол, өмірде үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспіз!

Сұхбаттасқан: Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT