«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ПАРТИЯЛЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ОТБАСЫЛАРДАН ШЫҚҚАН МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ, БАРЛЫҚ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫН БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА ТЕГІН ТАМАҚПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТУРАЛЫ ҚАУЛЫҒА СӘЙКЕС АУДАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗДІ.
Д.ТӨЛЕНОВ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ОРТА МЕКТЕП ПЕН Е.АҒЕЛЕУОВ АТЫНДАҒЫ МАХАМБЕТ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ АСХАНАЛАРЫН АРАЛАУ БАРЫСЫНДА АЙТАРЛЫҚТАЙ ОЛҚЫЛЫҚТАР ТАБЫЛҒАН ЖОҚ.
Күні бүгінге ауданға қарасты 15 жалпы орта білім беру ұйымдары бойынша 1-11 сынып аралығында 5514 бала бар, оның ішінде 1 - 4 сынып аралығында 1948 бала толық ыстық тамақпен қамтылған. Ал, 5-11 сынып аралығында жалпы білім алушы 3566 баланың әлеуметтік санаты бойынша 1063-і ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Білім алушыларға ыстық тамақтың ұйымдастырылуына оқу жылында мониторинг жүргізу мақсатында мектептердегі бракераждық комиссия мүшелерінің, аудандық мәслихат депутаттарының, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың қатысуымен мониторингтік топтар құрылып, мектептердің ас блоктарына жоспарлы және де жоспардан тыс зерделеу жұмыстары жүргізіліп отырады.
Барлық білім беру ұйымдары бойынша кәсіпкерлермен қызмет көрсету үшін келісімшарт жасақталған. Асханада аспаз, нан тағамдарын пісіруші, аспаздың көмекшісі, ыдыс-аяқ жуатын қызметкер жұмыс жасайды. Аспаздардың біліктілігі талапқа сәйкес. Асхана қызметкерлері медициналық бақылаудан өткен, санитарлық кітапшалары бар. Асханаларда азды- кемді кемшілктер мен ескертулер берілсе де, өрескел қателіктер болған жоқ,-дейді партиялық комиссия төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Э.Еспусинова.
Бұған дейін де газетімізде мектеп асханаларын, балалардың тамақтануын қадағалайтын арнайы бракераждық комиссия құрылғанын жазған едік. Барлық мектептерде бар мұндай комиссияның жұмыс жоспары, тиісті құжаттамалар, акт, хабарламалар, хат алмасулар журналдары жасақталып, уақытылы жоспарға сай жұмыс атқарылып отыр.
Мектеп асханаларында бейнекамера құрылғылары орнатылған және жеке кәсіпкерлер тарапынан асхана құралдарымен толықтай қамтылған. Ыдыс-аяқтан бастап, шикі көкөністер, шикі ет, піскен етке дейін дайын өнім үшін таңбаланған. Санитарлық- гигиеналық талаптарға тоқталсақ, тамақ өнімдерін сақтауға арналған қоймалар, асхана қызметкерлеріне, киім шешуге арналған бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Әртүрлі тағам өнімдерін сақтауға арналған тоңазытқыштар мен мұздатқыштар жеткілікті. Тағамдардың сертификаттары мен ыстық тамақтың дайындалу технологиясы қаралды, тоңазытқыштағы, қоймадағы азық-түліктің сақталу жарамдылығын да комиссия мүшелері жіті қарап шықты. Қоймадағы қант, ұн тағамдары, жарма түрлерінің арнайы контейнерлерге салынып, сыртында көрсетілген атауларына да мән берілді.
Білім беру ұйымдарындағы ыстық тамақ мәселесінде еліміздің біраз аймақтарында ата-аналар тарапынан наразылық білдірген фактілер әлеуметтік желіде ашық көрсетіліп жүр. Сол себепті, бүгінде ресми сайттарда ыстық тамақ айдарына ақпараттық мәліметтер орналастырылған. Өңір бойынша мектептерде Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысымен бекітілген перспективалық ас мәзірі пайдаланылады.
Ал, ыстық тамақпен қамтылмайтын білім алушыларға буфеттік тамақтандыру ұйымдастырылады және буфет өнімдерінің ассортименттік тізбесінде арнайы мәзір мектеп директорының қолымен және мөрімен бекітілген. Ауданымыздың мектептерінде ауыз су мәселесі де оң шешімін тапқан. Барлық білім беру ұйымдарында «Ақ бұлақ» су жүйесі орталығынан құдыққа ауыз су құйылып, құдықтан насос арқылы сумен қамтамасыз етіліп отыр.
Жалпы асханаларда білім алушыларды тамақтандыру үшін кезекшілік кестесі құрылып, тамақтандыру белгіленген кестеге сәйкес жүргізіледі. Ал биылғы жылдан бастап аудан мектептерінде «Алақан мектеп» жүйесі орнатылып, ата-аналар баланың тамақтанғанын хабарлама арқылы біліп отырады.
Адамды алақан ізі арқылы анықтайтын Alaqan жүйесі еліміздегі 300 мектепке орнатылған. Ал жыл басында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жүйені 6 мемлекетке экспорттау жоспарланып отырғанын айтты. «Осы жылдың бірінші жартысында 6 елге: Сауд Арабиясы, Сингапур, Кувейт және басқа да мемлекеттерге экспортқа шығару жоспарлануда», - деді О.Бектенов.
«Алақан» сканері арқылы балалар асханаға барғанын және тамақ ішкенін біліп отыруға болады. Сонымен қатар, «Алақан» жүйесінде баланың мектепке келген уақыты да көрсетіледі. Бұл деректер де қосымша арқылы ата- аналарға беріледі. Оның көмегімен тіпті, балалардың кітапханаға барғаны да тіркеліп отырады. Яғни, сканер баланың мектепке келуін, асхана мен кітапханаға барғанын жазып отырады. Қазіргі таңда ауданға қарасты 15 мектептің барлығы осы платформамен жыл басынан бері жұмыс жасап жатыр.
Аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, мектептердегі асханаларды жаңғырту жұмыстары 2021 жылы О.Шонаев, Қ.Ахмедияров, Есбол, Е.Ағелеуов, Қ.Қалыбеков, 2022 жылы, Ақтоғай, Қосарал, Талдыкөл, 2023 жылы А.Байтұрсынұлы, Қ.Қарашаұлы мектептерінде атқарылған. 2025 жылы Еңбекшіл негізгі мектебінің асханасына жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
2024-2025 оқу жылында аудан бойынша 15 мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз ететін ас блоктарын жалға алушы 8 жеке кәсіпкер жұмыс жасайды. Оның ішінде екеуі 2-ден көп ас блоктарында жеңімпаз болып анықталған. Атап айтқанда жеке кәсіпкер «Зерде» - Есбол орта мектебіне, ЖК «Жаңагүл» - Алға орта мектебіне, Қызылүй орта мектебіне, ЖК «Гульнар» – Еңбекшіл негізгі мектебіне, Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебіне, Ақтоғай орта мектебіне, ЖК «Исмағанбетов» - Талдыкөл орта мектебіне, ЖК «Марат» - Қосарал орта мектебіне, Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебіне, ЖК«Мамбетов А.Е.» - Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебіне, ЖК «Борашов А.» - Жалғансай орта мектебіне, ЖК «Нұрғалиева Хасиет» - А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебіне, Д.Төленов атындағы жалпы білім беретін орта мектебіне, О.Шонаев атындағы орта мектебіне, Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебіне өз қызметін көрсетіп отыр.
«Ас – адамның арқауы» демекші, өскелең ұрпақтың физикалық және психикалық денсаулығын қамтамасыз ететін факторлардың бірі ретінде мектептегі ыссы тамақтың тойымды, таза, адал болуы маңызды. Сонда ата- ананың да көңілі тоқ болары сөзсіз. Мемлекет ол үшін барлық мүмкіндікті қарастырып отыр. Ал, арнайы мамандар Үкімет тапсырмасының орындалысын үнемі бақылауда. Ай сайын тексеру ұйымдастырып отыратын партиялық комиссия өткен жылғымен салыстырғанда биыл кемшіліктер азайғанын жасырмады. Ескерту алғандар содан қорытынды шығарып, уақытында түзету енгізіп жатыр.
А.САТАЕВА