Алаяқтық - өзгенің мүлкін жымқыру немесе алдау жолымен не сенімді теріс пайдаланып, оған құқықты иелену. Алаяқтық түрі көп. Мәселен, қаржылық пирамида, алдап-арбау, жымқыру, т.б. Алаяқтық әртүрлі жымысқы әрекеттерден тұрады.
Фишинг те интернет алаяқ- тықтың бір түрі. Бұл интернет пайдаланушылардың жеке мәліметтерін жасырын алу. Қаскүнемдер алдымен танымал брендтердің, банктердің атынан жаппай электронды хаттар таратады. Бір айта кететін жайт – электронды мекен-жайға сіз білмейтін жерлерден келген хаттарды ашып, ашқанмен ол жерде көрсетілген сілтемелерге кірудің қажеті жоқ. Ондайларлы лезде жойып отыру керек. ҚР Кодексінің 190 баптың 1 бөлігімен алаяқтық қылмыс жасаса, ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтар адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, өз қызмет бабын теріс пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыларды алдау, сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2 бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4 бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтық ірі мөлшерде, яғни 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берген адам не оған теңестірілген адам не лауазымды адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануға ұштасса, екі не одан көп адамға қатысты жасалса немесе алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда ҚР- ның 190 баптың 3 бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қылмыстық топ жасаған, не аса ірі мөлшерде яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшерінен асатын алаяқтық жасалса, ол үшін сол баптың 4 бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу қолданылады.
ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫ
Бүгінде ең көп таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Алаяқтар арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес. Оның торына кез келген адам түсуі мүмкін. Әдетте алаяқтар әлеуметтік желіге жалған интернет хабарламалар орналастырады. Не аккаунтпен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрі – интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету. Өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену, бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар да бар. Интернеттің бар мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адам, ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алады. Сондай алданып қалған адамдардың арыздарының көбін тексерген кезде тергеу органдарына қылмыскерлерді анықтау қиынға соғатын көрінеді. Олар тек біздің елде ғана емес, басқа шет мемлекеттен шыққан алаяқтар екенін анықтаған.
Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе, сұранысқа ие инстаграм, фейсбук, ватсап әлеуметтік желісі арқылы мұндай қылмыстар жиі жасалып жатады. Рас, инстаграм, фейсбук желілерінен кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын. Киімдер, автобөлшектер, күнделікті тұрмыстық заттарды сатып, талайдың ақшасын қалтасына басқан қылмыскерлер тұтынушылар сеніміне қалай кіру керектігін ғана емес, онлайн сауданың қыр-сырын да мықты меңгеріп алған. Одан басқа азаматтардың құжаттар көшірмесін пайдаланып, интернет алаяқ құрбандар атынан онлайн- несие рәсімдеп, жәбірленушілер қарызға батып, ешқандай дәлелдеме ұсына алмаған соң несиені өздері төлеп шыққан фактілер де аз емес. Тергеу барысында несие рәсімделген құжаттарды иелерінің бір кездері жоғалтып алғанын, не телефон арқылы «мен адвокатпын, сізге несие мәселелерін шешіп беруге көмек етемін» деген бір ауыз сөзге сеніп, сөздерін растайтын ешқандай құжаттарын тексерместен ол адамды көзімен көрмесе де онымен келісімшарт жасамаса да жеке куәлігін Whats App желісі арқылы жіберіп, артынан қапы қалғандар да бар. Банк қызметкері ретінде өзін таныстырып, азаматтың шотында сақталып тұрған қаражатын алдап алу мақсатында телефон арқылы әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде құрбандарына шоттың, кодтың сандарын айтқызып, ақшаны өзіне аударып алатын алаяқтар да жиі кездесетін болды. Бұдан басқа кейбір интернет бағдарламаларды смартфон не компьютерге құйып алған жағдайда олардың қаншалықты қауіпсіз екендігін білген жөн. Кейбір, алаяқтардың мысалы, AnyDesk бағдарламасы арқылы кез келген адамның банк шоттарына оп-оңай кіріп, әртүрлі операциялар жасау арқылы азаматтардың шоттарындағы қаражатты шешіп алып жататыны анықталып жатыр.
Гүлжан есімді оқырманымыз «Қытай елінен ыдыс-аяқ әкеліп сатамын» деген хабарландыруды оқып, сауда жасамақ болып, жинап жүрген бар ақшасын сөйлескен жігіттің есепшотына аударып жібергенін айтады. Ақ түсті фарфор ыдыстарды көргенде қатты қызығып, сондай ыдыстарды сатсам деп армандағаны сонша бар ақшасын алаяқтың қолына ұстата салған. Кейін ыдыс та жоқ, ақша да жоқ, қала береді. Тіпті ол жігітті таппай қалады. Ізін суытып, ол жігіт телефон номерлерін жиі өзгерте берген. Ішкі істер, прокуратура, тергеу органдарына шағымданғанымен, оны таба алмапты.
Тағы бір оқырманымыз келіні «киім-кешек сатамын» деп сайттарға тіркеліп, танымайтын адамның есепшотына ақша аударғанын айтып отыр. Жарты затын алған соң ол адам да ізін суытқан. Ең ақыры полицияның көмегімен алаяқтың үйін басқа қаладан тауып, сот арқылы шығынын өндіртіп алған. Алайда, көп жағдайда өзге қалаларда, тіпті шет елде отырған алаяқтарды полиция арқылы да табу оңайға соқпайтыны сөзсіз.
Қарттар мен зейнеткерлер ғана емес, оқыған көзі ашық адамдар да алданып жатады. Тіптен ақша, тауар емес, баспанасынан айырылып қалған жандар да бар. Осыған ұқсас жағдай ауданымызда да орын алған еді.
ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?
Интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары дербес деректерді, пластик карталар мәліметтерін, кодтарды, құпия сөздерді ешкімге хабарламау. Белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеу, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмау, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпау, кез келген сілтеме бойынша өтпеу, спам хабарламаларға сенбеу керек. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғап жүре алады деп ойлаймыз.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА