Мұқтажға мейірім көрсетіп, қысылғанға қайырымдылық таныту – қанымызда бар қасиет. Біз аудандық пробация қызметінің инспекторлары пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмектер беріп, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал етумен қатар аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық шараларын да көрсетіп келеміз.
Пробация қызметінің есебінде 20 азамат тіркелген болса, жыл басынан бері 7 адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, 9 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 2 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Өткен аптада Отбасын қолдау орталығының директоры Р.Темірлановпен бірлесіп, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен есепте тұрған аз қамтылған отбасыға азық- түлік пен киім-кешек түрінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
«Қайырымдылық жасасаң – қайырын көресің» деген атам қазақ. Қоғамға үлгі болар осындай игі іс арқылы Отбасын қолдау орталығы мен пробация қызметі мамандары халық арасындағы өзара сенімді нығайта түсуде. Әрбір қайырымдылық әрекеті – қоғамға деген құрмет пен қамқорлықтың айқын белгісі.
А.КАБДЫКАЙРОВА,
аудандық пробация қызметінің
инспекторы, әділет капитаны


