Аудандық әкімдікте аудан әкімі Р.Жанқылыштың қатысуымен мәслихаттың тұрақты комиссиясының біріккен отырысы өтті.
Онда екі мәселе қаралды. Біріншісі, «Аудан көлемінде денсаулық саласында атқарылып жатқан жұмыстар, медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі туралы» қаулысының орындалысы болса, екіншісі, тұтынушыларға электр энергиясымен сапалы қызмет көрсету мәселесі.
КРЕДИТОРЛЫҚ БЕРЕШЕК ТОЛЫҒЫМЕН ЖАБЫЛДЫ
Бірінші мәселе бойынша аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Б.Төлеген хабар-лама жасады. - 2020 жылы бюджет бойынша 630 858 476,89 теңге жоспарланған болса, 927 001 580,21 теңгеге, ал 2021 жылы жоспарланған 927 975 582,48 теңге, 1 466 009 701,57 теңгеге артығымен орындалды. Кредиторлық бе¬решек 2020 жылдың аяғында 54 608 458,90 теңге болса, 2021 жылдың 30 маусымында 47 011 298,76 теңгеге азайып, осы жылдың 29 желтоқсанында толығымен жабылды. 2021 жылы әрбір қызметкер 35 000 теңге көлемінде жалпы сомасы 9 590 000 теңге сыйақымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар қаржы көздерінде үнемділік болғандықтан аудандық аурухананың 284 қызметкеріне 28 727 937 теңге көлемінде сауықтыру жәрдемақысы берілді. Дәрігерлердің біліктілігін көтеру жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Көз дәрігері, құлақ-мұрын дәрігерлері негізгі өз қызметтерімен қосымша облыстан аудандық ауруханаға келіп, қызмет атқаруда. Олармен жеке шарт жасақталды. 2020 жылы 3 жас маман, атап айтар болсақ хирург, терапевт және жалпы тәжірибелік дәрігер, 2021 жылы 2 жалпы тәжірибелік дәрігер және 1 тері ауруларын емдейтін дерматовенеролог дәрігер тұрақты жұмысқа қабылданды.
Алдағы уақытта аудандық ауруханаға тұрақты жұмысқа анестезиолог-реаниматолог, құлақ- мұрын, көз дәрігері сонымен қатар жалпы тәжірибелік 5 дәрігер қажет. Аудандық аурухананың теңгерімінде 9 тұрғын үй бар. Барлығында аудандық аурухананың дәрігерлері мен жаңадан жұмысқа орналасқан жас маман дәрігерлер тұрады. Алдағы уақытта аудандық ауруханаға анестезиолог-реанимотолог дәрігері шақыртылып, 2022 жылдың ақпан айында келеді деп күтіліп отыр. Өкінішке орай, бұл дәрігерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Талдыкөл ауылынан 2024-2025 жылдарға дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. Есмахан елді мекенінен медициналық пункті бар, бірақ қазіргі уақытта жарамсыз күйде. Алдағы уақытта бұл елді мекеннен медициналық пункт салу жоспарда жоқ. Сарайшық, Сарытоғай дәрігерлік емханалары жедел жәрдем көлігімен қамтылған, осы жылы жедел жәрдем көліктері күрделі жөндеуден өтті.
Аудандық аурухана реанимобиль көлігімен қамтамасыз етілген. Аудандық аурухананың және ауылдық дәрігерлік емхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып келеді. Мамандар 15 дана компьютер, принтерлерімен қамтамасыз етілді. Аудандық аурухананың электрогенераторы күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі уақытта жұмыс жасап тұр. Ауылдық дәрігерлік емханаларға қосымша екі дана жаңадан электрогенератор алынды. Қажет болған жағдайда іске қосуға дайын. Аудандық ауруханаға қатысты ауылдық емханалар барлығы тәуелсіз өз алдына жылу қазандықтары бар, қазіргі уақытта жұмыс жасап тұр.
2021 ЖЫЛЫ АНА ӨЛІМІ ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ
2020 жылы 2 ана өлімі болса, 2021 жылы ана өлімі болған жоқ. 2020 жылы 5 бала өлімі, 2021 жылы 3 бала өлімі болды. Оның 1-уі облыстық перинатальдық орталығында болса,1-і облыстық балалар ауруха¬насында, 1-і үй жағдайында. Ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыру ұдайы назарда. Ау-данда 3 акушер – гинеколог, 2 педи¬атр аналар мен балаларға медициналық көмек көрсетеді. Жанұяны жоспарлау бағытында тұрмыс жағдайлары төмен отбасы аналарына тегін контрацепция жасалып, көп балалы жанұялардың 1 жасқа дейінгі балаларына тегін сүт қоспалары беріліп келеді. 2020 жылы 1000 дана сүт қоспалары алынып, 1 830 000 теңге бөлінсе, 2021 жылға 2020 дана сүт қоспалары алынып, 3 381 920 теңге ақша бөлінді. 2020 жылдың 12 айлық көрсеткіші скринингтік тексерістің толық орындалысы 64% көрсетсе, 2021 жылдың 12 айлық көрсеткіші 90% -ды көрсетті.. Қалған 7% халықтың сақтандырылмағанына байланысты толықтай тексерістен өтуге мүмкіндік болмауда. Флю¬орография қорытындысы 2020 жылға жоспар бойынша 11 538 адам, орындалысы 8 922 адам, яғни 77,3% пайызды құраса, 2021 жылға жоспар бойынша 11 634 адам, оның орындалысы 11 099 адам яғни 95,4 пайызды құрап отыр. 2020 жылы 27 адам, 2021 жылы 15 адам тубер¬кулезге шалдыққан.
115 АДАМ PFIZER ЕКПЕСІН АЛДЫ
Ауылдық округ әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғындар арасында аурудың алдын алу бағытында, елімізде жүргізіліп жатқан халықты жаппай вакцинациялауды күшейту жұмыстарының арқасында күні бүгінге жоспарланған 12658 тұрғынның 10292-і коронавирусқа қарсы екпе алды, бұл жоспардың 81,3 пайызын құрайды. 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап ауданда коронавирусқа ревакцинация жасау басталып, күні бүгін жоспарланған 955 адамның 301 егілді, ол – 31,5%. Пфайзер вакцинасын 1741 адамға салу жос- парланып, олардың ішінен күні бүгін 70 бала емізетін аналар, 3 жүкті ана, 42 жасөспірім, барлығы 115-і екпе алды, бұл жоспардың 6,6 пайызын құрады. Биыл ауданда 766 адам корановирус инфекциясын жұқтырып, олардың 489-ы аудандық аурухананың КВИ бөлімшесінде, қалғандары облыстық ауруханаларда және үй жағдайларында емделді. Олардың ішінде коронавирусқа қарсы екпе алғандары – 8. Коронавирус инфекциясынан ауданда 30 адам қайтыс болды, олардың ішінде барлығы да коронавирусқа қарсы екпе алмағандар. Олардың ішінде 1 науқас аудандық аурухананың КВИ бөлімшесінде, 25 облыстық аурухана¬ларда, 4 үй жағдайында қайтыс болды, –деді бас дәрігер.
МЕДИЦИНА САЛАСЫНДА КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ БАР
Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихат депутаты Э.Еспусинова 2020 жылы 3 дәрігер, 2021 жылы 3 дәрігер маман тұрақты жұмысқа қабылданса да, кадр тапшылығы бар екенін айтты.
-Мамандардың қатарында қызмет атқарып жүрген зейнеткерлер де бар. Жергілікті емханаларды қосымша компьютерлік жабдықтармен, тұрақты су желісімен қамтамасыз ету мәселелерін шешуді қажет етеді. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстары жөнінде тұрғындар арасында түсінік жұмыстары жеткілікті дәрежеде жүргізілмейтіндігі байқалады. Оның дәлелі, көпшілік тұрғындар, әсіресе, жұмыссыз азаматтар емханаға барған кезде осы мәселемен кездесіп қалады. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын әлі де жетілдіру қажеттігі туындайды, – деді ол.
Бас дәрігердің хабарламасы және хабарламашыға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға орай аудандық мәслихаттың «Ішкі саясат және әлеуметтік мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясы қаулы етті. Қаулы негізінде COVID-19 пандемиясына қарсы вакцинациялау жұмысының жеткіліксіздігі атап көрсетілді және екпе жүргізуде жақсы жұмыс жасап отырған аудандарға барып, іс-тәжірибесімен танысып, ауданда вакцинациялау жұмысын жолға қою ұсынылды. Таңдай ауылындағы 2014 жылдан бері иесіз деп тұрған ескі аурухана ғимаратын теңгерімнен шығарып, орнын бұзып, тазалау қажеттігі айтылды. Бұған қоса ана мен бала денсаулығын қадағалау шараларын кешенді және жүйелі жүргізу, қажетті мамандармен толық қамтамасыз етіп, жедел көмек көрсетуде аудан орталығынан ота жасауды қолға алу да кезек күттірмейтін мәселенің бірі.
Талдыкөл ауылынан фельдшерлік акушерлік пункт салу, емханаларды қажетті құрал- жабдықтармен қамтамасыз етіп, цифрландыру жұмысын жеделдету, қаржылық сауықтыру жұмыстарын ретке келтіріп, медициналық қызметкерлердің әлеуметтік ынталандыру жағдайының (сыйақы, материалдық көмек, сауықтыру) тұрақты жүргізу, ауылдық округтердегі емханалардағы қызметкерлердің тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуін қадағалау, ауруханадағы наркология бөліміне алкотест және наркотест жұмысын жолға қою ұсынылды. Сондай-ақ ауылдық округ әкімдерімен берлесіп, жүкті әйелдер мен 12- 18 жас аралығындағы жастарға (Сomirnaty) Pfaizer екпесін салдыру және қайта вакци¬нациялау жұмыстарын жеделдету, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізу, ауылдық округтердегі ем-шара бөлмелерінің сенбі күні жұмыс жасау мүмкіндіктерін қарау тапсырмалары берілді.
ТРАНСФОРМАТОРЛАРДЫ КҮТІП ҰСТАУ МАҢЫЗДЫ
Күн тәртібіндегі екінші мәселе жөнінде мәлімдеген «Атырау-Жарық» АҚ аудандық филиалының басшысы Ғ.Қанатов:
-«АтырауЭнергосату» ЖШС-нің Махамбет аудандық бөлімшесі бойынша 1 желтоқсан 2021 жылға 6190 жеке тұлғалармен және 464 заңды тұлғамен келісімшарт жасалған. Тұтынушылармен 1 жетекші инженер,1 инженер, 1 аға бақылаушы, 18 бақылаушы, 2 инспектор, 2 оператор, 1 кассир жұмыс жасайды. Жұмыс кестесі бойынша әрбір айдың 10 жұлдызына дейін түбіртек таратылады. Түбіртек алынғаннан кейін 5 күн аралығында төленуге тиіс. Алайда айдың соңғы күніне дейін төлемейтін тұтынушылар бар. 2021 жылдың 11 айына 41 635 437 квтс жұмсалса, оның ішінде 21 272 374 квтс заңды тұлға, 20 363 063 квтс жеке тұлғалар, –деді.
«Атырау-Жарық» АҚ электр энергиясымен 6 қосалқы станциялары арқылы халыққа қызмет көрсетіп келеді. Ауданда барлығы 433 трансформатордың 132-сі осы мекеменің иелігінде. Аудандық мәслихат депутаты Қ.Қазиевтің айтуынша, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық , жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөліміне Махамбет және Ақжайық ауылдық округі теңгеріміндегі трансформа-торларды күтіп ұстау үшін 2021 жылға керекті қаражат есебі жолданса да күні бүгінге дейін техникалық қызмет көрсетуге қаржы қаралмаған. Сонымен қатар аталған бөлім арқылы 16 көшеге жаңадан жарық шамдары тартылып, іске қосылған. Электр энергиясының шығынын Ма-хамбет ауылдық округі әкімі аппараты төлеп отырғанымен, жаңадан қондырылған жарық шам-дары округ теңгеріміне берілмеген. Сол сияқты Бейбарыс ауылдық округіндегі «Первомайский БК» ЖШС-де орналасқан 4 дана трансформатор мен электр жүйелері «Жаңа индустрияландыру 2020 ж» бағдарламасы негізінде салынып, шаруашылыққа күтіп ұстауға белгіленгенімен, мекемелерге теңгерімге берілмеген. Күні бүгінге дейін заңдастырылмаған.
«РедутГазЖелілік» мекемесі Талдыкөл ауылындағы 1 трансформаторы мен электр желілерін өз иелігіне қайтарып алған жағдайда 67 тұрғын үй мен 4 кәсіпкерлік нысан электр жарығынсыз қалғалы отыр. Бұл мәселені аудан әкімінің орынбасары З.Мұқаш аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық , жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы А.Қуанғалиевпен бірге аталған мекемеге барып талқылаған. Алайда бұл мәселе әлі күнге шешімін таппаған. Ақтоғай ауылдық округіндегі жаңадан салынған мәдениет үйінің трансформаторының тиісті құжаттарының болмауына байланысты «Атырау-Жарық» АҚ аудандық филиалымен қызмет көрсету келісімшартына отыра алмай келеді.
Хабарламашының баяндамасы мен депутаттар анықтамасы, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарды негізге ала отырып, аудандық мәслихаттың «Заңдылықты сақтау, депутаттық этика, экономика және бюджет, қаржы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясы ауылдық округ әкімдері мен округтерде орналасқан бюджет мекемелерінен өз теңгеріміндегі трансформаторларға техникалық қызмет көрсетуге мемлекеттік сатып алу порталдары арқылы сұраныс беруді, округ әкімдеріне су тазарту қондырғысын сенімді басқаруға алып отырған кәсіпкерлерге трансформаторларды күтіп ұстауды қатаң бақылауға алуды, ауылдық окрутердің теңгеріміндегі көше жарығына қойылған трансформаторларды күтіп ұстау міндеттілігі қызмет көрсетуші кәсіпкермен келісімшартта көрсетуді ұсынды.
Б.СҮЙЕУОВА