Көшенің шаңын шығарып, таң атқаннан күн батқанға дейін асыр салып ойнап жүрген балалық шағымыз күні кешегідей көз алдымызда.
Азын-аулақ қой мен ешкісін өрістен күтіп алушылар да емен-жарқын әңгімесін айтып, біздерге де «Әй, балалар, әрі ойнаңдар!» деп ескертіп қояды. Бір қызығы, сол кездегі көршілеріміздің ой-түсінігі, қарым-қатынастары ерекше болып көрінетін. Ал қазіргі күні барлық үйдің ауласының қоршаулары да биіктеген, көшеге шығып отырушылар да байқалмайды. Бәрі өзгерген...
«АЛЫСТАҒЫ ТУЫСЫҢНАН ЖАҚЫНДАҒЫ КӨРШІҢ АРТЫҚ»
Қазағым көршісін Құдайындай сыйлаған. Сыйлай да береді. «Көрші хақысы – Тәңір ақысы», «Алыстағы туысыңнан жақындағы көршің артық» деп бекер айтпаған. Небір зұлмат кезеңдерде халқымыз мойымай бір түйір нанымен, бір уыс тарысын көршісімен бөле жеген. Қазақтың кеңдігі осында жатыр емес пе?! Ал бүгінгі көршілер бір-бірінің үйіне бас сұқпақ түгілі, амандасуға, хал-жағдай сұрасуға уақыт таба бермейді. Осылайша ата-дәстүріміз аяқасты болып, көпшіл болуды ұмытып барамыз. Бұдан жүрек қатаяды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет түсінігі жоғалады. Басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп, қоңсыны Жаратушының өзі белгілейтіндігіне сенген. Сондықтан да жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Мұның мағынасы «Құдайдың Өзі қосқан, үйімізді, малымызды, жанымызды жапсарлас әрі жақын еткен» дегенге саяды. Тәңірдің өзі таңдап қоңсы қылған соң ол жақсы болсын, жаман болсын, тату-тәтті тұрып, көршілік ақысын лайықты түрде өтеу керек деген наным қалыптасқан. Бұл нанымның негізі мұсылманшылықта жатыр. Өйткені көршімен жақсы мәміледе болу – шынайы мұсылмандық қасиет.
Құранда: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар». Міне, осы аятта айтылғандай әлемдерді Жаратушы Хақ Тағала өзінің құлдарын басқалармен бірге көршілерге де жақсылық жасауға бұйырады. Осылайша көршінің ақысы, көршіге қайырымдылық жасау – асыл дінімізде Құран аяттары мен хадис шәрифтермен нақты бекітілген бұлжымас қағида. Ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен жақсы болуға шақырады.
ӨЗІҢЕ НЕ ТІЛЕСЕҢ, КӨРШІҢЕ ДЕ СОНЫ ТІЛЕ
Құдайы қоңсысына ерекше құрмет көрсетіп, қадірлеген қазақ халқы қазір осындай сыйластықтан, салт-дәстүрден жаңылғандай. Қым-қуыт тірліктің ығына жығылып, көршіге мойын бұрудан қалғандаймыз. Әйтеуір баяғыдай емес, ыстық ықылас сейілгендей сезіледі. Бұл орайда «Шай сұраса, май қосып беретін, кең пейілді, дархан жүректі қазақтың бүгінде көршісімен қарым-қатынасы қалай?» деген сауал туындайды. Осы тұрғыда психолог Самал Тайманованың пікірін білген едік.
– Көршілер арасында бір-бірін жақсы түсінетін, ұнатпай, жек көретін де жандар кездеседі. Егер де өзгелер еш қиналмай сіз туралы оң пікір қалыптастырсын десеңіз, айналаңызға жылы жүзбен қараңыз, позитивті көзқараста болыңыз. Көршінің тарапынан қандай әрекет күтсеңіз, алдымен соны өзіңіз көрсете біліңіз. Көршімен күліп амандасып, көңілін көтеру үшін сыйлық та беріп тұрған абзал. Ол ең алдымен сүйіспеншілікті оя¬тып, көре алмаушылықты жояды. Өзіңізге не тілесеңіз, көршіңізге де жақсы нәрсе тілеңіз, сонымен қатар керек жерде қол ұшын беріп, көмегіңізді аямаңыз. Ол көршілер арасын жақындатып, өзара сыйластық, бауырмалдық тудырады. Тағы да айта кететін мәселе – сөзбен немесе іспен еш зиян келтірмеу және әрқашан кешіріммен қарау. Бұл да көршіңіздің сізге деген құрметінің артуына септігін тигізері анық, – дейді С.Тайманова.
ҚОҢСЫ АҚЫСЫН ЖІБЕРІП АЛМАҒАН АБЗАЛ
Халық арасында «Жақсы көрші тапқаның, мол олжаға батқаның» деген тәмсіл бар. Асыл дініміз исламда «көрші» туралы көп айтылған. Осы тұрғыда Махамбет аудандық «Исатай- Махамбет» мешітінің бас имамы Нұрбек Ибайдуллаев біраз мағлұмат берді.
– Қазақ – бәрінен бұрын сыйластыққа баса мән беретін текті халық. Хадиске көз жүгіртер болсақ, «Көрші ақысы» деген түсінік мұсылмандар үшін бірінші кезекте тұрады. Сол үшін де мұсылман бауырлар көршімен татулықта, өзара ынтымақтастықта өмір сүруді парыз санайды. Бабадан қалған даналық сөзді ескерер болсақ, халқымыз алда-жалда іс түскен уақытта да жәрдем етер әуелі Алла, содан соң көрші деп білген. Көрші ақысын беру жайлы Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі үлкен өнеге көрсеткен. Пайғамбарымыздың жолына қоқыс төгіп, тікен тастап жәбір көрсететін яһуди көршісі болған. Бір күні әлгі кісінің бұл әрекеті сейіліп қалады. Со-дан ардақты Пайғамбар (с.ғ.с.) ауырып қалған жоқ па екен деп, оның хал-жағдайын сұрап ба-рады. Сол сәтте өзінің күнделікті қиянат жасап, зәбір көрсетіп жүрген адамынан мұндай жақсы қарым-қатынасты күтпеген көршісі тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болады. Сондықтан, мұсылман баласы қоңсысы өзге дін өкілі болса, тіпті дінсіз жан болса да тату болуы тиіс. Көршіге жиі бас сұғып, қиыншылығы болса көмегіңді аямау, қарайласу – имандылықтың белгісі. Сол себепті қазақ жақсы көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Ислам дінінде көршіге залал, зиян келтіруге тыйым салған. Дүние қызықтарына алданып жүріп, қоңсы ақысын жіберіп алмауымыз керек. Алла Тағала баршамызға көршінің ақысын беріп, тату-тәтті өмір сүруді нәсіп етсін! - дейді мешіттің бас имамы Н.Махмутұлы.
Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне еш зиянын тигізбесін». Асыл дініміз көршіні үш түріге бөледі:
1) Үш ақысы бар көрші: оның туысқандық, мұсылмандық, көршілік ақысы бар;
2) Екі ақысы бар көрші: мұсылмандық, көршілік ақысы бар;
3) Бір ақысы бар көрші: туыстық және мұсылмандық қатынасы болмаған, тек көршілік ақысы болған көрші. Көріп отырғанымыздай, асыл дініміз көрші ақысына айрықша мән беріп, оның қуаныш-қайғысына ортақтасуды, қателіктеріне кешірімді болып, ішер асыңмен де бөлісуді уағыздайды. Ауызбірлікке, ынтымаққа құрылған қарапайым қалыптан танбай, қанға сіңген байырғы дәстүрлерімізден ажырамағанға не жетсін?! Көрші-қолаңды туысынан да жақын қабылдайтын текті халықтың ұрпағы екенімізді абзал іспен, ізгі амалмен дәлелдеуді естен шығармасақ игі. Көрші туралы ұғымның уақытпен бірге жаңғырып, өзгеріске ұшырағаны анық. Ал, сіз, көршіңізбен қалайсыз?
Қ.АЙТҚАЛИЕВ