Медицина саласының түйіткілдері таразыланды

Партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауына «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне Атырау облысынан ұсынылған кандидат Дүйсенбай Тұрғанов пен облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Айбек Габдуллин Махамбет ауданында болып, Ақтоғай ауылының тұрғындарымен, аудан дәрігерлерімен кездесті.

Ақтоғай ауылында еркін форматта өткен жиында Жайықтың жайы, сапалы жол мәселесі, медицина мамандарының жеткіліксіздігі сөз болды. «Қысқы уақытта мектепке баламызды апарып, алып келу қиындық туғызады. Себебі көше жарығы жоқтың қасы. Осының бір реті табылса» деген тілектерін айтты ақтоғайлықтар. Ақтоғай ауылында биылғы жылы дәрігерлік емхананы күрделі жөндеуден өткізгенімен дәрігердің жоқтығы шешімін таппай отырған мәселе күйінде қалып отыр. Өз кезегінде үміткерлер партияның сайлауалды бағдарламасында Ақтоғайға кірме жолдың салынуы, көше шамдарын орнату бойынша жұмыстардың енгізілгенін, алдағы 5 жылда жұмыстар жүргізілетіндігін айтып, сендірді. 1999-2002 жылдары Атырау қаласының әкімі лауазымында болған Дүйсенбай Нұрбайұлы қаланың экологиялық мәселесімен жақсы таныс екендігін, депутат бола қалған жағдайда міндетті түрде ең бірінші мәселе ретінде көтеретіндігін тілге тиек етті.

tu211220

- Облысымыздағы ең өзекті мәселе – Жайық өзеніне арнасының тарылуы. Бұл экологиялық апатқа әкеліп соғуы мүмкін. Өзенді тереңдету, тазалау жұмыстары маңызды. Қазақстанның 6 қаласында, оның ішінде Атырауда да келер жылы пилоттық жоба ретінде қатты қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жұмыстар жүргізілмек. Жұмыссыздық мәселесін, тұрғын үйге мұқтаждықты реттеу мәселесі қарастырылмақ. Бұл жұмыстардың барлығы «Nur Otan» партияның сайлауалды бағдарламасында нақты жазылған. Алда атқарылар жұмыстардың барлығы да қағазда жазулы күйінде қалмай болашақта жасалуы қажет. Өйткені сайлауалды бағдарлама халықтың талап-тілегінен туындаған дүние. Сол себепті сіздерден алдағы сайлауға белсене қатысып, «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырамын,-деді ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Д.Нұрбайұлы.

tu211220-1

Кейін үгіт-насихат жұмыстары аудан орталығындағы «Өнерпаз» мәдениет үйінде жалғасты. Бұл жерде ақ халатты абзал жандармен кездескен үміткерлер дәрігерлердің мәселесіне құлақ түріп, толғандырып жүрген сұрақтарына жауап беруге тырысып бақты. Жедел жәрдемнің жұмысы, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, медицина мамандарының жалақысын көтеру күн тәртібіндегі мәселе болып қала бермек. Аудандық емханада анестезиолог, реаниматолог секілді қажетті мамандықтар тапшы. Пандемия қандай дәрігерлердің қажет екендігін, олардың еңбегінің зор екендігін дәлелдеп кетті.

Аудандық емхана меңгерушісі тарапынан «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіндегі адам органдарын алмастыру туралы айтылған тұсын қайта қарау, жедел жәрдем бригадасын көбейту, олардың қызмет көрсету аумағының радиусын 20 шақырымға дейін арттыру, аудандық емхананы күрделі жөндеуден өткізу, ауруханадағы рентген аппаратын жаңарту, әйел адамдардың омырау безін анықтауға қажетті жылжалы маммография аппаратын алу жөнінде, медицина саласы мамандарының жалақасын арттыру, баспанамен қамту, кадр тапшылығын шешу бойынша ұсыныс айтылды.

- Дәрігер жетіспеушілігі тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде үлкен мәселеге айналып келеді деуге болады. Мысалы, Жапонияда мамандардың тапшылығына байланысты қызметкерлер 67 жасқа дейін еңбек етеді. Ал біздің елді бұл мәселені шешудің жолы бар. Төрегелді Шарманов 70-ші жылдары Ақтөбе медицина институтының ректоры болып тұрған кезінде медициналық колледжді үздік бітіргендерді 1 жыл қызмет атқарғандарынан кейін институтқа емтихансыз қабылдады. Сол студенттер күндіз жұмыс жасап, кешке білім алып, институтты аяқтап шыққан. Дәрігер жетіспеушілігі мәселесі сол кезде осылай өз шешімін тауып жатты. Бүгінгі күні елімізде 5 медициналық академия болса, олардан бар-жоғы 1000-ға жуық студент қана қолына дипломын алып шығады. Шармановтың бастамасын қайта қолға алып, осы ұсыныс Үкімет отырыстарында қаралса деген ойым бар. Сіз, Дүйсенбай Нұрбайұлы, депутат болған жағдайда осы мәселені мейлінше шешілудің жолын қарастырсаңыз екен. Екінші жағынан, мемлекеттік атқарушы органның қаражаты оқыған мамандардың тұрақтамауы да мәселеге айналды. Ол мамандар 1-2 жыл жұмыс жасағасын басқа қызметке ауысып кетіп жатады. Оның себебі, Заңдағы олқылықтар. Яғни, ол жерде бір бюджеттік мекемеден екіншісіне ауысу заң бұзғандық болып есептелмейді делінген. Осы мәселені де қаперіңізге алсаңыз. Соңғысы, «Медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы» заң қабылданса деген ұсынысым бар,-дейді аудандық емхананың меңгерушісі Еркінбай Қуанов.

Партия өкілдерімен кездесуге қатысқандар үміткерлердің облыстың экономикалық, әлеуметтік деңгейінің дамуына тың серпін береді деген сенімдерін білдірді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521