Медицина саласына қолдау бар

Фото: gov.kz

Адам өмірін сақтауда медицина қызметкерлерінің атқаратын істерінің маңызы зор. Сол себепті елімізде медицина саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқандығы баршаға аян. Осы орайда, аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Сержан Сандыбаевпен сұқбаттасқан едік.

Сержан Тұрсыметұлы, ал­дымен аудандық аурухананың және ауылдық округтердегі медициналық пункттердің жағдайына тоқталсаңыз.

-«Тәні саудың – жаны сау» де­ген халқымызда дана сөз бар. Сондықтан бүгінгі таңда аурудың алдын алу біз үшін өте өзекті болып қала бермек. Келешек ұрпақтың жарқын болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру біздің негізгі парызымыз болып табылады.

Махамбет аудандық ауруха­насы екі типтік жобада салынған ғимаратта орналасқан. 60 кереуеттік тәуліктік ауруханасы мен 250 адамды қабылдауға арналған емхана бар. Аудандық аурухананың құрамына 8 дәрігерлік амбулатория, 2 медпункт, 2 ФАП кіреді. Әр дәрігерлік амбу­латория санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілді. Дәрігерлік амбу­латориялар типті жобадан салынған ғимаратта орналасқан. Аудандық ау­руханада 4 санитарлық автокөлік, 2 жылжымалы диагностикалық кешен бар. 43 жоғары білімді дәрігер, 177 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Аурухана мен емханада жаңа технологиялық стандарттарға сай цифрлі рентген, флюроаппараттары, эндоскопия, ЭКГ т.б. жабдықтар жұмыс жасап тұр.

Аудандық ауруханада барлығы 50 төсек, оның ішінде: терапиялық - 16, хирургиялық- 8, балалар үшін – 6, жұқпалы ауруларға -10, перзентханалық 10 төсек жұмыс жасап тұр. Рентген , ЭКГ, УЗИ кабинеттері, залалсыздандыру бөлімдері мен операциялық блок бар.

Ауданда селолық округтердің мәліметі бойынша 21 елді мекенде 30955 халық тұрады. Олардың ішінде 26140 БХТ бойынша меди­цина мекемелеріне тіркелген. Ау­дан бойынша 2023 жылдың 12 ай­ында 578 бала, 2024 жылы 5 айда 194 бала дүниеге келді.

Аурухананың тәуліктік стациона­рында 12 айда 1754 науқас ем алды. Сол сияқты күндізгі ауруханада, дәрігерлік емханалардағы күндізгі бөліммен қоса есептегенде 1987, оңалту бөлімі бойынша 86 науқас ем алды. 2024 жылдың 5 айында 743 науқас, күндізгі бөлімде 844 науқас емделді.

-Ауылдардағы медициналық қызмет көрсетудің сапасын арт­тыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып келеді?

- Біз қазір барлық анализ тапсы­руды «Олимп» лабораториясына бердік. Ондағы мақсатымыз халыққа қолжетімді қызмет көрсету. Бұрын науқас ауылдан тек жалпы қан және несеп сараптамасын тапсыратын. Ал басқа тереңдетілген сараптама­ларды алу үшін аудан орталығына немесе облысқа баратын. Қазір сол анализдердің барлығын ауылдық округтен тапсыра алады. Бұған қоса бұрын тегін берілетін дәрі-дәрмекті әр адам өзі аудан орталығынан келіп алатын. Қазір дәрігерлік амбулаториялардың өздеріне жіберіп отырмыз. Дәрігер мамандар айына бірнеше рет жылжымалы медициналық ке­шен арқылы ауылдық округтердің амбулаторияларына, мектептері мен балабақшаларына барып, медициналық тексеруден өткізіп отырады. Жылжымалы кешеннің арқасында 2-3 жыл бойына флюорографияға түспеген адам­дарды тауып түсіріп отырмыз.

Осының барлығы медициналық қызмет көрсету сапасының артқаны деп айтуға болады.

– Заман талабына сай медициналық құрал - жабдықтармен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

-2021 жылы 5 бірлік медициналық құрал-жабдыққа жасанды интеллект қолданатын PACS жүйе енгізілді. Сонымен қатар 1 жылжымалы медициналық кешен және 1 жедел жәрдем автокөлігі алынды, ал 2022 жылы 3 бірлік медициналық құрал- жабдық сатып алынды: ЭКГ, Феталь­ный монитор, Флюкар проскан 2000. Кәсіпорын теңгерімінде барлығы 19 автокөлік бар. 2023 жылдың соңында 5 жедел жәрдем автокөлігі келіп, аудандық ауруханаға, Бей­барыс, Сарайшық, Алға, Ортақшыл ауылдарындағы дәрігерлік емханаларға берілді.

«Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту» ұлттық жобасы ая­сында Еңбекшіл, Көздіқара елді мекендеріне жаңадан медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Талдыкөл елді мекенінде жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді. Аққайың елді мекенінде де медициналық пункттің құрылысы аяқталды. Биыл пайдалануға беріледі. Аудандық аурухана халыққа медициналық қызмет көрсетуде қажетті құрал- жабдықтармен 92,23 %-ға қамтыл- ған.

Кадр мәселесі қалай шешілуде?

- Кез келген емхана ең алдымен кадрлық ресурсты реттемесе, онда медициналық көмек сапасы толық болмайды. Сол принциппен біз жоспарлы түрде жұмыстар жасау­дамыз, Ауданда 47 жоғары білімді дәрігер, 177 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. 2022 жылы анестезиолог-реанима­толог, 1 жалпы тәжірибелі дәрігер жұмысқа орналасса, 2023 жылы ме­кемеге 6 жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 балалар және ересектер невропа­тологы, УЗИ маманы, хирург, лор мамандары жұмысқа орналасты . 5 жалпы тәжірибелік дәрігер ауылдық жерлерге орналасты. Биыл тағы 5 жас маман жұмысқа келеді.

-Төтенше жағдай кезінде қандай жұмыстар атқарылды?

- Су тасқынына қарсы төтенше жағдай жарияланған сәтте аудан бойынша 22 эвакуациялық пункт жасақталды. Оның барлығы 100 пайыз дәрігермен, медбикемен және дәрі-дәрмекпен қамтылды. Бұған қоса арнайы екі жылжы­малы бригада бөлінді. Талдыкөл және Жалғансай ауылдарына қауіп төніп, халықты эвакуациялау орын алған кезде бригадалар толыққанды жұмыс жасады. Аудандық ауруха­нада 50 төсек орын жасақталды. Қосымша науқастарға емхананың өзінен 30 төсек орын дайындалды.

-Мереке қарсаңындағы тілегіңіз?

- Барша медицина саласы қызметкерлерін, сала ардагерлерін келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтаймын! Барлық медицина қызметкерлеріне аудан халқының денсаулығын қорғауға қосқан баға жетпес үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT