Ұстаздық. Адалдық. Жетістік

Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен төзімді қажет ететін, ел игілігіне бағытталған абыройлы міндет. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші болу үшін түрлі этаптардан, сонымен қоса сынақ мерзімінен өту керек. Көп ішінен іріктеліп, оза шыққан маман мемлекеттік қызметші атанады. Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек ету үлкен күш-жігерді талап етеді. Осындай ұзақ жыл еңбек еткен үлгілі мемлекеттік қызметшілердің бірі – Сәлимаш Хилымқызы.

«АНТ ҚАБЫЛДАУ – ӨМІРІМДЕГІ ҚУАНЫШТЫ СӘТТЕРДІҢ БІРІ»

Мемлекеттік қызмет саласында 35 жыл, оның 21 жылын Бейбарыс ауылдық округі аппаратының бас маманы қызметін атқарып, бүгінде зейнеткерлік демалысқа шыққан Сәлимаш Хилымқызы Өтеғалиева 1963 жылы Құрманғазы ауданы, Га­нюшкино ауылында дүниеге келді. 1980 жылы аудан орталығы Ганюш­кино ауылындағы Абай атындағы орта мектебін бітіріп, Атырау педагогикалық институтының «Педа­гогика және психология» факультетіне оқуға түседі. 1984 жылы институтты тәмамдап, «Мектепке дейінгі пе­дагогика-психология оқытушысы» мамандығын алып шығып, сол жылы жолдамамен Махамбет ауданы, Жалғансай ауылындағы «Көктем гүлі» балабақшасына тәрбиеші болып, жұмысқа орналасады.

1985 жылы Жұмагелді Ғинаятұлымен шаңырақ көтеріп, бір жылдан кейін Бейбарыс ауылына көшіп келеді. «Балдырған» балабақшасында аспаз, тәрбие жұмысын атқара жүріп, 1989 жылы балабақша меңгерушісі болып тағайындалады. Басшылық қызметті 2003 жылға дейін абыроймен атқарып, ауылдың мектепке дейінге балаларды тәрбиелеу ісіне үлес қосты. Кейін мемлекеттік қызмет саласында бағын сынап көруді ойлап, бұл саладағы алғашқы еңбек жолын Атырау облыстық статистика басқармасының Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылдық округінің маманы болып, жұмысқа орналасады. 2005 жылдың наурыз айында ауысу тәртібімен Бейбарыс ауылдық округінің бас маманы болып тағайындалады.

– Мемлекеттік қызметке алғаш келіп, ант қабылдауым өмірімдегі үлкен бір қуанышты сәттердің бірі деп есептеймін. Қай салада болма­сын, өз жұмысыңа шын беріліп істемесең, нәтижеге қол жеткізуің екіталай. Мемлекеттік қызметтен зейнеткерлікке шыққанша қызметімді абыроймен атқардым деп ойлаймын. Осы еңбегім бағаланып, облыс, аудан, ауылдық округ әкімдерінің, аудандық мәслихат төрағасының «Алғыс хатта­рымен» марапатталдым. 2023 жылы қыркүйек айында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын мемлекеттік қызметкерлер арасында кеңінен насихаттау мақсатында Астана қаласында өткен республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанып, «ҚР Үздік мемлекеттік қызметкері» бо­лып марапатталдым,- дейді Сәлимаш Хилымқызы.

«ХАЛЫҚҚА ЕҢБЕК ҚЫЛУ – АДАМДЫҚ БОРЫШЫҢ»

Мемлекеттік қызметке келген ма­ман өзіне жүктелген міндеттерді орындап қоймай, алдына келген әрбір тұрғынның ұсыныс, тілек-талаптарын тыңдап, оларға заң аясында түсінік беруі тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметшінің халыққа сапалы қызмет етуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін бюрократияға, форма­лизмге, имитацияға жол бермеуінен көрінеді. Бұған қоса ұлттық мүддені басым қою, мемлекеттік сана, әділдік, ашықтық, антқа адал болу – бұлар мемлекеттік қызметшілердің са­налы тұрғыдан жаңғыруына септігін тигізетін ұстанымдар. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкі рухын, адамдардың игілігі үшін елге қызмет етсем деген жүрек қалауын айтып отыр. Шәкәрім айтқандай, «халыққа еңбек қылу – адамдық борышың».

– Мемлекет басшысы өз үндеуінде «Мемлекеттік қызметкерлер ба­рынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз»,- дегенде осы адамдық борыштың өлшемі жайлы айтып отыр емес пе? Мен осы еңбек еткен жылдарымда алдыңа келген халықтың көптеген құжаттарын реттеуге, үй құжаттарын аудару, зейнеткерлікке шығатын аналардың құжаттарын реттеуге, оқуға түсетін осал топ отбасыларының құжаттарын түгендеуге, ауданға әрлі- берлі жүргізбей, аудандық бөлім ма­мандарымен бірлесе отырып, заң ая­сында құжаттарын реттеуге барынша жұмыстанып, оңынан шешілуіне ықпал етіп отырдым. Ең бастысын атасақ, «үйің болмай, күйің болмайды» дегендей, құлағалы тұрған үйде тұрып жатқан, мүмкіндігі шектеулі тұрғынды заң шеңберінде үймен қамтамасыз етуге ықпал еттім. Былтыр ері қайтыс болып, өзі үйсіз 6 баламен қалған анаға округ әкімінің тапсырмасына сай, қайырымдылық қоры арқылы қалаған ауылынан үй алуына жағдай жасалды,- дейді С.Өтеғалиева.

Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде Қазақстан халқының 52%-ын нәзік жандар құрайды. Олар ер азамат­тармен қатар түрлі салада табы­сты қызмет атқарып жүр. Түздің де, үйдің де тірлігін ұршықша иірген қыз-келіншектер мемлекеттік сек­торда жетерлік. Қазір олардың үлесі салмағы 55,7%-ке жетті. Сондай-ақ басшылық лауазымның 39,4%-ы – осы бұрымдылардың еншісінде. Де­мек, мемлекеттік қызметте анау айтқандай, жыныс пен жас кедергі емес. Баршаға тең құқық берілген. Бұл өзгеріс үміткерлерді іріктеу кезеңінен басталады. Мемлекеттік қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңып, бар ғұмырын арнаған Сәлимаш Хилымқызының сөзінше, мемлекеттік қызметшілердің бойынан ұлы ойшыл Абай бейнелеген «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» көрініс та­буы қажет.

– Бұл қасиеттер мемлекеттік қызметшінің кәсіби және тұлғалық дамуына айтарлықтай ықпал ете алады. Өз тәжірибемді жастарға үйретуден жалыққан емеспін, оларға алдыңа келген адаммен сөйлесе білу, нақты, түсінікті жауап бере білуді меңгертуге тырысамын. Ашуға бой алдырып, тепсініп келетін адам­дар да кездеседі, ондай адамдармен жүзіне тура қарап, сабырлы жауап берсең, сабасына түсіп, мәселені қалыппен айта бастайтындығы ту­ралы бағыт-бағдар беріп отырамын. Ойшыл «Дүниеде түпкі мақсатың, өз пайдаң болса – өзің шектеулісің» дейді. Өз басының қара қамын ғана ойламай, әрдайым елдік мұратты биік қоя білу, елге адал қызмет ету – адам бойындағы адамшылықтың бір көрінісі. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысы қоғамға үлгі болуы қажет. Ол үшін мемлекеттік қызметші кәсіби, тұлғалық ізгі қасиеттерді бойына жинақтап, іс жүзінде оның нәтижесі көрініп тұруы керек, со­нымен қатар адамшылық тұрғыдан басқалар бой түзейтін үлгіге айнала білуі керек,- дейді кейіпкеріміз.

«БАЛАЛАРЫМНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ БОЛУЫН ҚАЛАДЫМ»

Сәлимаш Хилымқызының жол­дасы Жұмагелді Ғинаятұлы ауылдағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мек­тепте 32 жылдан бері тарих пәнінің оқытушысы қызметінде. Екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Балалары жоғары білім алып, өздері қалаған мамандықтары бойынша еңбек етуде. Мемлекеттік қызмет саласын таңдағандары да бар.

Үлкен ұлдары Ербол Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Кәсіптік білім» факультетінде грантпен білім алып, 2008 жылы осы оқу орнын бітіріп шығып, Атырау қаласындағы Кәсіптік білім беру коллежінің оқытушысы бо­лып еңбек етті. 2021 жылдың наурыз айында отбасымен Алматы облысына қоныс аударып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіның ма­гистратурасына грантпен оқуға түсіп, «Логистика» мамандығы бой­ынша білім алды. Қазіргі уақытта Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында облыстық білім беру басқармасында бас маман бо­лып еңбек етуде. Екінші ұлдары Ай­бол болса, Орал қаласындағы Ба­тыс Қазақстан инновациялық- телекоммуникациялық жүйелер университетінің «Құқықтану» мамандығын алды. Қазіргі уақытта Атырау қаласындағы белгілі бір меке­меде менеджер болып, еңбек етуде. Қыздары Нәргиза да Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық - телекоммуникациялық жүйелер университетінің «Мемлекеттік басқару» факультетін бітіріп, бүгінде Атырау қалалық мәслихатында бас ма­ман болып, қызмет етуде.

– Балаларымның мемлекеттік қызметте болуын қаладым. Олардың осы салаға келуі біздің берген тәрбиенің нәтижесі деп есептеймін. Менің ұстанымым – «Мемлекеттік қызметші – халықтың адамы, олар үшін еңбек етеміз, халықтың мәселелерінің оң шешімін табу үшін жұмыс атқарамыз!» Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу адамнан оны саналы тұрғыдан сезінуді, шын ынта- жігерін, ең бастысы, ниет тазалығын талап етеді. Ел игілігі үшін адал, риясыз қызмет ететін мемлекеттік қызметші – нағыз азамат. Ол саналы адам ретінде өз-өзіне «Мен өз өмірімді, өзім өмір сүріп отырған қоғамды, мемлекетті жақсарту жолында не істедім?» деген сұрақ қояды. Заман талабына сай мемлекеттік қызметші тек өзінің кәсіби біліктілігімен, мінез- құлқымен ғана емес, жүріс-тұрысымен және киім киісімен де халыққа үлгі болуға тиіс. Мемлекеттік қызметші өз жұмысын адал және лайықты атқарып, ел алдындағы азаматтық бо­рышы мен халықтың сенімін ақтай отырып, қарапайым қызмет этика­сын қатаң сақтауы тиіс. Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби қызметімен тығыз байла­нысты. Рухани мәдениет пен білім, алған тәрбие адамның тұлғалық бол­мысын құрап, нәтижесінде оның іс- әрекетіне ықпал етеді. Ардан аттамау – адамшылық бастауы,-дейді Сали­маш Өтеғалиева.

Иә, мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы секілді. Оның ар-ожданы биік, әділетті, та­лантты ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағалайды. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты са­палы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз орнында халықтың мүддесіне қызмет етіп, көкейтесті мәселелерін заң шеңберінде шешуі талап етіледі.

Жалпы мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасын байланыстырушы буын. Ал мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына баға беретін – халық. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші, ең әуелі, халыққа қызмет ететінін естен шығармауы керек. Халықпен бай­ланыс орнатуда кәсібилікпен қатар, адамгершілік қасиеті ауадай қажет. Сондықтан мемлекеттік қызметке келемін деген адам ең алдымен, мемлекеттік қызметші болу аса үлкен жауапкершілік екенін сезінуі тиіс.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT