Алғыс арқалаған ақ халаттылар

Маусым айының үшінші жексенбісі– ұлт саулығын нығайтуды мақсат тұтып, халық денсаулығын қорғауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Ақжайық ауылдық емханасы ұжымы көп жылға жуық ауыл халқына қалтқысыз медициналық қызмет көрсетіп келеді. Мұнда Амантай Ермекбаев, Рая Жұмағалиева, Кенже­тай Дощанова, Зульфия Дәлжанова, Нұрғожа Шагиров, Серік Жұмағұлов сынды мамандар қызмет еткен. Бүгінде емханаға тіркелген тоғыз жүзден астам ауыл халқына медициналық көмек көрсетілуде.

Кең де жарық емханада жалпы тәжірибелі дәрігер, күндізгі стационар бөлмесі, екпе және дені сау бала бөлмесі, лаборатория, әйелдерді қарау бөлмесі тәрізді арнайы құрал- жабдықтарымен қамтылған кабинеттері бар.

Емханаға келген қаралушылар үшін сапалы қызмет көрсетуді басты назарға алатын ұжымда меңгеруші, жалпы тәжірибелі дәрігер Әлжан Бағытжанұлынан бөлек, балалар емшібикесі Меңсұлу Шаукенова, жалпы тәжірибелі мейірбике Мөлдір Әбуова, акушерка Торғын Есқабылова, мектеп медбикесі Динара Болато­валар жұмыс жасайды. Емхана меңгерушісі жас маман Әлжан Бағытжанұлы Шымкент өңірінің тумасы, бұл қызметке үстіміздегі жылдың ақпан айында орналасқан. Оның айтуынша, қарамағындағы қызметкерлердің біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол. Мамандар науқастарға сапалы қызмет көрсетіп, адами тұрғыдан жанашырлық танытып отырады.

- Жұмысымыз халықпен тікелей байланыс- ты. Келушілердің шағымдарын тыңдап, ем-дом жазумен қатар жедел шақыртулар бойынша да жұмыс жасаймыз. Күнделікті науқастарды қабылдаудан бөлек, жаңа туған нәрестелер, төсек тартып жатқандар мен қарияларды үйлеріне барып, қарап отырамыз, – дейді ем­хана меңгерушісі.

«Басты міндет – сапалы қызмет» деген ұстаныммен аянбай еңбек етіп келе жатқан бұл ұжымдағы дәрігерден бастап, қарапайым қызметкерге дейін дертіне шипа іздеп келген жанға әп-сәтте көмек көрсетуге дайын тұрады.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT