Мәдина Ғабдісәлімова торқалы тоқсан жасын туған жерінде атап өтті

Атырау облысының, Атырау қаласының және Махамбет ауданының «Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері  Мадина Ғабдісәлімова биыл 90 жаста. Есімі өңірімізге кеңінен танымал еңбек ардагерінің торқалы тойына орай Махамбет ауданы әкімінің қолдауымен, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің, «Өнерпаз» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Бір сергіп қайтсам ба екен, елге барып...» атты кездесу кеші өтті.

Бұрынғы «Жаманқала», қазіргі Махамбет ауданында кіндік қаны тамып дүниеге келген, алғашқы еңбек жолын да қосында ауыл мұғалімі болып бастаған қоғам қайраткерінің өнегелі өмірі сан қилы белестерге толы. Қос дәуірдің қиындығы мен қызығын қатар көрген, заманында ер азаматтармен иық тіресе қатар жүріп, ел ісін шешуге араласқан апамыз әлі де тың, әлі де сөзі нық. Кеңес Үкіметі тұсында Махамбет, Исатай аудандарының партия басшылығында қызмет етіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық және идеологиялық дамуына зор үлесін қосқан Мәдина Ғабдісәлімқызы облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы қызметін де атқарған. Бір ғасырға жуық ғұмырында біраз өткелден өтіп, атқарған еңбегінің арқасында абыройға кенеліп отырған Ақ Жайықтың ерке қызын туған жеріне өзіне лайық құрметпен қарсы алды.

Торқалы тоқсан жасқа арналған кездесу кешіне апайымыздың шашбауын көтеріп көз көрген замандастары, оны құрмет тұтатын ауылдастары мен еңбек жолынан ізін жалғап келе жатқан белгілі қоғам қайраткерлері де келіп қатысты. Атап айтқанда, Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы – Серік Мұхамбетов, Облыстық әйелдер істері отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор-комиссия хатшысы – Зәмзәгүл Жалмурзина, Мемлекеттік қызметтің ардагері – Тамара Амантурлина, Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы – Әсия Қыстаубаева, ҚР Мәдениет қайраткері, Н.Жантөрин атындағы филармония әншісі – Гүлмайдан Сүндетова, Бубновский атындағы орталықтың басшысы – Нұрлан Мүталиев, Облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, облыстық мәслихаттың депутаты – Фатима Нәбидоллақызы, зейнеткер, Махамбет ауданының «Құрметті азаматы» - Ұзаққали Елеубаев, ауданымыздың мәдениет саласының ардагері Уап Қабдікәрімов ағамыз бен жары Райхан апай да бар.

Кездесудің шымылдығы бір кездері осындай керемет туындының жарық көруіне өзі себепкер болған, Мәдина апайымыздың сүйікті әні «Ақерке, АқЖайық» әнімен ашылды. Тоқсанның төбесі көрінген шақта туған жерінің топырағына табан тіреген мемлекет қайраткері халқының қошеметімен сахна төріне шығып, ақтарыла сыр шертті. Сөзінің басын «Жаманқалада туылып, бүгін жақсы адам болып алдарыңызда тұрмын» деп бастаған апамыз, сонау соғыс кезіндегі балалық шағынан бастап, даналық шағына дейінгі өмірбаянына қысқаша тоқталып өтті:

- Құрметті, жерлестер, махамбеттіктер бүгін міне 33 жылда бір келіп тоғысатын Наурыз бен Рамазанның аяқталар тұсында сіздермен жолығу бұйырған екен. Бұл да бір Жаратқанның сыйы болар. Біз соғыс кезеңін көрген ұрпақпыз. Жаңа ауылға келісімен марқұм анамның басына бардым.Сөйтіп, ойыма сол анам өмірден өткен 1947 жыл еріксіз елестеді. Сол жылы да өңірде алапат су тасқыны болған еді. Халық бірлікке жұмылып бал соқты, қара жұмыстан қашпады. Мына тұрған Мойнақтан атам, Шойдан анамның бауырлары келіп жерлеуге қатыса алмады. Әкем де, ағам да соғыс басталысымен майдан шебіне қосылды. Ағам ол кезде небары 10-сынып оқушысы еді. Анам, он қолынан өнері тамған шебер, ісмер жан еді. Сол қасиеті маған да дарыған. Біз көрген балалық шақ соғыспен тікелей байланысты. Жаманқаланың «Митинговая» көшесінде тұратын үлкен қара радиодан жаңалықты тыңдап, ауылға келген хаттарды үй-үйге үлестіріп шығатынбыз. Үшбұрышты болса, сарбаздан келді, төртбұрышты болса қара қағаз деп бірден танушы едік. Кейін соғыс біткен соң әкем мүгедек болып оралды, ал ағам Чехославакия жерінде ерлікпен қаза тауып, қыршыннан қиылды. 2019 жылы мен басына барып бір уыс топырағымды салып келдім. Бұл жағдай сол кезеңді көрген әр ұрпақтың, әр отбасының басынан өтті. Соғыстан соң да,  ел еңсесін оңай көтермеді. Латыннан кириллицаға ауысу кезеңінде білімді ер азаматтың бәрін соғыс жалмап кетсе, ауылда сауатсыз әйелдер ғана қалды. Амалсыз 7-8 сыныпты енді бітірген қыздар, 1 сыныпқа мұғалім болып сауат аштырды. Бірі әкесіз, бірі бауырсыз қалған сондай қиын шақта халықты аман сақтап қалған мейірім  еді. 1950 жылдар елде жаппай орыстандыру саясаты жүрді. Барлық мұғалім мен дәрігерді әкеліп елге қоныстандырды. Қазақ мектептері біртіндеп жабыла бастады. Кәсіптік білім беретін училищелер, кешкі мектептердің дамуы, бәрінде қолтаңбамыз қалды. Бейбарысқа  кәрістердің қоныстанып күріш өсіргенін, тамаша өнім алғанын, Ақтоғайдағы жетімдер үйін де өз көзіммен көрдім. Он жеті адамы бар апамның үйінде жатып білім алдым. Бір құртты бөліп жеп, жартты құртты жарып жеп күн кештік, аш болмадық. Биыл міне, Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Осындай естеліктер де тарих қойнауына кетіп барады. Өмір мектебінен, партия мектебінен өткен біз де бүгін 90 жасқа келіп қалдық. Бір кездері Нұртас Оңдасыновтай ел ағасының батасын алып, қолдауын көрсем, бүгін өзім де кейінгі жас ұрпаққа көрген-түйгеніммен бөлісіп отырмын.

Бүгінгі жастар білімді, ізденімпаз болып өсіп келеді. Бірақ, олар осы тарихты білмеуі мүмкін, себебі олардың ата-анасы да ол кезеңдерді көрген жоқ. Оларды осы өткен мен бүгіннің қадіріне жеткізіп отыратын аға буын аман болсын, халық аман болсын!,-деп сөзін түйіндеді мерейтой иесі Мәдина Ғәбдісәлімқызы. Айтқан сайын түйдек—түйдек ойлары көмейінен ақтарылып жатқан апамызды жиналған жұртшылық та ұйып тыңдады.  Әсем кештің себепкері болған апамызға аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев та құттықтау сөзін арнап, сый-сыяпатын көрсетті:

- Құрметті Мәдина Ғабдісәлімқызы, қонақтар, бүгін ауданда ерекше кеш өтіп жатыр. Соңғы жас буын сізді енді танып жатса, орта буын еңбегіңізді біледі. Ерте жастан қызметке араласып, ауданның, облыстың дамуына еселі үлес қостыңыз. Әр қоғамның саясаты, міндеті бар болса, осы жасқа жеткенше талай қоғамның формациясынан өтіп, әртүрлі міндеттерді адал атқардыңыз. Сіз туралы айтар дүние өте көп. Талай қайнаған істің бел ортасында жүріп, шәкірт тәрбиеледіңіз, тұтас облыстың идеологиясын дамытуға үлес қостыңыз. Сіз қашан туған жерге сағынып келсеңіз де біз қошеметпен күтіп алуға әзірміз,-деді аудан әкімі құттықтау сөзінде. Сонымен қатар,  мерейтой иесіне арналған кеште  ауданның халқы атынан алғысын білдіріп құттықтау хат табыс етті. Тоқсандағы қайраткер апамыздың иығына шапан мен жаулығын жауып, мерей жасына ауданның атынан Ақбота атады. Халқымыздың ежелден келе жатқан салтымен қызға бота сыйлау дәстүрін жаңғыртқан аудан әкіміне ардагер анамыз да ерекше алғысын білдірді.

Елдің ықыласы мен сый-сыяпатынан соң осы кештің арнайы қонағы, күміскөмей әнші, алғашқы еңбек жолын Махамбет ауданының сахнасынан бастап, Ғарифолла Құрманғалиев сынды ұлы тұлғаның сыныбына сол сахнадан қадам басқан Гүлмайдан Сүндетова апамыз бен «Өнерпаз» мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT