Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау – еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына тың серпін беретін тарихи құжат. Президентіміз атап өткендей, әлем жаңа кезеңге аяқ басты. Жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін мемлекетіміз де уақыт талабына сай өзгеруі қажет.
Жолдауда ерекше назар аударылған мәселенің бірі – жасанды интеллект дәуірі. Президент бұл технологияның еліміздің барлық саласына енетінін нақты айтты. Қазірдің өзінде жасанды интеллект өндірісте, денсаулық сақтауда, білім беруде, ғылымда қолданыс тауып отыр. Бұл – болашағымыздың кілті.
Ауылдық мәдениет саласы да заман ағымынан қалыс қалмауы тиіс. Жаңа технологияларды пайдалану арқылы мәдени шараларды онлайн форматта өткізуге, тың туындыларды көрерменге ұсынуға, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға толық мүмкіндік бар. Бұл – ауылдағы талантты балаларды жаңа белестерге жетелейтін қадам.
Президентіміз мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлгенін ерекше атап өткім келеді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі шабыт. Өйткені мәдениет пен өнер – халықтың рухани тірегі. Есбол ауылдық мәдениет үйі – тек өнер ошағы ғана емес, жас ұрпаққа тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ауыл тұрғындарын бірлікке шақыратын маңызды орталық.
Сонымен бірге, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту – Жолдаудың тағы бір маңызды бағыты. Жол, ауыз су, интернет мәселесін шешу – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыратыны сөзсіз. Мәслихат депутаты ретінде осы міндеттердің біздің ауданымызда сапалы орындалуы үшін жұмыс істеуге дайынмын.
Президент жастарды жаңа дәуірдің басты күші ретінде атады. Бұл – өте орынды. Есбол ауылдық мәдениет үйінде түрлі үйірмелер мен шығармашылық жобалар жүзеге асырылып келеді. Жолдаудағы жастарды қолдауға арналған бастамалар біздің жұмысымызға тың серпін беріп, жас ұрпақтың талабын ұштай түсетініне сенімдімін.
Жолдаудың негізгі өзегі – әділетті қоғам құру. Әділдік пен адалдық бар жерде ғана елдің бірлігі нығайып, даму қарқыны артады. Бұл үндеу – әрбір азаматтың жүрегінен шыққан сөз деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының Жолдауы – ел дамуының жаңа дәуірін бастаған стратегиялық бағдар. Біз, ауылдық мәдениет саласының өкілдері мен халық қалаулылары, Жолдауда айтылған міндеттердің орындалуына өз үлесімізді қосып, ауылымыздың дамуы мен халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек етеміз.
Айзада Байғалиева,
Махамбет аудандық мәслихатының депутаты,
Есбол ауылдық мәдениет үйінің басшысы