Жуырда Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен өткен “Мәдени- тынығу жұмысы: теория және тәжірибе” атты республикалық семинары өтті.
Оған Махамбет ауданынан бір топ мәдениет саласының мамандары арнайы барып, тәжірибе алмасып келді.
Шырайлы Шымқаладағы үш күндік оқуда аталмыш университеттің тәжірибелі мамандары сахна мәдениеті, бұқаралық шараларды ұйымдастыру, сөйлеу мәдениеті мен дауыс қою бағытында тың әрі пайдалы ақпараттармен бөліскен. Қатысушылардың қатарында болған «Самал» мәдениет үйінің жетекшісі Бексұлтан Маратов:
– Республика бойынша әр өңірден келген мәдениет қызметкерлері үшін бұл семинар кәсіби машықтарын шыңдауға зор мүмкіндік болды. Қатысушылар арнайы сертификатқа ие болып, Шымкенттің көрікті жерлерін аралап, мәдени- танымдық әсермен оралды,-дейді.
Махамбет аудандық мәдениет бөлімінің қолдауымен осындай іссапарда болып келген мамандар бұл жолы тек білім толықтырып қана қоймай, ортақ тәжірибе жинақтап, екі облыс ортасындағы мәдени байланысты нығайта түстік деп отыр.
А.САТАЕВА