ДӘРІХАНАЛАРҒА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫН­ДА ЖЕКЕМЕНШІК ПРОЦЕДУРАЛЫҚ КАБИНЕТТЕРДЕ ТІРКЕЛГЕН ЕКІ ӨЛІМ ЖАҒДАЙЫНАН КЕЙІН МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ АТАЛМЫШ ОБЛЫСТА ЖОСПАРДАН ТЫС ТЕКСЕРУЛЕР ЖҮРГІЗІП, ТЕКСЕРІС БАРЫСЫНДА ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАРДЫ САҚТАУ ҚАҒИДАЛАРЫНЫҢ ӨРЕСКЕЛ БҰЗУШЫЛЫҚТАРЫН АНЫҚТАҒАН. «АТАЛҒАН ЖАҒДАЙЛАР БОЙЫНША МАТЕРИАЛДАР ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНА ЖОЛДАНДЫ. ӨҢІРДЕГІ ПРОЦЕДУРАЛЫҚ КАБИНЕТТЕРДІҢ БІРІ РЕСМИ ТҮРДЕ ҚЫЗМЕТІН ТОҚТАТТЫ», – ДЕП ХА­БАРЛАДЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ.

ЛИЦЕНЗИЯСЫЗ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕНГЕ АЙЫППҰЛ

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жо­спардан тыс тексерулер азаматтардың ресми өтініштері, мемлекеттік ор­гандардан (әкімдіктерден, денсаулық сақтау басқармаларынан) сұрау салулар немесе құқық қорғау органдарының тапсырмалары болған кезде ғана жүргізілуі мүмкін. 2024 жылы және 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне және оның аумақтық бөлімшелеріне рәсімдік медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты азаматтардан 7 өтініш келіп түскен. Комитет өкілдері хабарлағандай, осы өтініштердің әрқайсысы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Тексеру барысында тиісті лицензи­ясыз медициналық қызметті жүзеге асырудың 4 фактісі, сертификатталған мамандарсыз рәсімдік қызмет көрсетудің 3 фактісі және дәрілік заттарды сақтау шарттарын бұзудың 2 фактісі анықталған. Бұл бойынша комитеттің аумақтық департаменттері әкімшілік жауапкершілік туралы хатта­малар жасап, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асып отыр.

Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері ел халқына үндеу жариялап, емшаралық медициналық қызметтерге тек лицензияланған медициналық ұйымдарға хабарласуды, қызметкерлердің лицензиясы мен біліктілігінің болуын нақтылауды, тиісті дәрігерлік бақылаусыз үйде медициналық рәсімдерді жүргізуге жол бермеуге, азаматтардың өз денсаулығы мәселелерінде жауапты болуға және құқық бұзушылықтар туралы уәкілетті органдарға хабарлауға шақырды.

Осы оқиғадан кейін құқыққа қайшы әрекеттерді болдырмау және денсаулыққа қауіп төндіру, өлім жағдайларының жоғары қаупін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктер жанынан қоғам белсенділерінің қатысуымен мониторингтік топтар құрып, өңірдегі лицензиясыз медициналық қызмет көрсету фактілерін анықтау үшін мо­ниторинг жүргізуге тапсырма берген болатын.

Соған сәйкес, облыстық, аудандық деңгейде әкімдік өкілдері, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ және өзге де мүдделі орган өкілдерінен тұратын мониторингтік топтар құрылып, мониторинг жүргізуді бастады. Дәл осындай құраммен ау­данда құрылған мониторингттік топ өкілдері де өткен аптада жергілікті дәріханаларды аралап, олардың мемлекеттік лицензияларымен таны­сып, түсінік жұмыстарын жүргізді.

Аудан орталығында орналасқан үш және екі ауылдық ауылдық округтегі дәріханалар да медициналық қызмет көрсететін процедуралық кабинет анықталмады. Алайда кейбірінің дәрі- дәрмектерді сақтау қағидаларына қайшы келетін кемшіліктері бой­ынша және әлеуметтік маңызы бар препараттардың шекті бағасынан асырмау туралы ескертулер берілді.

ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ШЕКТІ БАҒА

Жасыратыны жоқ, нарықта дәрі- дәрмектің бағасы шарықтап тұр. Басы ауырып, балтыры сыздаған халықтың «денсаулық ақшадан артық емес» деп қымбатына қарамай сатып алудан басқа амалы жоқ. Алайда, кейбір дәрі-дәрмектерге қатысты шекті бағалардың белгіленгенін көпшілік біле бермеді. Дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 27 тамыздағы №94 бұйрығымен adilet. zan.kz сайтынан танысуға болады. Бұйрықтың ағымдағы нұсқасында 6000-ға жуық дәрінің көтерме және бөлшек сауда бағалары белгіленген. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандарынан сұрап білгеніміздей, егер қандай да бір дәрілік препараттың бағасы бұйрықта көрсетілген шекті бөлшек бағадан жоғары болса, сатып алғанын дәлелдейтін фиксальды чек арқылы азаматтар шағымдана алады. Шағым негізінде дәріханаға тексеру шаралары жүргізіліп, шарасы алынатын болады.

Жуырда Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде дәрі-дәрмектің шекті бағасын бекіту кезінде өрескел заң бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, маркетинг пен тасымалдау шығындары дәрі бағасына қосылады, дәрінің түпнұсқа бағасы мен отандық тауар өндірушілердің қойған бағасында да айтарлықтай айырмашылықтар бар.

- Дәрілерге қосылған үстеме баға зауыттық бағадан 172 пайызға дейін жетеді. Ал Еуропа мен әлемде бұл 30 пайыздан аспауға тиіс. Бір препараттың әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді. Түпнұсқаның бағасы 344 теңге болса, отандық та­уар өндірушінің бағасы 1273 теңгеге жеткен. Бұл 4 есеге дейін қымбат. Аудит көрсеткендей, парацетамолдың зауыттық бағасы 59 теңге екен, Қырғызстанда 90 теңгеге сатылса, бізде 144 теңгеге сатылып отыр. Терафлюге елде бекітілген шекті баға 3,3 мың теңге болса, зауыттық бағасы - 1,5 мың. Ресейде 2,2 мың, Қырғызстанда 2,5 мың теңге тұрады дейді. Ал «кейтруда» дәрісі дәріханаларда 710 мың теңге тұрса, Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағасын 1 млн 300 мың теңге деп бекіткен, оны фармация 1 млн 200 мыңға сатып алған. Былай қарасақ, ақша үнемдеген сияқты болып көрінеді, бірақ шын мәнінде екі есеге жуық қымбатқа сатып алған», - деді ол.

МЕМОРАНДУМ МАҚСАТЫ:

БАҒАНЫ ТӨМЕНДЕТУ

Дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өткен аптада қымбат және әлеуметтік маңызы бар препараттардың бағасын төмендету мақсатында жетекші фармацевтикалық компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Атап айтсақ, «Химфарм» АҚ, «Johnson & Johnson Kazakhstan» ЖШС және «АстраЗенека Қазақстан» ЖШС-мен өзара жасалған келісім аясында бірқатар әлеуметтік маңызды препараттардың бағасы төмендеп, науқастар үшін заманауи дәрілік заттарға қолжетімділік артатын бола­ды.

Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтикалық нарықтың барлық қатысушыларын ұлт денсаулығын нығайту және медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал ететін саланы дамыту бағытындағы бастамаларды қолдауға шақырды.

Б.САПАРОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT