МАСЫЛДЫҚТАН АРЫЛУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ЖОЛ­ДАУЫНДА АЙМАҚТАРДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРҒЫДАН ОСАЛ ТОПТАҒЫ АЗАМАТТАРҒА БӨЛІНЕТІН ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ БІРІЗДЕНДІРУ КЕРЕК ЕКЕНІН АЙТТЫ. ПРЕЗИДЕНТТІҢ АЙТУЫН­ША, МЕМЛЕКЕТТІҢ КӨЗ АЛДЫНДАҒЫДАН БАСҚАНЫ КӨРМЕЙ, БӘРІНЕ КӨНЕ БЕРЕТІН ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТЫ ЖҮЗДЕН АСТАМ ТҮРЛІ ЖЕҢІЛДІКТІҢ ПАЙДА БОЛУЫНА ӘКЕП СОҚТЫРҒАН. САЛДАРЫНАН ОСЫ ЖЕҢІЛДІКТЕРДІ ӘПЕРЕМІН ДЕП «КӨМЕК ҚОЛЫН» СОЗАТЫН ЖЫЛПОСТАР ДА КӨБЕЙГЕН.

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК – МҰҚТАЖҒА ҒАНА

– Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО- ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жа­сарып», көбейіп барады. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындау­дан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз, – дейді Президент

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек екенін айтқан еді.

– Қазақстан – әлеуметтік мем­лекет. Біз әлеуметтік көмектен ешқашан бас тартпаймыз. Бұл біздің Конституция бойынша міндетіміз. Бірақ бұл салада тәртіпті жолға қою керек. Әлеуметтік көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Еңбек ете алатын адамдар жұмыс істеп, өзін, отбасы мен ата-анасын асырауға тиіс. Менің Жолдауымның мәні де осында. Өйткені, бұлай өмір сүруге болмайды. Көп өңірдің бюджетінің біраз бөлігі әлеуметтік мұқтаждықты жабуға кетеді. Бұл жерде көмекті қысқарту керек,- деді Қ.Тоқаев.

Әлеуметтік салаға баса мән беріп, қолдау танытатын мемлекетте масылдық психологиясы да қылаң беріп отырады. Қазірде әлеуметтік көмек, мемлекет тарапынан халықтың осал топтарына берілетін жәрдемақы сынды демеуге ғана арқа сүйеп, өмір сүруді көксеу түсінігі белең алып барады. Қоғам дертке ай­налып, масылдыққа үндейтін мерез мінезден арылғанда ғана түзелетіні анық.

Бүгінде әлеуметтік масылдық пиғылынан арылу ауқымды мәселеге айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру ісінде өңірлердің ахуалын қайта та­разылау қажеттігін ескертті.

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР КӨЛЕМІ

Мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсету, қамқорлық таныту жалғасын таба береді. Айталық, биылғы сегіз айдың ішінде көп балалы отбасыларға, марапатталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы аударуға 354,5 млрд теңге жұмсалған. Яғни 856,2 мың отбасы, оның ішінде: көп балалы 613,4 мың отбасына 308,9 млрд теңге, наградталған аналарға (242,8 мың адам) 45,6 млрд теңге берілді.

Елімізде көп балалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақыға төрт, одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Биылғы қаңтар айынан бері төрт баласы бар отбасына 16,03 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (АЕК) 63 030 теңгеден төленіп келеді. Бес балалы отбасына – 20,04 АЕК (78 798 теңге), алты балаға 24,05 АЕК (94 565 теңге), жеті балаға 28,06 АЕК (110 332 теңге) беріледі.

Бұған қоса «Күміс алқа» иегері ретінде 25 165 теңге көлемінде ай сайын жәрдемақы төленеді. Сондай- ақ «Алтын алқа», «Батыр Ана» атағын алған, І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға 29 097 теңге (7,40 АЕК) беріледі. Сегіз, одан да көп ба­ласы бар отбасыларға әр балаға 4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы аударылады. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5 %-ға артты.

АУДАНДАҒЫ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

Махамбет аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жексенбай Пазуловтың сөзінше, өткен жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны артқан.

– Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек 62 отбасына тағайындалса, биыл 78 отбасының 481 адамына 543 39,8 мың теңге АӘК тағайындалып, төленді. Бұған қоса осы отбасы- лардағы бір жастан алты жасты қоса алғандағы 100 балаға 4895,8 мың теңге қосымша төлем төленді. 1,5 айлық есептік көрсеткіш – 5898 теңге мөлшерінде. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасында жұмысқа қабілетті аза­маттар жұмыспен қамтылып отыр, жұмыссыз отырған адам жоқ,- деді бөлім басшысы.

Биылғы Жолдауда халықтың осал тобына әлеуметтік көмек, қолдау әрдайым көрсетілетіні атап өтілді. Дегенмен шын мұқтаждардың арасында «жолын тапқандардың» да еніп кетуіне бейжай қарамау керек. Президент әлеуметтік көмек көрсету тетігін қайта пысықтау қажеттігін тапсыра келіп: «Жүргенге жөргем ілінеді» деген қағидатты енгізіп, өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру мәселесін қайта қараған жөн. Соны­мен қатар аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек. Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік сая­саты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді», деді.

«АДАМНАН АЙЛА АРЫЛҒАН БА?»

Мемлекеттен берілетін түрлі әлеуметтік көмек, төмендетілген пайызбен тұрғын үй ипотекалық бағдарламасына қатысу үшін де «ажырасатындар» бары «жаға ұстатар жағдай». Мемлекет басшысы кезінде «толық емес отбасы» деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан «әлеуметтік топтың жанашырларын» сөз ете келіп, сал­дарынан елде ажырасу көбейгенін айтқан еді.

– Ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осы­лайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Басқаша айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді, – деді Тоқаев.

Махамбет аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Зульфия Болатқызы неке қиюшылар саны өткен жылмен салыстырғанда 76 пайызға артқанын айтады.

– 2022 жылы 74, 2023 жылы 60, ал 2024 жылы 46 неке қию туралы акт жазбасы тіркелген. Ал биыл 9 айда АХАТ бөлімінде өзара келісіммен 9 неке бұзу туралы акті жазбасы тіркелді. 2024 жылдың 12 айында 5 өзара келісіммен, 5 сот шешімімен неке бұзылды. Жалпы АХАТ бөлімінде некелерін бұзу үшін өтініш берушілердің ажырасуға күйеуінің ішімдікке әуестігі, тұрмыс қиындығы, жұмыссыздық, басқа отбасына кетіп қалуы, ененің екі жастың арасына түсуі, ортада баланың болмауы себеп болып отыр,- деді З.Болатқызы.

Кәмелетке толмаған ортақ бала­лары бар азаматтар некелерін бұзу үшін тікелей сот органына барып, өтініш береді. Сот органдарынан АХАТ бөліміне келіп түскен сот шешімдері бойынша неке қию туралы акті жазбаларына тек қана некелерінің бұзылғандығы туралы белгі түсіріліп отырады. Өткен жыл­мен салыстырғанда бұл көрсеткіш 70 пайызға төмендеген.

АӘК КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – Кодекстің 120-бабының 4-тармағына сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы об­лыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасына шартсыз немесе шартты ақшалай нысандағы төлем. ҚР-да атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа та­бысы кедейлік шегінен аспайтын ҚР азаматтары, қандастар, босқындар, шетелдіктер және ҚР-да тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар ала алады. Жан басына шаққандағы орташа табыс – бұл отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі.

Кедейлік шегі – ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде белгіленген бір адамға шаққандағы ақшалай кірістің шекті ең төмен ша­масы. Өз кезегінде ең төмен күнкөріс деңгейін өңірлер бөлінісінде тоқсан сайынғы негізде ҚР Ұлттық статисти­ка бюросының органдары есептейді.

«Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII ҚРЗ Кодексіне сәйкес төмендегілердің әлеуметтік атаулы көмек алуға құқығы жоқ:

– отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісінің об­лыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен асуы;

– учаскелік комиссияның материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш берушінің бас тартуы;

– адамның (отбасының) материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша дайындалған, учаскелік комиссияның мұқтаждықтың жоқтығы туралы қорытындысы;

– осы Кодекстің 122-бабының 4-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, отбасының еңбекке қабілетті мүшесінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан күннен бастап алты ай ішінде бас тартуы;

– алушының кінәсінен бұрын жасалған әлеуметтік келісімшартты бұзу және (немесе) әлеуметтік келісімшартта көзделген міндеттемелерді орындамау – ата­улы әлеуметтік көмек тағайындауға қайталап өтініш бергеннің алдындағы алты ай ішінде;

– атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған мәліметтер және (немесе) анық емес құжаттарды олар ұсынылған күннен бастап алты ай ішінде ұсыну негіз болып табылады.

ӘЛЕУМЕТТІК МАСЫЛДЫҚ – ЕҢБЕККЕ ҚАБІЛЕТТІ АЗАМАТТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТ ТА­РАПЫНАН БЕРІЛЕТІН КӨМЕККЕ ТӘУЕЛДІ БОЛЫП, ЕҢБЕК ЕТУГЕ ҰМТЫЛМАУ ЖАҒДАЙЫ. МҰНДАЙ ҮРДІС ҰЗАҚМЕРЗІМДІ КЕЛЕ­ШЕКТЕ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ДА, ӘЛЕУМЕТТІК ЖҮЙЕГЕ ДЕ КЕРІ ӘСЕРІН ТИГІЗУІ МҮМКІН. ГЕРМАНИЯ, ШВЕЦИЯ СЕКІЛДІ ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДЕ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ТЕК ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНА ҚАТЫСҚАН, ҚАЙТА ДАЯРЛАУДАН ӨТКЕН НЕМЕСЕ ЖҰМЫС ІЗДЕП ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРҒА ҒАНА БЕРІЛЕДІ. БІЗДЕ ДЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ МЕН ЕҢБЕККЕ БЕЛСЕНДІЛІК ҚАТАР ӨРБУІ ҚАЖЕТ. ОН ЕКІ МҮШЕСІ САУ АЗАМАТТЫҢ ЕҢБЕК ЕТУГЕ ЫҚЫЛАС ТАНЫТПАЙ, МЕМЛЕКЕТКЕ МІНДЕТ АРТУЫ ТОҚТАМАЙ, МАСЫЛДЫҚ ПСИХО­ЛОГИЯДАН АРЫЛМАЙТЫНЫМЫЗ АНЫҚ.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT