ҚОҒАМ ДАМУЫ МЕН ЕЛДІҢ ӨРКЕНДЕУІНДЕ ҚАРАПАЙЫМ ЖҰМЫСШЫЛАР МЕН ЕҢБЕК МАЙТАЛМАНДАРЫНЫҢ ОРНЫ ҚАШАН ДА ЕРЕКШЕ. ОЛАР ТУҒАН ЖЕРІНІҢ ДАМУЫНА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСЫП, ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ БОЛАРЛЫҚ ІЗ ҚАЛДЫРҒАН. АУДАНЫМЫЗДАН ШЫҚҚАН ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІ МЕН ЕЛГЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АЗАМАТТАР – БҮГІНГІ КҮННІҢ МАҚТАНЫШЫ.
Махамбет ауданының Құрметті азаматы Әбілхайыр СҰПЫҒАЛИҰЛЫ
Әбілхайыр Сұпығалиұлының есімі махамбеттіктер үшін жақсы таныс. Ол 1939 жылы 15 наурызда Махамбет ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Махамбет орта мектебін бітіріп, сол жылы Қызылорда қаласындағы гидромелиоративтік техникумға түседі. 1961 жылы оқуын аяқтаған жас маман жолдамамен Махамбет селосында орналасқан Төменгі Жайық суару-суландыру жүйелері басқармасына жұмысқа орналасып, инженер-гидротехник, бөлім бастығы болып, 1966 жылға дейін жұмыс істеген. 1966 жылы СОКП комитетінің ауыл шаруашылығын мелиорациялау туралы май пленумы болып, облыстық су шаруашылығы басқармасының жолдамасымен “Ленин” орденді Передовик колхозында 1968 жылға дейін еңбек еткен. 1968-1972 жылдары Гурьев облыстық су шаруашылығы басқармасында өндірістік пайдалану бөлімінің бастығы, 1972 жылы Төменгі Жайық суару-суландыру жүйелері басқармасында, жөндеу құрылыс отрядының өндірістік пайдалану бөлімінің бастығы, 1982 - 1989 жылдары Төменгі Жайық суару-суландыру жүйелері басқармасында бас инженер болып жұмыс атқарған.
Осыған дейін талай жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Әбілхайыр Сұпығалиұлына 1989 жылы облыс әкімшілігі арнайы сұраныс жібереді. Сұранысқа сәйкес, ол су шаруашылығының жүзбелі насос стансаларын жасайтын Астраханьдағы “Досводавтоматика” бірлестігінің Атырау облыстық бөлімшесінің бастығы қызметіне кірісті. Ал 1994 жылы Махамбет ауданы әкімшілігінің ұсынысымен облыстық су шаруашылығы Төменгі Жайық суару – суландыру жүйелері басқармасының басшылық тізгінін ұстап, зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті.
Өзінің іскерлігі , ұйымдастырушылық қабілеті, халықпен етене араласуы оның беделін арттырды. Сол еңбегі ескеріліп, оған «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл – оның туған жерге сіңірген еңбегінің лайықты бағасы.
Социалистік Еңбек Ері Махамбет ЕСЕМБАЕВ
Махамбет Есембаев 1900 жылы Гурьев облысы, Бақсай ауданында жай шаруа отбасында дүниеге келген. Бала кезінде байдың малын баққан. 1917 жылы ет комбинатына жұмысқа кірген. Шопан болып жұмыс істеген. 1919 жылы 5 қарашада Мариям Есмағамбетовамен шаңырақ көтеріп, екеуі өмірге үш ұл, үш қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген. 1932 жылы Гурьев облысы, Бақсай ауданында алғаш рет совхоз құрылған болатын. Махамбет ағамыз сол совхозда зейнеткерлікке шыққанша аға шопан болып қызмет атқарған.1942 жылы 1 қаңтарда Кеңес армиясы қатарына алынып, майданға аттанады. 1945 жылы 29 тамызда елге оралады. 1946 жылы 5 қыркүйекте “За победу над Германией в Великой Отечественной войне” медалімен марапатталады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1957 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысы бойынша «Қазақ ССР Социалистік мал шаруашылығының еңбегі сіңірген шебері» құрметті атағы берілді. 1957 жылы 5 қарашада Гурьев облысының бюро мүшелерінің облыстық мәслихат депутаттарының қаулысымен №65/25 “ Құрмет кітабына” енгізілген. 1958 жылы 29 наурызда КСРО Жоғарғы Совет Президиумының қаулысымен “Социалистік Еңбек Ері” атағы берілді және “Ленин” орденімен марапатталды. 1960 жылы зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті демалысқа шықты. Әкесінің салған еңбек жолын ұлы Қонысбай Махамбетов жалғастырды. Өз ісіне жан-тәнімен берілгенділігінің арқасында ол ең жоғарғы марапаттардың біріне – «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды. Ол өз дәуірінде аудан халқының өмірін жақсартуға зор үлес қосып, артында өшпес із қалдырды.
Еңбек ардагері Габдулгазиз ҚАРАБАЛИН
Габдулгазиз Қарабалин 1930 жылы 11 ақпанда Атырау облысы, Новобогат ауданы Мыңтөбе ауылында дүниеге келген. Ата-анасы колхозшы болған. Жас кезінен еңбекке ерте араласып, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл қызмет етті. 1954 жылы ауылшаруашылық институтын бітіріп, агроном мамандығын алып шығады. 1957-1958 жылдары Новобогат совхозында бас агроном болып жұмыс істеген. Сонымен қатар Қызылқоға аудандық Советі атқару комитетінің орынбасары, аудандық ауылшаруашылық инспекциясының бастығы болған. 1960-1963 жылдары Қызылқоға ауданындағы Коммунизм жолы колхозында колхоз төрағасы, Қызыл ту совхозында бас агроном болып қызметтер атқарған. 1963-1974 жылдар аралығында Ленин совхозында бас агроном болып жұмыс жасайды. 1974-1980 жылдар аралығында Новобогат ауданында «Новобогат» совхозының директоры болған. 1980- 1983 жылдары Новобогат аудандық ауылшаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болды. 1983- 1987 жылдары Махамбет ауданында аудандық агроөндірістік бірлестігінің бастығы, аудандық Совет атқару комитетінің бірінші орынбасары болып, жауапты басшылық жұмыстарды атқарған. 1987 жылдан бастап аудандық агроөндірістік бірлестігінің бас агрономы болып жұмыс істеп, 1990 жылы зейнеткерлікке шығады.
Ол осылайша жас шағынан қарапайым жұмысшы болып тәжірибе жинап, уақыт өте келе білікті маманға айналды. Әріптестерінің арасында сыйлы болып, жастарға үлгі көрсетті. Еңбектегі табандылығы мен адалдығы үшін бірнеше мәрте марапатқа ие болып, ел құрметіне бөленді. Бүгінде ол еңбек ардагері ретінде жастарға үлгі, еңбекқорлық пен төзімділіктің жарқын символы болып отыр.
Бүгінгі жас ұрпақ үшін осындай азаматтардың өмір жолы – үлкен өнеге. Қарапайым жұмыстан бастап, елдің дамуына орасан зор үлес қосқан тұлғалардың еңбегін дәріптеу – біздің парызымыз. Олардың өмір жолы – еңбекқорлықтың, табандылықтың және елге деген адал қызметтің айқын көрінісі. Осындай азаматтарды ардақтау арқылы біз еңбек құндылығын дәріптеп, жас буынға үлгі боларлық асыл мұра қалдырамыз.
А.АСҚАРҚЫЗЫ