Масылдықпен өткен өмір мәнсіз немесе еңбек етпесең, елге өкпелеме!

Сурет: Zakon.kz

Бүгінгі қоғам әлі күнге тегін дүниені көрсе, жантала­са қармап қалу, жанды қинамай, жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылу психологиясымен өмір сүруде. Оған әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайда­лану, жұмыссыздық және оны Үкіметке міндетсіну, шын мұқтаждарға берілетін мемлекеттен берілетін көмекті қандай айлаға барса да иеленіп қалу жағдайларын мысал етуге болады. Елге жүк болу адамға да, қоғамға да жақсы си­пат емес. Мұның соңы мемлекеттік бюджетке жүктеменің артуы, өмір сүру сапасының нашарлауы, экономиканың ілгері дамымауы, жалпы жағдайдың төмендеуі сияқты әртүрлі жағымсыз салдарға әкелетіні белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та түрлі жиында сөйлеген сөздерінде елді еңбекке, жауапкершілікке шақырады. Президент бірде Үкімет отырысында елімізде әлеуметтік қолдау бағытында көрсетілетін көмектер көбейген сайын «мемле­кеттен ала берсем» дейтін тоғышар пиғылдылардың қатары өсіп бара жатқанын айтып, өкінішін білдірген болатын. Ол өз сөзінде: «Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор. Бірақ, оның да шегі бар. Ең бастысы әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен ай­ырады. Мұндай жалынсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да адамдардың сана-сезімі де өзгеруі тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге ба­рынша назар аудару керек»,– деген болатын.

Еліміздің еңбек нарығында жұмыс істейтіндер мен жұмыссыздардың арақатынасы әрдайым зерттеліп, тал­дау жүргізіліп отырады. Адамдардың мемлекетке масылдылық деңгейін азайту мақсатында жауапты органдар жастарды жұмыспен қамту, қайтарымсыз кредит беру, кәсіпкерлікке баулу секілді қолдау шараларын жүргізіп отырады. Бұл едәуір халықтың осал тұстарын азайтуға, еңбекке дағдыланған халықтың үлесін арттыруға көмектеседі.

Статистика бюросының ақпаратынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарын­да 2024 жылғы сәуір айының соңындағы жағдай бойынша, 315,6 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 3,3% құрап отыр. Ал аудандық Мансап орталығы мамандары берген мәлімет бойын­ша, жұмыссыздар саны 1566 адам болса, оның ішінде жыл басынан бері 795 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып, күні бүгінге 435 адам (54,7%) тұрақты жұмысқа орналасқан.

- «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде ау­дан бойынша жұмыс атқарылуда. Жұмыс берушілердің сұратуы мен қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 7 адамға жоспарланды. «Бастау бизнес» жобасы аясында 76 адам оқу курсынан өтіп, сертификат­тарын алды. Жаңа бизнес-идея­ларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша биылғы жылға 2 мүгедек, 4 көпбалалы, 1 мүгедек баланы бағушы адам грант иегері атанды. Әлеуметтік жұмыс орындарына берілген жоспар бойынша биыл 40 адам, «қоғамдық жұмыстардың» жоспарына сәйкес, 238 адам әртүрлі мекемеге жұмысқа жіберілді. Оның ішінен 19 адам тұрақты жұмысқа орналасып отыр. «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша 43 жас әртүрлі мекеме­лерге жіберілді. Оның ішінде 17 жас келісімшартты мерзімінен бұрын аяқтап, 5 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыссыз ретінде тіркелген жастарға және түрлі оқу орындарынан оқуды аяқтаған студеттердің тізімдері алынып, толықтай зерделеу жұмыстары жүргізілді. Жастардың басым бөлігі еңбекақының төмендігін алға тар­туда. «Алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыру» бойынша бүгінде 4 адам қызмет атқаруда. «Күміс жас» жобасы бойынша биылғы жылғы жоспар 52 болса, қазіргі таңда 55 адам жоба бойынша еңбек етуде. «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы бойынша биылғы жылы 2 адамды қамтып отырмыз, - дейді аудандық Мансап орталығының басшысы Ақнұр Нұрғазина.

Қазір әлеуметтік желі арқылы садақа сұрау қалыпты әдетке айналғандай. Тіпті блогерлердің ұйытқы болуымен қарапайым халықтан қаражат жинап, баспана алып беру, ауырып жатқандарға қаржы беру, түрлі конкурс-лотерея­лар арқылы жиналған ақшаға көлік, үй немесе саяхатқа жіберу сынды оңай олжалар көбейіп кетті. Мұның соңы масылдыққа апармай ма? деген­дей алаңдаушылық та жоқ емес. Дін тұрғысынан айтар болсақ, садақа алу­ды кәсіпке айналдыруға болмайтыны анық айтылған. Бір күндік тамағы бар болған адамның қайыр сұрауы – харам. «Кім біреуден бірдеңе сұрап, дәметіп күтетін болса, ол кедейліктің 70 есігін ашады» делінген хадисте. Демек, масылдық біреуден тіленудің түбі кедейлік екені ақиқат.

- Айламен мемлекет қаражатын иемденіп, мұқтаждарға тиесілі болған көмекке ортақтасу адал табыс емес. Мұсылман адам өзіне тиесіліге әділдікпен қол жеткізуі керек. Себебі, асыл дініміз бізге адал жолмен несібемізді табуға бұйырады. Сондай-ақ харамнан сақтанған адамның екі дүние нығметіне кенелетінін сүйіншілейді. Пайғамбарымыз с.а.у. «Адал пайда табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз» деген. Ал кісі ақысына қол сұғып, арам жолмен жеткен дүние берекесіз болады. Мұндай амалға барған кісі мұқтаж жанның алдында да, Алла алдында да айыпты болып, күнә арқалайды, - дейді исламтану­шы Назерке Сейілханқызы.

Адал еңбек еткеннің аузынан ақ майы ақпаса да күнкөрісі түзу. Байлыққа белшесінен батпаса да ешкімге алақан жаймайды және кіріптар болмайды. Әрі адал ризық адам бойынан ізгі істің көрініс та­буына себепші болады. Әрбір адам заманға сай кәсіп иесі, өз саласының майталманы болумен қатар, адал табысты басты орынға қоюы тиіс. Ахмет Байтұрсынұлы «Адал кәсіппен күн көре алмайтын, я арам жемесе, басы ауыратындар қай жерде де болса табылады», – дейді. Арамдық, айлакерлік – әркімнің қолынан келуі мүмкін, ал адал табыс тауып, отбасын адал еңбекпен бағу – адамшылықтың белгісі.

Жалпы жәрдем сұрағандардың бәрін жалқау, масылдық санадан айырыла алмай жүр деу жала бо­лар еді. Дегенмен, жағдайы төмен отбасыларға бөлінген несібені орта жолдан пайдаланғысы келген жан­дарды “масыл” демеске амал жоқ. Көп бала тудым деп оны бұлдайтын немесе жұмыссыз жатқанына ұялмайтын, бірақ жағдайы төмен екенін айтып, жәрдемақы сұраудан да қымсынбайтын, ал көшеде қара жұмыс істеуді намыс көретін азаматтардың көбеюі де осы масылдық көрінісі емей немене? Жәрдемақыға иек артып, кейбір отағасылардың жұмыстан бас тартуы, тегін пәтер, басқа да көмек түрлерін сұраушылар да көбейгені жасырын емес. Баланың несібесіне ортақтасып, үйінде жұмыссыз отырған әкелердің көбеюі, оларға ұсынылған жұмыстардан бас тартуы масылдық туралы ойдың туындауы­на ықпал етіп отыр. Әрине, мұндай әрекет шын мұқтаждарға да кесірін тигізуде. Тіпті сондай масылдардың өздеріне жалған құжаттармен заңсыз жәрдемақы тағайындап алуы қоғамымызда заңсыздықтарға жол ашуда. Заңсыз тағайындалған көптеген жәрдемақы құқық қорғау орындары тарапынан анықталып, кейін мемлекетке кері қайтаруға міндеттелгені – соның айғағы.

Қазіргі таңда әрбір елді мекенде кедейлік шегінен және күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар, жұмыссыздар санын анықтау мақсатында зерделеу жұмыстары тоқсан сайын жүргізіліп отырады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуемттік бағдарламалар бөлімі мамандары берген мәліметке сәйкес, ағымдағы жылдың екінші тоқсанына жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен (31937 теңгеден) төмен 54 отбасындағы 335 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, 18 отбасы кедейшілік шегінен шығып, АӘК алушылар саны 0,3 пайызға азайып отыр.

- Егер де осы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасында еңбекке жарамды азаматтар болса, ол кісілерді біз жұмыспен қамту шараларына тартамыз. Өз кезегінде ол адам келісіп, әлеуметтік шарт жасалады. Ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда, отбасыға берілетін АӘК тоқтатылады, - дейді бөлім мамандары.

Масылдық психологиядан арылу жүйелі де жоспарлы жұмысты қажет етеді. Ең алдымен, тәрбие тал бесіктен басталады емес пе? Бала ата-анасына қарап өседі. Сондықтан еңбек ету, баласының болашақтағы таңдаған мамандығы туралы от­басында көбірек талқылануы керек. Өйткені, тәрбиені ең алдымен ата- анасы береді.

– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, ата-ба­бамыз еңбек етуді, өз күніңді адал еңбекпен көруді үнемі дәріптеген. Ал қазіргі қоғамға назар салсақ, жаны қиналмай, алақаны ойылмай, ақша тапқысы келетіндер көбейген. Әсіресе, жастар еңбек етпей, бірден байып кетуге әуес. Осыдан келіп, қазіргі кезде маңызды мәселенің бірі – масылдық психологиясы қылаң береді. Турасын айтсақ, масылдық бұл жалқаулық дегенді білдіреді. Еңбекқор болу немесе жалқаулық – мінезден. Мінез адаммен бірге тумайды, қалыптасады. Оны қалыптастыратын – адамның өскен ортасы. Ақша қаншалықты жеңіл жолмен келген сайын адам да жеңіл өмірге бейімделе бастайды. Жұмыс барысында орын алған бір жағдайды мысалға келтіріп өтсем. А. есімді бойжеткен өзінің болашақ жарын таңдау мәселесімен жолыққан бола­тын. Оны алаңдататыны болашақ жарының табысы. Айтуынша, жігіт инвестицияға (лудомания) ақша салып, соның өсімін айлап күтумен табыс табады екен. Мұндай та­быс- пен болашақ отбасымызды қалай асырайды деп уайымдаған бойжеткен тұрмысқа шығуына сенімсіз. Кеңес сұрап келгеннен кейін психолог кеңес береді, ал ақырғы шешімді әр адам өзі қабылдайды. Маман ретінде мен оған өз ішкі түйсігіне құлақ түру, қандай шешім қабылдаса да, сенімділікпен қабылдау жөнінде кеңес бердім. Қоғамда бұдан бөлек, аз ақшаны бірден көбейткісі келетіндерге арналған ойындар тағы бар. Жан қинамай, жеңіл ақша табуды үйретемін деген курстардан көз сүрінеді. Масылдықпен өмір сүру – өміріңді зая кетірумен тең. Егер адамның 30-35 жасқа дейін өз бас- па­насы болмаса, қалған ғұмырында да сол үйреншікті жалқаулықпен өмір сүре беруі мүмкін. Суырдың да іні бар. «Үкімет үй беруі керек, мемлекет бағуы керек» деген қоғамды бұзатын осы жалқаулық психологиясы. Одан арылмасақ, өзімізге де, ұрпағымызға да жақсылық әкелмейді, - дейді «Шапағат» қоғамдық қорының пси­хологы, педагогика және психология мамандығы бойынша магистр Гуль­вира Кубышева.

Абай атамыз: «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», десе, Ахмет Яссауи баба­мыз: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт тап­пайды», – деген екен. Олай болса, еңбек бар жерде – жамандыққа жол жоқ. Еңбек етпей, елге өкпелеу орынсыз. Шынайы еңбек қана қоғамды масылдықтан құтқарады.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT