Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттыру – елдіктің белгісі. Қандай қиын сәттерде де ауа райының қолайсыз жағдайларында да, апаттық оқиғалар кезінде коммуналдық сала қызметкерлері әрдайым алдыңғы шепте жүреді. Жуырда 16 сәуір – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің күніне орай ауданда салтанатты жиын өтіп, сала мамандарына құрмет көрсетілді.
Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында қызмет етіп жүрген жұмысшылардың еңбектерін жоғары бағалады.
– Жалпы ауданда коммуналдық шаруашылық мекемелерін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы екі жылда 15 ауылдағы су тазарту қондырғысы толық жөндеуден өтті. Бұрын суды тұтынуға шектеулі уақыт болса, бүгінде тұрғындар суды тәулігіне 24 сағат тұтынатын жағдайға жетті. Биыл ауыз сумен қамтылмаған 4 елді мекен – Атамбаев, Бала Ораз, Есмахан, Көздіқара таза ауыз сумен қамтылып отыр. Қазіргі уақытта бұл құрылыс жұмыстары аяқталып, үйдің ішіне су желісін кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы – тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін аса маңызды бағыт. Сіздердің күн сайынғы қажырлы еңбектеріңіздің арқасында аудан тұрғындары электр энергиясымен, жылумен, ауыз сумен, кәріз суын тазарту қызметтерімен үздіксіз қамтамасыз етіліп келеді. Тұрғындар тыныштығы мен тұрмыстық жағдайының жақсаруы – сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі. Жұмыстарыңызға сәттілік пен табыс тілеймін,– деді аудан әкімі.
Салтанатты жиын барысында салада абыройлы еңбек етіп жүрген қызметкерлер марапат төрінен табылды. Атап айтқанда, «Жомартжан» ЖШС директоры Артур Иманалин облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталса, «РЦКУ-Атырау» ЖШС Махамбет аудандық менеджері Жәмила Зиноллақызы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Махамбет учаскесінің электромонтері Амангелді Гарифуллин, «Махамбет-Су» мекемесінің экскаватор-операторы Әбдірахман Мақтымқұлов, «Табиғат» ШЖҚ КМК Махамбет өндірістік учаскесінің ауыр жүк көлігін жүргізуші Жанболат Керешов пен «Жомартжан» ЖШС көлік жүргізушісі Бекболсын Әжібаевке облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Айдулат Кенжебековтің Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар бір топ қызметкер аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының қатысуымен дайындалған концерттік бағдарламамен жалғасып, еңбек пен түрлі кәсіп иелеріне арналған әндер шырқалды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ