Қоғамдық ұйымдар қолдау күтеді

Аудан әкімінің орынбасары А.Аймұратовтың төрағалығымен үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өтті. Облыстық Әділет департаменті және аудандық бөлім басшылары, аудандағы үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысқан жиынның күн тәртібіне екі мәселе қойылды.

Алғашқы боп аудандағы белсенді үкіметтік емес ұйымдардың 2024 жылғы атқарған жұмыстары және 2025 жылға арналған жоспарлары жөнінде аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшы­сы Н.Аруев баяндады.

- Қазіргі таңда ауданда 14 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде 8 қоғамдық бірлестік, 6 қоғамдық қор болса, оның 3-еуі жұмысын жүйелі түрде жүргізіп отыр. Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың әлеуметтік жобаларына сомасы 4400,0 мың теңге қаржы бөлінді. Атап айтсақ, «Спорт та бізге бағынышты» шара­сына – 800 мың теңге. Жеңімпаз «Ержүректілер» ҚБ аталған қаржы есебінен спорттың 4 түрінен облыстық турнир ұйымдастырды. Оған 6 аудан мен Атырау қаласынан 70 мүмкіндігі шектеулі жан қатысып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сол секілді «Отбасым – мерейлі мекенім» шарасына 800 мың теңге бөлініп, оны «JARQYN BOLASHAQ» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Республика күні қарсаңында өткен мерекелік шара­да отбасылық құндылықтарды на­сихаттап жүрген аудандағы үлгілі, өнегелі отбасыларға Алғыс хат және сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек, аталған қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен «Сарайшық: тарихқа тұнған туған өлке» атты облыстық суретшілер байқауы, сы­байлас жемқорлықтың алдын алу бағытында волейболдан турнир, «Ашық алаң» ересектер арасында дебат, «Әділ қоғам – жарқын болашақ» атты ин­стаграмм желісі арқылы әуесқой суретшілер арасында сурет байқауы да өткен болатын. Сонымен қатар мек­теп оқушылары арасында “Makhambet CAP-2024” пікірталас турниріне 800 мың теңге бөлініп, шараны жоғары деңгейде өткізді.

Биылғы жылы аудан бойынша 2025 жылға жоспарланған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың әлеуметтік жобалары және жалпы сомасы 27600,0 млн. теңге қаржы бөлініп, арнайы жо­спар жасақталды, - деді бөлім басшысы Н.Аруев.

Үкіметтік емес ұйымдарға қойылатын талапқа сәйкес, атқарған жұмыстары туралы жылдық есептерін esep. govtec.kz сайтына тапсырып отыруы тиіс. Осы орайда, «деректер базасы­на 2024 жылғы қорытынды бойынша есеп тапсыру» және ҮЕҰ жұмысын ұйымдастырудағы өзекті мәселелер төңірегінде облыстық Ішкі саясат басқармасы «Азаматтық орталығы» КММ маманы Нұрай Сүйеуқызы ай­тып берді.

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары ту­ралы жылдық есептерін 9 үкіметтік емес ұйым тапсырды. 3 ҮЕҰ иесі дүниеден озып, қазіргі таңда жұмысы қозғалыссыз тұр. Сондай-ақ 2 ҮЕҰ иелерімен байланысу мүмкін болмай отыр. Жұмыс жасамайтын 1 ҮЕҰ өткен жылы жабылып, жаңадан біреуі тіркелу үстінде. Қазіргі таңда ауданда белсенді жұмыс жасап отырған 3 бірлестік қана. Жылдық есептерін уақытылы тап­сырмайтын ҮЕҰ біздің жұмысымызға кедергі келтіреді. Сондықтан әрі қарай жұмыстарыңызды жалғастырмайтын болсаңыздар, ҮЕҰ жабуларыңызды сұраймыз.

Осы күнге дейін «Азаматтық орталықтың» ықпалымен ауданға бірнеше миллион қаржы тартылған бо­латын. Алдағы ҮЕҰ-дың санын арттыру, облыстық, республикалық гранттарға қатысуға ықпал ету мақсатында жүйелі жұмыстарды қолға алмақпыз, - деді өз сөзінде Н.Сүйеуқызы.

Ауданымыздағы белсенді «Ақжол» және «Ержүректілер», «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері өздерін толғандырған инва­такси қызметі, деректер базасына есеп тапсыру бойынша қойған сауалдарына жауап алып, аудандағы белсенді ҮЕҰ өкілдеріне жұмыс жасайтын кабинет­тер берілсе, әлеуметтік тапсырыс бой­ынша бөлінетін қаржы көлемін арт­тырса деген ұсыныстарын жолдады.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары А.Аймұратов ішкі сая­сат бөліміне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру­ды, барлық бөлімдерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жо­спарды мерзімінде сапалы орында­уды, «Азаматтық орталық» маманы­на ҮЕҰ-мен тығыз байланыс жасап, жұмыстарын үнемі бақылауда ұстап отыруды тапсырды.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT