Маралтай ақын – Махамбетте

Маңғаз жырлары арқылы махамбеттіктерге әсем демалыс тарту етілді.

Ақын Маралтай Райымбекұлы – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Жастар Одағының (1981), мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты(2000), 1997-1999 жылдары ҚР Президенті стипендиясының иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық бірнеше жыр мүшайраларының бас жүлдегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

Өлеңдері 1987 жылдан бері республикалық басы¬лымдарда жарық көріп келеді. Алғашқы кітабы «Ай- нұр» 1996 жылы шықса, екінші жинағы «Ай» 2000 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан. Сонымен қатар «Қарлығаш», «Қос ішек», «Толқыннан толқын туады», «2000 жылдардағы дала жыры», «Жас ақындар» анто¬логиясы сияқты ұжымдық жинақтарға өлеңдері енген. «Өнерпаз» мәдениет үйіне келіп, махамбеттіктермен арнайы кездескен ақын жиылған халыққа өлеңнен шашу шашып, «Аруана» кітабының тұсаукесерін жасады. Жиналғандар алдымен жазушының «Аруана» поэмасының негізіндегі көріністі тамашалады. Көріністегі Берке ханның қызы Хиссадин сұлуды отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, Сарайшықтан ұзатып әкетуі, арада 18 жыл салып, ақ түйеге мінген Хиссадин сұлудың Сарайшыққа оралуы, оның Берке хан мазарына тәу етіп, қайтарында ұры-қарыларға тоналып, улы жебеден еліне жетіп өлуі шебер суреттелді. Қайрат Жұмашевтың орындаған «Сарайшық – құтты мекен» сазды әнімен керемет қойылымды көрермен ықыласпен тамашалады.

Арқалы ақын Маралтаймен кездесуге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нариман Биғали ақынға то¬лайым шығармашылық табыстар тілеп, естелік сыйлық пен алғыс хат тапсырды. Жырсүйер қауымға тегеурінді отты өлең-жырларын арнаған ақынның «Адасқақ», «Махамбеттің мүсіні», «Адилия», «Қарағаш», «Игілік», «Құдірет», «Алғашқы сезім» өлеңдері тыңдармандар жүрегіне жол тапты. Өзінің сүйікті ақыны Е.Раушановтың «Қош бол дедім құмдарға» өлеңін де мәнерлеп оқуды ұмытпады. Кеш соңында жергілікті ақын ағамыз Қажымұқан Есқалиевтың «Қаламгерлер» әнін Ә. Төлеуов шырқап, отырғандар орнынан тұра қол соқты. Осылайша ақынға құрмет көрсетіліп, Маралтайдың маңғаз жырлары махамбеттіктерге бір әсем демалыс тарту етілді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521


Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.
Махамбет селосы, Абай көшесі 10.
тел. 2-11-34, 2-13-49
Факс: 2-11-34
Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

© 2023 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

Әлеуметтік желілеріміз