Білікті ұстаз Күнбай Жармұқашқызы 90 жасқа толды

Кішкентай кезінде әрі еркелетіп, әрі шаңырақта болашақта ұлдар өмірге келсін деген оймен оны әжесі мен үй-іші Күнбай атап кетті.

Сол ат оған айдар болып тағылды. Шын аты Күнсұлу болғанымен ауыл адамдары да, өз балалары да күні бүгінге дейін Күнбай дейді, құжаттарында да солай жазылыпты.

ҰСТАНЫҢ ҚЫЗЫ

Жайықтың бұқар бетіндегі Құмшығанақ деген жерде 1932 жылы Жармұқаш пен Ырыстың шаңырағында тұла бойы тұңғыштары Күнбай өмірге келді. Жармұқашты орта бойлыдан жоғары, сом денелі, дөңгелек бет, маңдайы кең, қара торы, шашы өте қатты, түсі қоңыр болғасын бала кезінде жеңгелері Қарабала атады. Сондықтан азан шақырып қойған есімінен гөрі Қарабала, Қаракен деген атымен танымал. Жармұқаш шаруа, қолынан келмейтіні жоқ шебер, ұста болған. Бала кезінен қара жұмыспен айналысып, оның үстіне темір ұстасы болғандықтан денесі құрыштан құйылғандай еді. Сондай-ақ, қара қылды қақ жаратын әділ, жақсыны да, жаманды да тура көзге айтатын батыл адам болыпты. 1943 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, бірқатар май- дан даласындағы ұрыстарға қатысады.

– Курск иініндегі үлкен шайқаста немістердің өте мықты бекітілген позициясына шабуыл кезінде аяғына, кіндік тұсына оқ тиіп, ауыр жараланады. Бірнеше рет жасалған күрделі отадан кейін медициналық комиссия әкемізді әскерге жарамсыз деп табады. Иркутскіде госпитальда он ай жатып, 1944 жылдың сәуірінде елге оралды. Әкем жас кезінде от пен темірдің арасында жүріп шыныққан ұста болмаса, ішек-қарынның быт-шытын шығарып кеткен автомат оқтарынан аман қалар ма еді? Беліне ішек-қарынды көтеріп тұратын бандаж байлап жүрсе де, біздердің қамымызды ойлап, бірден ұжымшар жұмысына құшырлана кірісіп, қайтадан темір ұстасы болды. Майдан даласында жауынгер, ауылда ұста бола жүріп, жеңіске өз үлесін қосты,-дейді Күнбай апа.

Ал анасы Ырыс орта бойлыдан биік, жіп-жіңішіке, қырмұрын, жұқалтақ, оймақ ауыз адам болған. Үй шаруашылығымен айналысты, бала өсіріп, оларды тәрбиеледі. Анамыз 9 құрсақ көтерсе, екеуі ерте қайтыс болған. 1985 жылы Жармұқаш аға қайтқаннан кейін Ырыс апа да ұрпақ алдындағы ерекше жауаптылықты сезінді. Әулеттің тұтастығы, құрыштай беріктігі, ұрпақтың сәулетті болашағы, адамгершіліктері мен туысқандық қабілеттерінің жоғары болуы, жүрген ортасында шын мағынасында беделді болудың маңыздылығын түсіндіріп өтті.

k

КАЗПИ-ДІҢ СТУДЕНТІ

Күнбай Жармұқашқызының балалық шағы Құмшығанақ ауылында өтті. Мектеп табалдырығын аттаған алғашқы жылдары сол ауылда, кейін соғыс кезінде көкесі Құтжанның үйінде жатып оқып, Кулагиндегі Жамбыл орта мектебін бітірді. Жоғары оқу орнына түспек мақсатта Құтжан көкесінің қызы Нұрбай екеуі арман қуып, Алматыға аттанады. Талай қызға арман болған ЖенПИ, қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне құжаттарын тапсырады.

– Апамның денсаулығында кінәрат болды. Сондықтан екеуміз әрдайым бірге жүретінбіз. ЖенПИ-ге оқуға тапсыру барысында маған бір балл жетпей қалып, оқуға түсе алмай қалдым. Ал апам сол оқу ордасының тарих факультетінің студенті атанды. Құжаттарымды қолыма алып шыққанымда радиодан КазПИ-дің география факультетіне оқуға қабылдау жүріп жатқандығы туралы хабарлама айтылып жатты. Жедел басып, аталған факультетке құжаттарымды тапсырып, оқуға емтихансыз қабылдандым. Студент кезімізде Кеңес Одағы мен Орта Азия мемлекеттерін түгелдей шарладық. Орыс тіліне жетік болмасақ та, ізденіп оқып жүріп, институтты қызыл дипломмен бітірдім,-дейді Күнбай апа жастық шағын бір еске алып.

Осылайша, Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтының география факультетін бітіріп, елге келеді. 8-ші ауылдағы Қызыл үй және Махамбет ауылындағы орта мектептерде мамандығы бой- ынша зейнеткерлікке шыққанша дәріс берді. Алдыңғы қатарлы әдіскер, құрметті оқытушылардың бірі болды. «Бүгінгі күні немерелерімнің қолындағы оқулықты қарап отырып, осы кітапты жазған авторлардың географиядан мүлдем хабары жоқ-ау деп ойлаймын. Балаларға алдымен картаны үйрету керек қой»,- деп анамыз ренішін де білдіріп қалды.

КҮЙШІНІҢ ӘЙЕЛІ

Күнбай анамыз оқытушы болып жүріп, өнер адамы, әнші, домбырашы Қабдол Сарин есімді азаматқа тұрмысқа шықты. Қабдол аға аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, аудан орталығындағы денсаулығы кеміс балалар мектебінде тәрбиеші болды. Орта мектептерде ән сабағынан дәріс те беріп жүрді. «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегері атанды. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, күйшілік өнерді серік еткен Зәмзәм Ещанова ағайдың нағашы апасы еді. Күнбай апамыз да ағамыздың өнеріне ғашық болғанын жасырмады.

– Жолдасымнан ол өмірден өткенше бір ауыр сөз естімеппін. Ағайынның арасында ауызбіршілікті алғашқы орынға қойдық. Ол аудандағы мәдениет, білім беру саласының дамуына үлесімізді шама шарқымызша қосып келдік. Балаларым біреуден ілгері, біреуден кейін, қалаулы азаматтар болды. Қызым Айгүл әкесіне тартқан, әнші болып өсті. Марал, Самал, Салауат, Серік және Берік есімді ұлдарым нарықтық-экономикалық қарым-қатынасқа бейімделіп, әртүрлі шаруашылық са- ласында қызмет атқарып келеді. Атақ-даңққа ұмтылу қанымызда жоқ қасиет. Халықтың, шәкірттерімнің алғысынан артық ілтипат жоқ деп есептеймін. Елімізде тек тыныштық болсын,- дейді апамыз.

k

Қазіргі күні уақытын газет, кітап оқумен өткізіп отырған Күнбай апа – балаларының ақылшысы, немерелері мен шөберелерінің сүйікті әжесі. «Еңбек ардагері», Ұлы Жеңістің аяқталғанына орай шығарылған медальдардың иегері бес ұл, бір қыздан 18 немере, үш жиен, 41 шөбере көріп отыр. Немересі Марат пен келіні Айнұрдың қолында шалқып отырған жайы бар. Ғұмыр бойы білім беру саласында тер төгіп, сансыз шәкірт тәрбиелеп, шартарапқа қанат қақтырған ұлағатты ұстаз Күнбай Жармұқашеваның ізгілікті істері көпке үлгі-өнеге.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT