Осынау жасымда талай мерекелердің куәсі болған екенмін.
Ақсарбас айттырып, ата-бабамыздың арманы орындалған тәуелсіздігімізге биыл 31 жыл болып қалыпты. Ал осы егемендігіміздің ең алғашқы құжаты 1990 жылы 25 қазанда қабылданған болатын. Өз мемлекеттігімізді сезінудің тәтті дәмін алғаш сол кезде татқан едік. Бұл барша қазақ халқына ортақ сезім деп ой¬лаймын. Сондықтан да бұл мерекенің орны тіпті ерекше. Егемендігімізді алып, имандылыққа бет бұрып, әдет-ғұрыптарымыз бен салт- дәстүрлерімізді қайта тірілте бастадық. Өзіміздің төл теңгемізге қолымыз жетті. Сол кезде теңгемізде бейнеленген халқымыздың ардақты перзенттерінің бейнесі ұлттық рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген болатын. Өз мемлекетімізді құрған алғашқы жылдардағы қиыншылықтар,нарықтағы қымбатшылықпен қолайсыздықтарды қазаққа тән төзімділігіміздің арқасында жеңіп шықтық. Ол үшін әрқайсымыздан қажырлы еңбек, адал іскерлік және жоғары отаншылдық сезім талап етілді. Бір тудың астына біріккеніміздің нәтижесінде Қазақ елі әлемге танылды.
Республика күні өз уақытында елімізді мекен еткен көп ұлтты халқымыздың шынайы татулығын сақтау,экономикалық дербестігімізді нығайту ұлтаралық түсінік пен сыйластықты орнықтыру жолындағы еңбек мерекесі ретінде тойланған еді. Болашақта да отаншыл жастарды ұлттық құндылықтарды қадірлеуге, азаттығымыздың қадірін білуге, бір қолдан жең, бір жағадан бас шығаратындай ұйымшылдыққа ұйыстыратын мереке ретінде маңызы жоғарылайтынына сенемін.
Мәндірғали ОРАЗҒАЛИЕВ,
ауданның Құрметті азаматы