Көшеде иығына телефон кабелін асынған «Қазақтелекомның» электромонтерлары арасында 35 жылдан астам уақыт бойы табан аудармастан қызмет етіп келе жатқан Мәулет Ерғалиевты ерекше атап өтуге болады.
1980 жылы Махамбет орта мектебін бітіргеннен кейін бірден еңбекке араласып, құрылыс жұмыстарын жасап келген. Кейін 1984 жылы телефон мен радиоға, жалпы байланыс саласына қызығушылығы оянып, қалааралық байланыс торабына жұмысқа орналасады.
- Біздің негізгі жұмысымыз – кабель ауыстыру, оны тарту, телефон байланысын орнату, жұмыс барысын бақылау. Жұмыстың қиындығы да, қызығы да бары рас. Бұрын көлік тапшы мезгілде жаяулап Жалғансай, Сарытоғай ауылдарын аралап кетеміз. Телефонның өзі бірен-саран адамдарда және мекемелерде ғана болатын. Қалааралық байланыс торабынан ақау пайда болса шұғыл жөндеуді тапсыратын. Түнгі уақыт болса, да тапсырманы орындау керек. Әсіресе, қысқы мезгілде қиын. Қазір байланыс саласы жақсы жолға қойылған. Стансаның бәрі дерлік жаңарған, астыңда көлік. Жас мамандармен де қатарымыз толығып келеді. Қатар еңбек етіп келе жатқан Ерсайын Кашкенов, Жүсіп Мырзағалиев, Абат Амиров, Райымбек Измағамбетов пен Ерболат Аманғалиевтарды ерекше атап өтер едім. Еңбегімізді ескеріп, еңбек өтілі 25 жылдан асқан қызметкерлерге мерейтойлық төсбелгі табыстады,- дейді Мәулет Төлегенұлы.
Аталған мекеменің ыстығы мен суығын Мәулет ағамен бірге көріп келе жатқан кабель дәнекерлеуші Абат Амиров та әріптесі жөнінде жылы пікірде.
- Мен жұмысқа 90-шы жылдары орналастым. Қыстың қақаған аязына да, жаздың аптап ыстығына да қарамай, жұмыс істедік. Ол кезде қазіргідей қажетті техника болмағандықтан үй-үйді жаяу жүріп аралайтынбыз. Сол уақыттан бері Мәулет Ерғалиевпен үзеңгі қағыстырып келе жатқан жайымыз бар. Мәулет мінезге бай, қарапайым,-дейді Абат аға.
Кәсібімізді өзгертпесек те, «Қазақ-телекомдықтардың» жұмысымен жақынырақ таныспақ мақсатта бірге ауыл араладық. Телефон желісі қондырылған бағанаға алпысты алқымдап алған Мәулет ағаның өрмелеп шыққанына таңданып, қарап қалыппыз. Байланыстың бар-жоғын тексергеннен кейін жаңбырдан соң интернет желінде ақау пайда болған үйлерді, ескірген сымдарды ауыстыруға аттандық. Үйдің шатырына еркін көтеріліп, кабельді тартып, байланыс орнатылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз қарапайым еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасауымыз қажет. Сол арқылы өскелең ұрпақ қоғамның құрметіне бөлену үшін жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленбей-ақ, өз ісін тыңғылықты, мұқият атқарса, жеткілікті екенін түсінуге тиіс» деген болатын.
Иә, Мәулет ағайдай өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, бірақ жұрт алдына шығып, бос мақтанды құп көрмейтін қаншама жерлесіміз бар. Ондай жандарға отбасының амандығы мен халықтың алғысынан басқа артық дүниенің қажеті жоқ. Бірақ әрбір еңбек құрметке лайық екендігін ұмытпауымыз керек.
Қ.БАҒЫТ