Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауын насихаттау, талдау мақсатында ауданның атқамінерлері мен сала мамандары Бейбарыс ауылында бас қосты.
Қоғамда қызу талқыға түскен Жолдауды жан-жақты пысықтап, алда тұрған міндет пен атқарылар істі нақтылады.Аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов әңгіменің әлқиссасын ауыл шаруашылығы саласынан бастады. Қазіргі күні жалпы өнім көлемі 4,1 миллиард теңгені құрап, көлем индексі 103,5 пайызға жеткен.
«Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет»,- деді Қ.Тоқаев.
Бұл бағытта аудан көлемінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, бірінші жартыжылдықта ауылшаруашылығы жер учаскелерін жалға беру жөнінде 1 конкурс өткізілді. Оған 59 тұрғын қатысып, 23-і жеңімпаз атанды. Оларға 6896 гектар жер уақытша 10 жыл мерзімге табысталды. Осы айда тағы бір рет конкурс ұйымдастырылып оған 55 жер учаскесі ұсынылды, оның 20-і жеңімпаздарға табысталды. Күні бүгінге ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді пайдаланылмай отырған 125 жер пайдаланушыларға ескерту хаттары жолданып, ауыртпалықтар салынды. Өз еркімен 7103 гектарды құрайтын 15 жер учаскелері қайтарылды. Жолдауда айтылған баспана мәселесі де ауданда соңғы жылдары оң шешімін табуда. Әсіресе «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй салу жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Биылғы жылы көпқабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілген болатын. Жоспар бойынша алдағы уақытта 18 пәтерлік 3 тұрғын үйдің, 60 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек. Қаз-қатар тізіліп, бой көтерген баспаналардың саны артқанымен үй кезегіндегілердің қатары азаймай тұр.
- Үй кезегіндегілер саны көбейіп отыр. Алдағы жоспар бойынша тек қана аудан орталығынан ғана емес, ауылдық округтерден де баспана салуды, сатып алуды жалғастыратын боламыз. Өткен жылы басталған бұл жұмыстар есебінде әлеуметтік жағынан осал топтағыларға және көпбалалы отбасыларға берілген болатын,- деді аудан әкімі Ж.Ахметов.
«Қолжетімді әрі сапалы білім беру» мәселесін көтерген Президент елдегі ахуалға байланысты білім беру жүйесіне жан-жақты, терең талдау жасап, оны түбегейлі оңалту бағытында тапсырма берген болатын. Иә, өкінішке орай, платформалардағы ақаулардың салдарынан мүмкіндігін 100 пайыз пайдалану, баланы оқытуды, мұғалімнің жұмысын сәл де болса жеңілдетуді жүзеге асыра алмай отырғанымыз, жасырын емес. Жаңа оқу жылы басталған уақытта нақты, оңтайлы онлайн-платформаның жоқтығы ұстаздар қауымы үшін оңай болмағаны анық. Осындай күрделі кезеңдегі ұстаздың еңбегін ескерген Президент өз Жолдауында 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдады. Өз кезегінде сөз алған Оңай Шонаев атындағы орта мектептің директоры Ж.Дүйсенғалиева:
- Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мектеп жасындағы балалары анықталып, міндетті оқу орнынан және демеушілер есебінен көмек көрсету, мектептегі компьютерлермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Аудан мектептері «Дарын», «Онлайн Мектеп» платформаларымен келісім-шартқа отырып, қашықтан оқытуды өз мәнінде жалғастыруға тырысуда. Ал Жолдауда айтылған қала мен ауылдағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқарту жол ашу үшін мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетуі өте орынды. Сондай-ақ, Президент өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажеттігін шегелеп тапсырды. Осы тапсырма аясында спортзалы жоқ немесе талапқа сай емес мектептер жағдайы түбегейлі шешіледі деп үміттенеміз,-деді.
Жиын барысында аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуы, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, жол құрылысы, денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жайы сөз болды. Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Жолдауда айтылған міндеттерді, тапсырмаларды орындау бойынша дербес бөлімдер, қоғамдық ұйымдар, атқарушы органдар бірігу қажеттігін ескертті.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ