Өзбекстандағы су бөгеттерінің бірі бұзылуы салдарынан Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекен су астында қалып, 30 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген болатын.
Аталған жағдайға байланысты еліміздің түкпір-түкпірінен су тасқынан зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатқаны белгілі. Осы орайда Махамбет ауданының да қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен ерікті жастардың ұйымдастыруымен Түркістан облысына гуманитарлық көмектің алғашқы легі жөнелтілді.
«Бір тәуліктің ішінде 3 тонна картоп, қажетті азық-түлік, киім-кешек жиналып, үш «Газель» автокөлігі Мақтаарал, Жетісай аудандарына жол тартқан болатын. Бұдан бөлек аудан еріктілерінің бастамысымен қаржылай көмек жинау мақсатында есепшот ашылды. Қазірдің өзінде 140 мыңға жуық қаражат жиналып, жақын арада су тасқынынан зардап шеккен ағайындарға жолдайтын боламыз. Егер де көмек берем деушілер болса, біздің орталыққа хабарласуларына болады. Гуманитарлық көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатқандығын айтқым келеді. Көмекке өз үлестерін қосқан барша қайырымды жандарға шынайы алғысымызды білдіргіміз келеді»,- дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Дүйсембаев.
Аудан орталығына қарасты Ақжайық ауылының еріктілері жалпы көлемі 200 мыңның үстінде жиналған қаржыға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, гигиеналық құралдар, балалар киімі, түрлі ойыншықтар алып, өз көмектерін көрсетті.
Сондай-ақ Бейбарыс, Сарайшық, Ақтоғай, Алға ауылдарының белсенді азаматтары да бірауыздан жұмыла ақшалай қолдау білдірсе, мемлекеттік қызметкерлері де қалыс қалмай, бір күндік жалақысын аударып, ол ақшаға азық-түлік алынды.
Жалпы Атырау халқы жинаған 150 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген гуманитарлық көмек Түркістан облысына жеткізілді. Жолға 6 ауыр жүк көлігі, 20 «Газель» және 2 жеңіл машина шыққан еді.
Айта кету керек, Атырау қаласынан бөлек, мұнайлы өңірге қарасты барлық жеті аудан халқы жинаған 15 миллион теңгедей қаражат Мақтаарал халқына берілмек.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ