АУДАНЫМЫЗДА ҚАРАПАЙЫМ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ КӨП. СОЛАРДЫҢ БІРІ - АУДАНДЫҚ ПОШТА-БАЙЛАНЫС БӨЛІМШЕСІНІҢ ШАБАРМАНЫ (КУРЬЕР) НҰРГҮЛ ГИЛЬМАНОВА.
Пошта бөлімшесінде 2011 жылдан бері еңбек ететін Нұргүл Бисенбайқызы – Құрманғазы ауданының тумасы. Орлы ауылында өмірге келген. 2007 жылы жолдасы Бердібекпен шаңырақ көтеріп, бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған бақытты жанұялардың бірі.
– 2011 жылы аудандық пошта бөлімшесіне хат тасушы болып жұмысқа кірдім. Менің басты міндетім - ауыл тұрғындарына хат-хабар, газет-журналдарды тарату. Мөлтек аудандар мен көшелердің арасы қашық. Табаныңнан тозып, жаяу жүру оңай емес. Астымызда мекемеден берілген велосипедіміз бар. Бірақ, жердің лайсаң күндері онымен жүру мүмкін емес. Сырт көзге оңай көрінгенмен, шабармандық қызметтің өзіне тән қиыншылығы бар. Соған қарамастан аз ғана жалақыны місе тұтып, жұмысымызды жауапкершілікпен атқарып келеміз. Қазіргідей қымбатшылық кезінде еңбекақымызды көтерсе деген тілегіміз бар, - дейді ол.
Бұрын кеңес заманында ауыл-ауылдарға хат таситын пошташы деген құрметті мамандық еді. Газет-журнал, хат, жеделхат, түрлі төлем қағаздарын жеткізіп беріп, алғысқа бөленетін. Ауыл тұрғындары төрткүл дүниенің жаңалығын газеттен тұшына оқып, хат алып, ағайын-туыстың амандығын біліп, қуанатын. Ауылдастардың асыға күтетін адамы осы пошташы еді. Ал бүгінде оның маңызы жоғалғандай. Себебі, бұрынғыдай газет-журналды жаздырып алатындар қатары азайып, хат жазысып, хабарласу деген қалды. Оның орнына айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ұялы телефон бар. Бір кездері хат тасушы зейнеткерлердің зейнетақысын тарататын еді. Қазір оның орнын банкомат картасы алмастырды.
- Көпшілік жұмыстың ауырлығына шыдамай, шығып кетеді. Жасыратыны жоқ, өміріңе қауіп төнетін жағдайлар да кездеседі. Кей тұрғындар иттерін байлаусыз бос қояды. Итке қабылған кездеріміз де болды. Айта берсек, пошташы жұмысының күнгейінен көлеңкесі көп. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демей ме? Еңбек болмаса жер бетінде тіршілік те болмас еді. Аналар мерекесімен әріптестерімді, барлық тұрғындарды құттықтаймын, - деген тілегін де білдірді Нұргүл.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА