Шаруа қожалық иелері өз егістіктеріндегі картоп, бау-бақша өнімдерін тегін үлестірді.
Махамбет ауданы - ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған облыстағы бірден-бір аудан. Елдегі ахуал шаруаларға да оңайға тиіп жатпағаны анық. Бірінде шекараның жабылуына байланысты біраз жұмысшысы Қазақстанға қарай өте алмай қалса, бірі өнімдерін қалай сатуды ойлап бас қатырады. Бірақ соған қарамастан махамбеттік шаруагерлер өздерінің еңбекқор ғана емес, жандары жомарт екендіктерін бүгінгідей қиын уақытта дәлелдей алды.
Атап өтер болсақ, «Наурыз», «Девдиева», «Агрофеликс» және «Дастан» шаруа қожалықтары өз егістіктеріндегі картоп, бау-бақша өнімдерін Махамбет аудандық ауруханасының ақ халатты абзал жандарына табыстап, қолдау көрсетті.
Уақытпен санаспай, ауруханада жанталаса еңбек етіп, қауіпті індеттің бел ортасында жүргендерге берілген заттарды сұрыптау, жинақтау, көлікке тиеу жұмыстарына ерікті жастар да өз үлестерін қосты. Осындай ауыр шақта аудан азаматтарының мәрттігіне тәнті болған дәрігерлер қауымы өз ризашылықтарын білдірді.
- Індетпен күресте өз еңбектерін сарп етіп жүрген медицина қызметкерлеріне аудан әкімдігі, жеке кәсіпкерлер және қолы ашық барша тұрғындар қолдарынан келгенше көмектерін көрсетіп келеді. Міне, бүгінгі күні ауданымыздың ауыл шаруашылығы иелері өз өнімдерімен қол ұшын созуда. Сондай-ақ, тыныс алу аппаратымен, бір реттік қорғаныш киімдерімен және арнайы құтыдағы таза сумен көмектесті. Баршасына ауруханамыздың қызметкерлері атынан алғысымды айтамын,- деді аудандық аурухана директорының орынбасары Алмагүл Бекесова.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ