Кәсіпкер тарапынан көрсетілген көмектің арқасында "Бобров" аппараты тағы екеумен толықты.
Елімізге індет тарала бастағанда-ақ қайырымды жандар халық игілігі үшін іске кіріскен-ді. Солардың бірі - жерлесіміз, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Әділ Жұбанов. Ол «Birgemiz» акциясы аясында Махамбет ауданындағы 45 отбасыға азық-түлік таратса, енді міне, аудандық ауруханаға 2 «Бобров» тыныс алу аппаратын сыйға тартып отыр.
Бастапқыда елімізде мұндай аппараттарға қажеттілік туындамаған еді. Кейіннен екінші толқыны басталып, жұрт дәрі-дәрмек таппай сандалса, науқастар дем жетпей қиналды. Осы тұста жасанды тынысы алу аппаратының да жеткілікті еместігін түсіне бастадық. Осыдан кейін жеке кәсіпкерлер облыс пен аудан ауруханаларына жасанды тыныс алу аппаратын сыйлауды бастады. Белсенді блогерлер де бас көтеріп әлеуметтік желіде оқырмандардан қондырғыға ақша жинау бастамасын қолға алды.
- «Бобров» аппараты оксигенотерапия кезінде қолданылады және сатурациясы төмен ауыр емес науқастарға арналған. Науқаста оттегі жетіспей қиналаған уақытта тыныс алу аппаратының маңызы зор. Қазіргі күні провизорлық орталықта емделіп жатқан науқастарымыз үшін бұл үлкен көмек. Ауруханымызда 1 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Және 4 «Борбов» аппараты болатын, енді екеуі қосылды. Осындай игі іс жасаған азаматтарға алғысымды айтамын,- дейді аурухананың бас дәрігері Елдос Кыдырсихов.
Қайырымдылықты басты ұстанымы етіп алған кәсіпкердің жасаған жақсылығы науқастардың тезірек жазылып шығуына сеп болады деген сенімдеміз.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ