Бүгін елімізде «NurOtan» партиясының партия ішілік іріктеу, яғни праймеризге қатысушыларының алғашқы жария пікірсайысы басталды.
Аудан орталығындағы «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткізілген дебатқа алты үміткер қатысып, халық алдында пікір таластырды. Махамбеттік үміткерлердің сөз додасы әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Жеребе тастау арқылы реттік нөмірлері айқындалған соң, үміткерлер алдымен өздерін таныстыра отырып, депутат болып сайланған жағдайда атқаратын жұмыстары туралы баяндады. Үміткерлер сайлауалды бағдарламаларында ауылшаруашылығы, денсаулық және білім саласындағы қордаланған мәселелерге қатысты көзқарастарын білдірді. Бұған қоса әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, ауыз судың сапасын жақсарту, экологиялық мәселелерге басымдық беру, бұқараның спортпен еркін айналысуына мүмкіндік жасау бағытындағы ұсыныстарымен бөлісті.
Ал екінші кезеңде бір-біріне сауал жолдап, түрлі тақырыпта ой өрбітті. Дебатқа қатысушыларға залда отырған партияластары тарапынан да, тікелей эфир арқылы да сұрақтар қойылды. Үміткерлер барлық сауалдарға тиянақты да нақты жауап берді. Махамбеттік праймериз қатысушыларының алғашқы жария пікірсайыс додасы жоғары деңгейде өтті.
«Жайық-Ақпарат»