Махамбеттік оқушы Бүкілармиялық кеңесте Президентпен жүздесті

Бүкілармиялық кеңес

Бүкілармиялық кеңеске Атырау облысынан 12 жас сарбаз іріктеліп, Президентпен жүздесуге мүмкіндік алды.

Елімізде 9 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым жұмыс істейді. Сол ұйымдардың қатарында 260 мыңнан астам жасөспірім бар. «Жас сарбаз» қозғалысының аясында 400 «Смарт сарбаз» үйірмесі ашылды. Бұл үйірмелерге 6 мыңға жуық жас жеткіншек қатысады.

Мемлекет басшысы - Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Бүкілармиялық кеңесте өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажеттігі айтылды.

-Жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу - маңызды міндеттің бірі. Бауыржан Момышұлы «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді, өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген. Біз батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыруымыз қажет. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу керек. Сондай-ақ «Жас сарбаз» қозғалысын дамытып, оны ұлттық деңгейге көтерген жөн,- деді Президент.

Астанада өткен Бүкілармиялық кеңеске Махамбет ауданы, Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Айболат Меңдібай шақырту алды. Ол облыстық"Жас ұлан - 2022", "Жас ұлан - 2023", "Qaisar” облыстық әскери-патриоттық сайыстарының чемпионы атанып, аудан абыройын асқақтатқан болатын.

-Бала күнімнен әскери салаға қызушылығым жоғары. Әскери киноларды, әскери қызметшілердің киім үлгісіне қызығып, офицер болуды армандайтынмын. Оның үстіне әкем де үнемі «ер жігіт еліне қорған болуы керек» дегенді жиі айтады. Сол сөздері менің балалық арманымды іске асыруға себепші болды деп ойлаймын. Мектептегі "Жас ұлан" әскери-патриоттық клубқа қатысып, түрлі сайыстарда жүлде алып келдім. Мұның бәрі әрине, алдымен ата-анамның берген тәрбиесі мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің ұйымдастырушы-жетекшісі Саябек Темірғалиевтың берген білімінің нәтмжесінде жүзеге асып келеді. Бүгінгі Кеңеске қатысқан әскери саланың майталмандарын көріп, қызметтерімен танысып, асқақ арманыма деген қадамның ақырын жалғасып келе жатқанына куә болдым,-дейді А.Меңдібай.

Жиын барысында республиканың әр өңірінен жиналған оқушыларға Кеңеске қатысқандығы жөнінде сертификат табысталды. Бұл сертификат арқылы мектеп түлектері әскери оқуға түсу барысында жеңілдікке ие болады.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT