Жуырда ресейлік арналардың біріндегі ТМД елдеріне, әсіресе Посткеңестік мемлекеттерге жақсы танымал хабарлардың бірі «Жди меняда» 1.5 айлық қызын құтқарып қалған дәрігерлерді іздеп келген Өзбекстан азаматын көрсетті.
Бақандай 35 жыл бұрын болған оқиғаны ұмытпай, қызын клиникалық өлім аузынан алып қалған ақ халатты абзал жандарға «тағы бір мәрте алғыс айтқым келеді» деп қарт кісі бағдарламада көзіне жас алды. Жүрек толқытар осы хабарда аты аталған бес дәрігердің бірі Махамбет аудандық орталық ауруханасының педиатр-дәрігері, неонатолог Есеев Махсут Максимович еді.
«Жди меня» редакциясы жан-жаққа хабар жіберіп, аталған азаматтарды тауып, кейіпкермен жолықтырған бақытты сәтіне де жуырда куә болдық. Бір ғана ютуб арнасында бұл түсірілімнің өзін 800 мың адам қарап, 1000-ға жуық желі қолданушысы пікір қалдырған. Бәрі де ержүрек дәрігерлерге алғыс айтуда.
Махсут Максимовичпен өмірде таныс болсам да, ол кісі осындай үлкен еңбек жолынан өткен, көптеген сәбиді аман алып қалған мықты адам деп еш ойламаппын. Себебі, өте қарапайым жан. Өзінің сырт келбетінде де, сөйлеген сөзінде бір тәкаппарлық жоқ. Сүйікті дәрігеріміз жайлы осы бір сүйінші хабарды естігенде бір орында отыра алмадым. Бұл оқиғаны, тарихты басқалар да білуі керек, бұл адамның еңбегін басқалар естуі керек деп санадым. Максимович әдеттегі қарапайымдылығына салынып, сұқбатты қаламады. Бірақ, бір айдан кейін еңбек демалысына шығып, бас қалаға қоныс аударғалы жатқан дәрігермен тілдесудің сәтін таптық.
Есеев Махсут Максимович – Астрахань облысының тумасы. Балалық шағы сол өңірде өткен. Анасы да медицина саласының қызметкері. Сол себепті шығар, дәрігер болуға, ақ халат киюге бала күнінен қызыққан екен. Бір қызығы, отбасында өзінен басқа бұл саланың адамы болмаған. Сөйтіп, балалық арманына біртіндеп қадам басқан ол Астрахань медициналық институтына оқуға түсіп, 1982 жылы бітіріп шығады. Оқу бітірген жастарды маман тапшы өңірлерге тарату болып, Махсут Максимович Целиноград қаласының, Целиноград стансасындағы Балалар жол ауруханасына жібереді. 1987 жылы жас маман оқуды жалғастырмақ болып, Мәскеудегі Педиатрия және КСРО Медицина ғылымдары академиясының ғылыми-зерттеу институтына аспирантураға түседі. Бір жылдық оқудан соң жаз айларында аспиранттарды жолдамамен Өзбекстан елінің Сурхандария облысы (Бұрынғы Ленин жолы) ауданы Термез қаласына жібереді. Бұл Өзбестанның Ауғанстанмен шекаралас шеткі аймағы. Сол жылдары елде ауыр эпидемия жүріп жатқан. Бір сөзбен айтқанда интернцаионал дәрігерлерден құралған топ дизентерияның ошағына тап болады.
-Жалпы дизентерия медицинада – қанмен ауыр диарея тудыратын ішек инфекциясы деп ата- лады. Бұл ауру әлбетте, лас ауа, ластанған су, антисанитариялық жағдай кезінде тіптен өрши түседі. Ересектер мен балалар, жаңа туған нәрестелер ауырып жатқан аудандық аурухананың сол кездегі жағдай сын көтермейтін,- дейді дәрігер Максмиович.
Соған қарамастан Мәскеуден келген жедел топ бірден жұмыстарына кірісіп, жағдайды бақылауға алады. Екіқабатты керуеттер, ауыз судың тапшылығы, едендердің сызы, реанимациялық керуеттердің жетіспеуі кедергі болса да, көптеген адамның өмірін аман алып қалуға жұмыстанған. Соның бір айқын дәлелі - кешегі «Жди меня» бағдарламасына іздеп келген Панжы Ергаштың оқиғасы.
Панжы дәл сол аудандық ауруханаға 1,5 айлық ауыр халдегі қызын әкеліп, дәрігерлерден жақсы хабар күтеді. Бірақ ағзасы құрғау процесіне өтіп кеткен сәбиге дәрігерлердің емі қонбайды. Ең соңғы күні баланы өлім халінде Мәскеуден келген аспиранттар құтқарып қалады. Дер кезінде қойылған кататердің, дәрілердің арқасында, 1 күнде қыз бала есін жияды. Осы тарихи сәт көз алдында қалып қойған әкесі міне, арада 35 жыл өтсе де құтқарушыларын іздеп келген. Сол оқиғаның басты кейіпкері Нигора бүгінде 4 баланың анасы атанғалы отыр. Бір адамның арашаланған өмірі, дүниеге төрт сәбиді әкелуге себепкер болды. Мұны қалай ерлік деп мойындамасқа?
«Өзбекстандағы эпидемия кезінде қатерге толы оқиғалар көп болды, тәуекел етіп үйрендік. Бәрі бірдей есімізде қалмапты» - дейді кейіпкеріміз.
Есесіне мол тәжірибемен Мәскеуге оралған олар жан-жаққа жұмыс бабымен бөлініп кетеді.
ДӘРІГЕРДІҢ «ҚҰТҚАРУ ОПЕРАЦИЯЛАРЫ»
Дәрігер Есеев те Целиноградта қалалық балалар ауруханасында еңбек жолын жалғастырады. Бірақ жан-жақта, әрдайым ізденісте жүретін дәрігер 1997 жылы әскери борышын өтейді. Тіпті, медициналық қызмет көрсету резервінің майоры шенін алады. Целиноградтағы 22 жылдық балалар медицианасындағы жұмыс барысында, қала берді Мәскеуде ана мен бала орталығындағы қызметте Максимович кез келген дәрігердің қолынан келмейтін «құтқару операцияларын» жасайды. Атап айтқанда ауыр диагнозбен туылған нәрестенің кіндігіне кататер қоюды, әріптестеріне алғаш болып үйретеді. Ал, бірде өкпесіне су жиналған шақалаққа өзі пункция жасайды. Оған арнайы инені, шприцті де өзі дайындап, үлкен бір ғылыми тәжірибені атқарған. Осы бір қырағылығы, білім мен шеберлігі үшін қай ортада болмасын әріптестері Махсут Максимовичке сенім артады.
АТЫРАУДАҒЫ ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Ұзақ жылғы бас қаладағы еңбек жолынан кейін білікті дәрігер белгілі себептермен Атырауға келіп, 2007 жылы қалалық жедел жәрдем стансасына орналасады. Дәрігер маман болып қабылданып, басшылық қызметке дейін жоғарылайды. Жедел жәрдем қызметіндегі тынымсыз тіршілік пен қарбалас қызметте де Максимовичтің өзіндік қолтаңбасы қалды. Бұл туралы 2010,2012 жылдардағы «Ақжайық» газетінің тілшілері жазған мақалалардан оқып білдік. Бірнеше қызметтік көліктердің табысталуы, үздік жедел жәрдем командаларының құрылуы бәрі сол жылдардағы ерен еңбектің жемісі еді.
2014 жылы Махамбет аудандық орталық ауруханасы осылайша бір білікті, тәжірибелі маманмен толығады. 9 жылғы тоқтаусыз жұмыс барысында Махсут Максимович педиатр әрі неонатолог қызметін қатар алып жүрді. Мыңдаған ана мен балаға көмек көрсетіп, жүздеген дүние есігін ашқан сәбилердің саулығына жауапкершілікпен қарады. Алайда, білікті маман жақын күндерде мерейлі еңбек демалысына кеткелі отыр. Әңгіме барысында ол аудандық емханаға педиатриялық бөлімшенің қажет екенін айтып қалды. Бұл ұсынысты бұған дейін әріптестеріне, жас мамандарға да жеткізген екен.
-Мұндай бөлімшелер шетелдік ауруханаларда міндетті түрде болады, бұрын бізде де болған. Жаңа туған нәрестеден 15 жасқа дейінгі балалар тіркеуде тұрған бөлімшеде тек қана балалар дәрігері, педиатрлар жұмыс жасайды. Тіпті, құрылған күнде 1 бөлімшедегі 1500 балаға 1 дәрігер, 2 медбике жетіп жатыр,- дейді Есеев.
Қазіргі жалпы тәжірибелік дәрігер түсінігі алынып, терапевт маман және бала дәрігері болып жіктеледі. Бұл ұсыныс орынды секілді. Себебі, бір бөлімшелік дәрігердің алдына бала да, ересек те жиналып, сағаттап күтіп, дәрігердің де, науқастың да жүйкесі жұқарып бітті. Еуропалық стандартқа ереміз деп осы жұмыстың сапасына мән бермей кеткен секілдіміз. Медицина мұны кешіре ме? Адам тағдырына жауапты саладағы осы өзгерістердің салдарын қарапайым тұрғындар мен дәрігерлер шегіп отыр.
ҚЫРЫҚ ЖЫЛДЫҚ ЕҢБЕК
Әңгімеміздің соңында тәжірибелі маманнан «шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?» -деп сұрадым.
-Мен ешкімді арнайы оқытпадым. Жұмыс барысында үйренгеніне алғыс айтып жүрген жандар бар. Қазір жастар ауылдық жерге тұрақтамайды. Жекеменшік ауруханаларға қызығады. Ал, біздер ешқашан қызметте қарсылық білдірмедік. Қайда жолдаса, сонда барамыз. 40 жылда қандай жерде болмасам да міндетім біреу – адамдарға көмектесу екенін ұмытпадым,-дейді дәрігер.
Иә, қырық жылдық еңбек жолында қаншама оқиғалар орын алды, қаншама сәби денсаулығын дұрыстады, қаншама ана үмітін жалғады. Ол өз кезегінде әр аумақта, әр мекемеде еңбек етіп көрді. Бірақ түп атасы бір медицинаға адал болды. Әскери сала, балалар ауру- ханасы, жедел жәрдем, орталық емхана – бәрінде қолтаңбасын қалдырып келеді. Гиппократтың антына ғана емес, адамдыққа берік болып келе жатқан дәрігер Есеевтің еңбегі ұмытылмайды.
А.САТАЕВА