Жеңісті жақындатқан жандар
ІІ Дүниежүзілік соғыс - ХХ ғасырдың жазылмас жарасы. Майданда елдік үшін соғысқан жауынгерлерге рух беріп, бейбіт заманда ғұмыр кешуден үміт үзбеген тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі елеусіз қалмақ емес. Осыған орай 9 мамыр - Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев сын сағатта елдік пен ерліктің, батылдық пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті.
Алдымен аудан әкімі 8 бала тәрбиелеген көп балалы ана,Алға ауылдық округінің тұрғыны Зираш Қырықбаеваның үйіне барды. Жасы тоқсанға таяған ақжаулықты ана 1935 жылы Атырау облысы Жылыой ауданында дүниеге келген. Тылдағы еңбегі ескеріліп, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70, 75 жылдың мерейтойына арналған медальмен марапатталған.
Кейін аудан басшысы Ортақшыл ауылының тұрғыны, тоқсан екі жастағы көп балалы ана Алуаш Төлеуғалиеваның да шаңырағына барып, құттықтауын жеткізді.
-Қазіргі қоғам өздеріңіздей ардагерлерді әркез құрметтеп, жақсылықтар мен игіліктерден ешқашан тыс қалдырмайды. Тыл еңбеккерлерінің қайсарлығына, жанкешті ерлігіне құрметіміз ерекше. Бұл мереке – соңғы демі қалғанша күрескен ерліктің нәтижесі, халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де Ұлы жеңістің жемісі. Осынау айтулы мерекемен құттықтай отырып, мықты денсаулық, бақуатты ғұмыр, ұрпақ сабақтастығын тілеймін! - деді аудан әкімі.
Алуаш Төлеуғалиева 1931 жылы 10 маусымда Бақсай ауылы, Жаңакұм колхозының 10-ауылында дүниеге келген. «Алтын алқалы» ана отағасымен бірге 5 қыз, 4 ұлды өсіріп, жеткізді. 1957 жылы Заурал совхозына көшіп келіп, 1957-1970 жылдары балабақшада жұмыс істеген. 1970 жылдан бастап мектеп-интернатында тәрбиеші болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60, 65, 70 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталған.
Сонымен қатар аудан әкімі Түсіпқали Орынбаев, Жанша Иманғалиева, Мамай Нұрғалиев, Қапиза Бағытова, Құбаш Өтеуов, Нұрзиба Баймұханова сынды еңбек ардагерлерінің үйіне барып, Отан үшін от кешкен ерліктеріне ризашылығын жеткізді. Құттықтау хат, гүл шоғы мен бағалы сый-сияпат ұсынылды. Оған қоса, зұлмат жылдардың ауыр жүгін нық көтеріп, бейбіт өмірдің жарқын болашағы жолында еңбек майданына араласқан жандарға көрсетілер құрмет әлі де жалғасарын жеткізді.Өз кезегінде қариялар осындай құрмет көрсетіп жатқан аудан басшысы мен қосшыларына ризашылықтарын жеткізіп, бейбіт өмір мен еңбектеріне табыс тіледі.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ