Махамбет ауданында жас отбасы институты мен отбасылық қатынастарды нығайту мәселелерін талқылау мақсатында семинар өтті

Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мұрындық болуымен жас отбасы институтын, қоғамдағы және отбасылық қатынастарды нығайту мәселелерін талқылау мақсатында семинар өтті.

Семинар аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Алғаш боп сөз алған аудандық аурухананың акушер-гинекологы Шынар Кенжеғалиева отбасын құрудағы жауапкершілік, жүктілікті жоспарлау, скрининг, екпе және өзге де мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.

aiel0512-2

– Қазіргі уақытта отбасын жоспарлау бағдарламалары отбасын дамыту стратегиясының маңызды бөлігі болып саналады. Отбасын жоспарлау гендерлік теңдік, репродуктивті денсаулық секілді салаларда артықшылық береді. Жоспарлау әдістер мен тәсілдері жас жұбайларға отбасылық құндылықтарды дамытуға және нығайтуға, арадағы түсінбеушіліктерді жеңуге көмектеседі. Біраз уақыт бойы отбасын жоспарлау «бала тууды шектеу» деген түсінікті білдірді. Бірақ отбасын жоспарлау – армандап күткен, дені сау баланы әкелу үшін ер мен әйелдің денсаулығын сақтау болып табылады. Басқаша айтқанда, отбасын жоспарлау – баланы кездейсоқ емес, жоспарлы түрде өмірге әкелу деген сөз,- деді Ш.Кенжеғалиева.

Аудандық полиция бөлімінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі испекторы, полиция капитаны Арайлым Сапарғалиева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, осы бағытта өтіп жатқан акция жөнінде жиналғандарға түсінік жұмысын жүргізді.

aiel0512-3

– Нәзік жандылардың лайықты өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау, құқықтық сауаттылықты арттыру орайында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да осы акция аясында қарастырылады. «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты акцияның мақсаты – зорлық-зомбылықты ескерту және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайтуға бағытталған қабылданып жатқан шаралар туралы таныстыру. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – әлемнің барлық аймағында таралған және кез келген қоғамда кездесетін жағдай. Нәзік жандыларға қатысты зорлық-зомбылық жасау мәселесі тек нәсілдігін, әлеуметтік ортасын, шығу тегін ғана қозғап қоймай, сонымен қатар басқа жағдайлардан туындайды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін дамыған мемлекеттердің өзі жеңе алмай келеді. Бұл құбылысты тоқтату жолдарын қоғам шешуге тырысады. Аталған өзекті жайт туралы тек акция қарсаңында ғана емес, күнделікті айтылу керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында оның құрбандары немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі қажет,- деді Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны А.Сапарғалиева.

aiel0512-4

Ал аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Перизат Таңатова ауданданғы кәсіпкерлік дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталып, кәсіпкерлікке бет бұрушы әйелдердің көбейіп келе жатқандығын айтса, отбасы институтын дамыту бойынша аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Жібек Мұғауова кеңірек тоқталды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521