«Біз біргеміз» акциясына қатысқан әр белсенді марапатқа лайық.
Елдегі төтенше жағдай мезгілінде бастауын алған «Біз біргеміз» акциясына бір кісідей атсалысқан еріктілерге Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Алғыс хаты"табысталды. Марапатты жастарға «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов табыстады.
Аудан басшысы «Біз біргеміз» акциясына қатысқан әр белсенді марапатқа лайық екенін айта келіп, мұқтаж жандарға көмек көрсеткен қайырымды жастарға алғысын білдірді.
«Бұл еріктілердің алғашқы легі - тек Махамбет ауылының бетке ұстар жастары. Сондай-ақ ауданға қарасты өзге ауылдың жастарын да назардан тыс қалмайды. Карантин кезінде игі бастамаға жұмыла кіріскен жастар көп. Әсіресе Алға, Ақжайық, Ортақшыл ауылдарының жастары қиын кезде қол ұшын созғанын жұртшылық көріп, біліп отыр. Осы акция кезінде сіздер шынымен де үлкен тәжірибе алдыңыздар деп ойлаймын. Еріктілер тек жоғарыдан берілген тапсырма бойынша емес, өз бастамаларын көтеріп, ұсыныстарын айтып, бірлесе жұмыс атқаруы керек»,- деді аудан әкімі Жәрдемғали Бахулы.
Аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттері мен гигиеналық заттар жеткізілді, мұның бәрінде еріктілердің еңбегі өлшеусіз екені аян. Мақтааралдағы апаттан зардап шеккен отбасыларға да аудан еріктілері қол ұшын созғанын мақтанышпен жеткізді. Осылайша еңбегі еленген 16 махамбеттік ерікті жас алғыс хаттармен марапатталды.
Еріктілер атынан сөз алған Қ.Қалыбеков атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Асылжан Сәрсенғалиев:
– «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақынның айтқаны бар. Осы орайда ауылымыздың белсенді жастарын марапаттап, дәрежесін көтеріп жатырсыздар. Ауданның беделін асқақтату жолында жастар қашанда бірге жұмыс жасап келеді, әлі де атқарар жұмыстар бар. Еңбегімізді елеп-ескеріп жатқандарыңыз үшін сіздерге көп рахмет,- деп ізгі тілегін білдірді.
«Дүние жүзін әбігерге салған коронавирус пандемиясына қарсы күрес мақсатымен жүзеге асырылған «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясы аясында «Nur Otan» партиясымен бірге халыққа қолдау көрсетуге волонтер ретінде белсене атсалысқаныңыз үшін Сізге зор алғысымды білдіремін. Сіздің жанқияр жанашырлығыңызды Отанымызға деген сүйіспеншілігіңіз бен биік азаматтық ұстанымыңыздың көрінісі деп қабылдаймын. Өзіңізге және туған-туысқандарыңыз бен жақындарыңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Еліміз аман, тәуелсіздігіміз баянды болсын»,- делінген Елбасы алғысында.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ