«Махамбет - Атырау» және Сарытоғай бағыттарында автобус қатынайтын болады

Қаламен екі ортаға жолаушылар автокөлігі қатынайды.

Аудан тұрғындары үшін Махамбет ауданы әкімдігі мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сұранысына сәйкес, «Махамбет - Атырау - Махамбет» бағытында және «Махамбет – Сарытоғай – Махамбет» бағытында жолаушылар мен багаж тасымалдау қызметін субсидиялауға қаражат бөлінді.Бұл туралы аталған бөлімнің басшысы М.Ершіков хабарлады.

-Қазіргі таңда Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы аталған бағытта тұрақты тасымалдау маршрутына қызмет көрсету құқығына арналған конкурс ұйымдастырылуда. Өткен жылы аталған қызметті субсидиялауға қажетті қаржы көлемі бөлініп, конкурс өткізілгенге дейін аудан тұрғындары сұранысына сәйкес аудан әкімі Ж.Ахметовтің тікелей қолдауымен 2019 жылы 10 қазаннан бастап «АлиТрансЛайн» ЖШС өзінің 45 орындық «KIA» маркалы автобусымен «Махамбет-Атырау-Махамбет» бағытында уақытша жолаушыларды тасымалдау жұмысын бастаған еді.

Автобус шыққан кезде қалаға қатынаған аудан, ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Бірақ өткен жылы жолаушылар тасымалы қызметін субсидиялауға мүмкіндік болмаған соң әрі кәсіпкер үшін тиімсіз болғандықтан автобус өз қызметін тоқтатқан болатын. Енді міне, биылғы жылы конкурс аяқталып, оның қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталған соң тиісті жұмыстар қайта жалғасады. Алдағы уақытта Махамбет-Атырау бағытында жолаушылар тасымалы қайта жанданып, аудан тұрғындары қаламен екі ортаға автобуспен қатынайтын болады, – дейді М.Ершіков.

«Жайық-ақпарат»

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT