Қазақстандықтарға ғана емес, фашизммен күреске түскен бірқатар елге қасірет әкелген Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 78 жыл толды.
Осы айтулы күнге орай махамбеттіктер аудан орталығында орналасқан Боздақтар ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жандарын сұм соғыс жалмаған жерлестердің рухына тағзым еттті.
Гүл шоғын қою рәсімін аудандық қорғаныс істері бөлімі, Ауған соғысының ардагерлері, аудан әкімінің аппараты, ардагерлер кеңесі, мәслихат аппараты мен мәслихат депутаттары бастады. Аудан көлеміндегі 50-ге жуық мекеменің қызметкері Орталық саяжолға жиналып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ел үшін жанын пида еткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жиналғандарды Жеңіс мерекесімен құттықтады.
-Отан үшін от кешкен жандарға тағзым етіп келеміз. Жыл сайын Жеңіс күнінде "Мәңгілік алауға" гүл шоқтарын қойып, өз құрметімізді білдіреміз. Дүние жүзінің көптеген елінде соғыс өрті басылмай тұр. Ол елдің экономикасы мен халықтың тұрмысына кері әсерін тигізуде. Болашақта соғыс болмасын. Елімізде бейбітшілік болсын,-деді аудан әкімі.
Айта кетейік, 1941-1945 жылдары Махамбет аудандық әскери комиссариатынан 1063 адам әскер қатарына шақырылды. Оның 698-і елге оралып, түрлі салада қызметке араласты.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ