Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 толуына арналған мерекелік кеш өтті.
«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен шара Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді және елге аман оралғанымен, кейін өмірден озған барша Ауған соғысының ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Отан алдындағы антын адал орындап, Ауған соғысына Махамбет ауданынан аттанған 37 азаматтың бүгінде 21-і бейбіт ғұмыр кешуде. Әскери борышын өтеуге аттанып, қиян-кескі ұрыстардың куәсі болған ардагерлердің алды бүгінде алпысты алқымдаса, кейінгілері елуді еңсерді. Сол кездегі жауынгерлер қазіргі бейбіт өмірде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып келеді.
– Он жылға созылған қанды қырғаннан аман-есен елге оралғанымен жандары жаралы 18 мыңнан астам қазақстандық ардагер бүгінгі таңда ортамызда. Сіздер ұрыс даласында өліммен бетпе-бет кездесіп, соғыстың небір ауыртпалығын қайыспай көтере білдіңіздер. Қанды көйлек қаруласыңызды соңғы сапарға шығарып салып тұрып, көзіңіз жасқа, жүрегіңіз мұңға толған шақтарыңыз көп. Осындай әрекеттеріңіз арқылы ата-бабамыздың рухына дақ түсірмей, интернационалдық борыштарыңызды аман-есен орындадыңыздар. Бір мақсат пен мүддеге жұмылған сіздердің ерліктеріңіз жастарға интернационалдық, елжандылық тәрбие беруге шақырары сөзсіз. Қан майданда қайталанбас қаһармандық жасаған батырлықтарыңыз, ерліктеріңіз тарих беттеріне өшпестей болып жазылды. Бүгінгі жас ұрпақ сіздерден үлгі алып, сіздерге қарап сап түзейді. Сіздерге отбасы амандығын, бақытты ғұмыр тілеймін,- деген аудан әкімінің орынбасары С.Ертілеуқызы бір топ Ауған соғысының ардагеріне аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Сондай-ақ, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жасақтау тобының бастығы, лейтенант Дамир Ақмолин, Ауған соғысы ардагерлерінің атынан Есім Мұратов сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Шара одан әрі «Ауғанның отты жылдары» атты қойылым-концертке жалғасып, аудан өнерпаздарының саздық бағдарламасына ұласты.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ