Есбол ауылдық округінің әкімі халық алдында есеп берді

Есбол ауылдық округінің әкімі Мереке Әділғалиевтің халыққа есеп беру жиынында өткен жылғы есепте айтылған сын-ескертпелер және ұсыныс-пікірлерімен жасақталған іс-шаралар жоспарына сәйкес жасалған жұмыстарды баяндауынан басталды. Оның ішінде «Есбол-Қазыбай» каналын іске қосу, жазғы су желісінің жайы, спорт алаңдарын салу жөніндегі мәселелер қозғалды.

– «Есбол-Қазыбай» каналының іске қосу бойынша жұмыстар атқарылуда. Канал Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар минстрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынының теңгеріміне берілді. Қазіргі уақытта жобалау сметалық құжаттамалары дайын. Еңбекшіл ауылының жазғы су желісінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Сараптамадан өткен. Құрылыс жұмыстарына қаражат күтілуде. Есбол ауылына жасанды төсеніші бар ашық спорт алаңы салуға келесек, өтеусіз 3 жыл мерзімге уақытша табысталған жер учаскесінің мерзімі ұзартылып шешім шығарылды. Жобалау сметалық құжаттамасына түзету енгізіліп, қайта жасақталып, сараптамадан өтті. Құрылыс жұмыстарына қаражат күтілуде.

05a78260-d909-45b3-891e-25a1280220a2

Округке төрт түліктің өсімі болғанымен мал азығын дайындау жұмыстары ауа-райының қуаңшылық болуына байланысты көршілес Батыс Қазақстан облысынан тасымалданғанына қарамастан қажетті мал азығы толықтай дайындалыпты.

– Бұл бағытта тасымалдау жұмыстарымен айналысқан жеке қожалықтар Қ.Аманбаев, Н.Ысқақов дайындаған шөптерін ауыл тұрғындарына сатуды жүзеге асырды. Мал арасындағы жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстары да жоспарға сай орындалып келеді. «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» «Шабай» және «Басшы» шаруа қожалықтары асыл тұқымды бұқа алғаны және тұқымдық түрлендіру жұмыстары үшін субсидия алды,- дейді ауыл әкімі.

deeda2ce-9e72-42a2-a4bd-600dfed74085

Есепті мерзім ішінде жүргізілген ауыл шаруашылығы құрылымдарының қарамағында жер телімдерін түгендеу бағытында қазіргі уақытта округ көлемінде 100 адамның тізімі тұр. Оның 8-і егін шаруашылығымен, қалғаны мал шаруашылығымен айналысып келеді. Жер иеленушілердің иелігінде барлық жердің жалпы көлемі – 22585 гектар. Күні бүгінге қожалықтарды есепке алу дәптерінде 66 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс жасап отыр. Ауыл шаруашылығы мақсатында жер алып, пайдаланылмай отырған 32 шаруа қожалықтарының 6943,6 гектар далалық зерттеу жұмыстары бойынша анықталып жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану арқылы игеру қажеттілігі көрсетіліп 18 жер иеленушіге нұсқама хат жолданып, екі адам 1757 гектар жер учаскелерін мемлекетке кері қайтарыпты.

Округке қарасты Есбол, Ортақшыл және Еңбекшіл ауылдарын жол, табиғи газбен, таза және жазғы сумен, электр қуатымен және телефон байланысымен қамту үшін бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы уақыттары елді мекендерді көріктендіру жұмыстары округ аумағында тұрақты жүргізілуде. Таза су ауылдарда тұрақты жұмыс жасап, су уақытылы беріліп келеді. Таза судың ай сайынғы төлемақысы сенімгерлік басқарушыға субсидия тоқтатылуына байланысты ауыл тұрғындарымен келісіліп, Ортақшыл ауылында 1500 теңге, Еңбекшіл және Есбол ауылдарында 2000 теңгеден төленеді. Сонымен қатар, жазғы су желісі елді мекендерде тұрақты жұмыс жасап келеді. Алайда, Еңбекшіл ауылына жазғы су таза су қондырғысы арқылы беріліп отыр. Еңбекшіл ауылының таза суының бірінші су сору насосын Жайық өзеніне ауыстыру үшін және жазғы су желісін тарту үшін жобалау сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өтіп тұр, қазіргі уақытта құрылысына қаражат күтілуде.

ebf0b203-7665-4a10-ab3d-d18c2c19a9fa

– 2020 жылдағы салық түсімдерінен жоспардан тыс түскен қаражатқа жергілікті қоғамдастық шешімімен Есбол ауылындағы Исатай мен Төле би көшелеріне көше жарығы орнатылса, Ортақшыл ауылындағы Құрманғазы көшесіне және Жолдас Жаскеленов көшесінің жартысына демеушілік арқылы көше жарығы орнатылып, жарықтандырылды. Осы мәселелерді айта келе, жол жабындысы төселмеген Ортақшыл ауылы бойынша 1,3 шақырым, Есбол ауылы бойынша – 2,8 шақырым, Еңбекшіл ауылы бойынша – 0,9 шақырым көшелерді асфальттауға және көше жарығы орнатылмаған көшелерге көше шамдарын орнатуға жобалау сметалық құжаттамаларын жасақтауға аудан әкімдігі тарапынан ықпалдасуды сұраймын,-деді ауыл әкімі.

Округте екі орта мектеп, бір негізгі мектеп жұмыс жасайды. Округке қарасты 3 мектепте 423 оқушы (Қосарал-248, Есбол-141, Еңбекшіл-34) білім алуда. Оларға 88 мұғалім білім береді. (Қосаралда - 38, Есболда – 33, Еңбекшілде -17) Округ бойынша 2020-2021 оқу жылының қорытындысымен білім сапасы Қосарал орта мектебінде – 54,9% (алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 5,7%-ға төмен), Есбол орта мектебінде 59,2% (0,5 % төмен), Еңбекшіл негізгі мектебінде 68,2% (3 % өскен). Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша Қосарал орта мектебінде орташа балл 48 (алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 14,2 балл төмен). Есбол орта мектебінде орташа балл 50 (алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 1,9 балл төмен)

1921c235-031a-42cc-a0e9-ab6da049be32

- Білім сапасының төмендегені рас. 2020-2021 жылдардағы пандемияның әсерінен онлайн оқуға көшкен оқушылардың білім сапасы айтарлықтай төмендеді. Оқушыларға ноутбук, планшет алып берілді. Интернет желісіндегі ақаулықтар мұғалімге де, оқушыға да оңай болмады. Онлайн оқыту оқушылардың тәрбиесіне де, біліміне әсерін тигізді. Биылғы жылдың үшінші, төртінші тоқсаны аяқталғанша білім сапасын 60 пайызға көтеру межесін қойдық. Десек те, мұғалім балаға білім бергенімен, баланың болашағына ата-ана, басқа жауапты тұлғалар алаңдағаны дұрыс деген ойдамын,- дейді Қосарал орта мектебінің директоры Ә.Олжағалиев.

Бүгінгі күні көше жарығы жоқ көшелерді жарықтандыру бойынша ЖСҚ жасақталап, құны есептелу үстінде. Еңбекшіл ауылына жазғы су желісін тарту және Еңбекшіл ауылының таза су қондырғысын жөндеу жұмыстарының, Есбол ауылындағы ашық спорт алаңының, Ортақшыл ауылының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, «Есбол-Қазыбай» каналының ЖСҚ-сы дайын, сараптамадан өтіп, іске қосуы күтіп тұр. Ортақшыл ауылының 200 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысының ЖСҚ-ын жасақтау, Есбол ауылындағы Әйтеке би, Төле би көшелеріне жазғы су желісін тарту жұмыстарын атқару қажет. Округ тұрғындарының көптен күткен шешімін таппай жүрген мәселелерінің бірі – Атырау қаласы мен үш елді мекенді қамтитын қолжетімді бағадағы автобус көлігін шығару болатын, сол мәселе қазіргі уақытта аудан әкімінің қолдауымен шешімін тауып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT