Бүгін Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Сұлтанғалиева облыстық білім беру басқармасы арқылы бөлінген планшеттерді мектеп басшыларына салтанатты түрде табыстады.
Барлығы 273 дана планшет мектептерден ұсынылған тізімге сай пропорционалды түрде таратылды. Мысалы, көмекке мұқтаж 400-ге жуық оқушысы бар А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке 30 дана, штаттық режимде жұмыс жасап жатқан Еңбекшіл негізгі мектебіне 5 дана планшет берілді. Планшеттер әр мектептің теңгеріміне алынып, инвентарлық нөмірі соғылғаннан кейін қашықтан білім алып жатқан балалардың ата-аналарына табысталатын болады.
- Бұл планшеттер қашықтан оқитын оқушыларға, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, осал санатқа жататын отбасылардан шыққан, оқуда үздік оқушыларға алдыңғы кезекте беріледі. Айта кететін жайт, бұл құрылғылар тек қашықтан оқыту кезінде қайтарымды негізде ғана беріледі. Дәстүрлі оқыту форматына көшкеннен кейін мектеп әкімішілігіне кері қайтарылады. Сондай-ақ, алдағы уақытта ауданға 1201 ноутбук пен 200 компьютер келеді деп жоспарланып отыр,- дейді бөлім басшысы.
Құрылғыларды аудан мектептеріне бөлуге «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі А.Сираш, аудандық мәслихат депутаты А.Қабенов пен Е.Ағелеуов атандағы Махамбет орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы Б.Сүйеуова бақылаушы ретінде қатысты.
Махамбет ауданындағы жалпы орта білім беретін мектептерінде білім алатын әлеуметтік осал топтар санатына жатқызылатын оқушылар тізімі мектеп басшыларымен бекітіліп, жасақталады. Кейін Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясы әкімішілігінің теңгеріміне алынған 23 планшет пен ультрабук табыстау салтанаты өтті. Аталған мектепте жалғыз қызы білім алатын Балхия Кенебаева:
- Осындай қиын кезде қол ұшын созып, көмек көрсетіп жатқандарыңызға көп рахмет. Өткен жолы интернетке қосылуға арналған құрылғымен көмектессе, бүгін оқуға қажетті соңғы үлгідегі ультрабукпен қамтып жатыр. Баршасына рахмет. Балаларымыз білімді, оқуда озат болсын. Елге келген індеттен аман-есен шығайық,-деп ізгі тілегін білдірді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ