Дәрігерлер еңбегі өлшеусіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты айтылған сөздерді мұқият зер сала тыңдап шығып, сала ардагері ретінде қолыма қалам алып, өз ойымды жеткізгім келді.

Президент: «Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық. Бір кезде медицина қызметкерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас еді. Елдегі жағдай эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетін дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойып отыр» деді.

Ол кезде эпидемиологтың бақылауында балабақша, мектеп, азық-түлік дүкендерінің тазалығы, балалардың, тұрғындардың денсаулығы өткір қойылатын. Оқушылар мектепке санэпидқадағалау стансасынан рұқсатнама алмай бармайтын. Кеңес үкімет кезінде қойылар талап пен тәртіптің мықтылығы мойындамасқа болмайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін, тәртіп төмендеп, санитарлық қадағалау ақсаңдағаны жасырын емес. Одан әрірекке оралсақ, Ұлы Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ жерінде дәрігерлер болмаған.

Кеңес заманының өзінде 1960 жылдарға дейін біздің өңірде Мәскеудің, Санкт-Петербургтің, Киевтің медицина институтын бітіргендер үш жыл жұмыс істеп барып, дипломдарын алған. Алматы, Семей, Қарағанды мединституттары жұмыс істегеннің өзінде дәрігерлер жетіспеді. Медицина институты 1957 жылы Ақтөбеден ашылып, оған Алматы мединститутының санитария-гигиеналық факультеті берілді. Ал Алматы медицина институтында оның орнына стоматология факультеті ашылды. Кеңес үкіметіне дейін Қазақ жерін жайлаған аса қауіпті жұқпалы аурулар көп болды. Соның кесірінен бір ауылдар түгелімен жойылып кеткен. Ол аурулар шешек, оба, балаларда құрөзек (дифтерия) еді. Үкіметтің заңымен, қатаң талаппен, дәрігерлердің қажырлы еңбегімен емдейтін дәрі-дәрмек егу, егетін дәрі (вакцина) шығарылып, індеттер бірте-бірте азайып, ақырында жойылды. Құрөзек ауруы соңғы рет балалар арасында 1965 жылы Исатай ауданының Забурын ауылында тіркелген еді. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен шешек ауруы әлемде жойылды деп саналып, 1980 жылдан бастап шешекке егу тоқтатылды. Халықтың арасында жұқпалы ауруды болдырмауда оның тарап, эпидемияға айналуына жол бермеуде санитарлық-эпидемиологиялық станция тарапынан жүйелі жоспарлау, жіті қадағалау болды. Бұл жұмыстардың мүлтіксіз іске асуына сол кездегі қатал да әділ заң көмектесті. Дифтериядан кейінгі балалар арасында көп тараған, біраз балаларды алып кеткен қызылша (корь) осындай іс-шаралардың арқасында болса, бірен-саран кездесетін болды.

Еліміз егемендік алғалы көптеген мекемелер жекешелендірілді. Оның ішінде кейбір медицина мекемелері де бар еді. Басқа өндіріс орны, кәсіпкерлік, құрылыс болса, сөзім жоқ, медицинаға келіңкіремейтін сияқты. Биылғы жылы көлденең кездескен індетті жеңуде медицина қызметкерлеріне үлкен күш түсті. Олар фармация қызметкерлерімен бірлесе отырып, жаңа дәрі, вакцина ойлап шығарып, кең жайылған індеттің жолын кесіп, Президенттің Жолдауында айтылғандай, отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек.

Ұлмекен ОРАЛБАЕВА,

медицина саласының ардагері,

дәрігер-эпидемиолог

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT