Аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің «Волейбол» бөлімінен түлеп ұшқан жас спортшылар бүгінде ел волейболының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Білікті бапкер Дәурен Әменовтің тәлімін алған шәкірттер республикалық және халықаралық ареналарда өнер көрсетіп, туған жерінің мерейін асқақтатуда. Солардың қатарында әлемдік додада сыналған Амина Ринатқызы мен бүгінде Жоғары лигада өнер көрсетіп жүрген Фариза Бектұрғанқызы бар.
ЖАҺАНДЫҚ ДОДАДА ӨНЕР КӨРСЕТТІ
Жуырда Халықаралық мектеп спорт федерациясының (ISF) эгидасымен волейболдан U15 жас санаты бойынша Әлем чемпионаты өтті. 4-13 желтоқсан аралығында Қытай Халық Республикасының Шанлуо қаласында өткен дүбірлі додаға әлемнің әр қиырынан жиналған жас спортшылар қатысты. Аталған әлем біріншілігінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі, жас волейболшы Амина Ринатқызы ел намысын абыроймен қорғады.
Әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы өз тобында Қытай, Макао және Катар елдерінің мықты командаларымен бақ сынасты. Алғашқы ойында қазақстандық волейболшылар Макао құрамасына қарсы алаңға шығып, сенімді әрі үйлесімді ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде бірінші сет 25:14, екінші сет 25:20 есебімен аяқталып, жеңіс Қазақстан құрамасының еншісіне жазылды.
Екінші кездесу Азия волейболының үздіктерінің бірі саналатын Қытай құрамасына қарсы өтті. Тартысты ойын барысында қарсыластардың басымдығы байқалып, бұл жолы жеңіс қытайлық волейболшыларға бұйырды. Ал топтық кезеңдегі соңғы ойында Қазақстан құрамасы Катар елінің командасын 2:0 есебімен айқын жеңіп, өз тобынан екінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды.
1/8 финалда ұлттық құрама Таиланд командасымен кездесіп, 0:2 есебімен есе жіберді. Кездесу жоғары қарқынмен өтіп, жас спортшылардың тәжірибесі мен төзімділігін айқын көрсетті. Сонымен қатар чемпионат аясында қазақстандық волейболшылар Қытайдың екінші құрамасы және Үндістан командасымен кездесіп, бұл ойындарда қарсыластарға жол берді. Турнир қорытындысы бой¬ынша Қазақстан ұлттық құрамасы 18 команданың ішінен 8-орынды иеленіп, өз шеберлік деңгейін лайықты түрде дәлелдеді.
Амина Ринатқызы 2012 жылдың 13 қыркүйегінде Махамбет ауданы, Махамбет ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты О.Шонаев атындағы орта мектепте оқып, 5-7 сыныптар аралығында Е.Ағелеуов атындағы орта мектепте білім алды. Қазіргі таңда Атырау қаласындағы «BINOM» мектебінде 8-сыныпта оқып жүр. Ол 2021 жылдан бастап Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің «Волейбол» бөлімінде жаттығып, екі жылға жуық уақыт білікті бапкер Дәурен Әменовтің қол астында шеберлігін шыңдады. Бүгінде Амина – Атырау облысының құрама командасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жоғары Әйелдер лигасында өнер көрсететін Атырау облыстық құраманың мүшесі.
Жас спортшының жетістіктері де аз емес. Ол – «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер», Атырау облыстық чемпионаттың 5 дүркін чемпионы, көптеген халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық жарыстың жеңімпазы. 2022 жылы Махамбет аудандық БЖСМ-де өткен білім саласының үздігі, ауыл спортының жанашыры М.Әменовті еске алуға арналған республикалық турнирде, 2024 жылы ақпан айында Тараз қаласында, 2025 жылы Ақтөбе қаласында өткен республикалық турнирлерде, сондай-ақ Исатай ауданында «Халықаралық әйелдер күніне орай» ұйымдастырылған облыстық турнирде «Үздік ойыншы» атанды. 2025 жылы Атырау волейбол лигасының Қыздар дивизионында «Үздік шабуылшы» номинациясына ие болса, сол жылдың қараша айында Өскемен қаласында өткен волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионатында Атырау облыстық құрама сапында өнер көрсетіп, қола жүлдені жеңіп алды.
– Әлем чемпионаты мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Әр ойын бізге төзім мен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осындай жоғары деңгейдегі жарыста ел намысын қорғау – үлкен мәртебе. Осы жолда маған волейболдың қыр-сырын үйретіп, сенім артқан алғашқы бапкерім Дәурен Әменовке ерекше алғыс айтамын. Бапкерімнің еңбегі мен қолдауы – менің бүгінгі жетістіктерімнің негізі,- дейді Әлем чемпионатындағы ойындар туралы өз әсерімен бөліскен Амина.
ЖОҒАРЫ ЛИГАДАҒЫ ЖАС ВОЛЕЙБОЛШЫ
Дәурен Әменовтің тағы бір шәкірті Фариза Бектұрғанқызы да бүгінде үлкен спортта өз жолын қалыптастырып келеді. Қазіргі таңда ол Павлодар қаласында Қазақстан Республикасының Жоғары Әйелдер лигасында өнер көрсетуде. Фариза Бектұрғанқызы 2011 жылдың 12 наурызында Махамбет ауданы, Махамбет ауылында дүниеге келген. Е.Ағелеуов атындағы орта мектепте 8-сыныпқа дейін білім алып, кейін Атырау қаласындағы «BINOM» мектебіне ауысты.
Ол 2021 жылдан бастап Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің «Волейбол» бөлімінде жаттығып, екі жылдай уақыт бапкер Дәурен Әменовтің жетекшілігімен шеберлігін шыңдады. Қазіргі таңда Фариза Атырау облысының құрама командасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жоғары Әйелдер лигасында өнер көрсететін Атырау облыстық жастар құрамасының мүшесі.
Фаризаның спорттағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Ол – «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер», Атырау облыстық чемпионаттың 4 дүркін чемпионы, сондай-ақ халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі бірқатар жарыстардың жеңімпазы. 2025 жылдың ақпан айында Тараз қаласында өткен республикалық турнирде және Атырау Волейбол лигасының Қыздар дивизионында «Үздік қорғаушы» атанса, сол жылы қыркүйек айында Атырау қаласында өткен республикалық турнирде «Үздік ойыншы» аталымына ие болды. Жуырда Өскемен қаласында өткен волей-болдан Қазақстан Республикасының чемпионатында Атырау облыстық құрама сапында өнер көрсетіп, 3-орынды иеленді.
Амина Ринатқызы мен Фариза Бектұрғанқызы – бір бапкердің қолынан шыққан, бір мектептен түлеген, бірақ әрқайсысы өз жолын қалыптастырып келе жатқан жас спортшылар. Олардың жетістігі – ауыл спортына жасалған жүйелі жұмыстың, кәсіби жаттықтырудың және табандылықтың нәтижесі. Бұл екі волейболшының алдағы уақытта да ел мерейін үстем етіп, үлкен белестерден көрінетініне сенім мол.
Қ.БАҒЫТ


