Махамбеттен МИЛАНҒА

Қазақ футболы тарихында биылғы маусым ерекше есте қалары сөзсіз. УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ел намы­сын қорғап жүрген алматылық «Қайрат» клубы әлемнің таңдаулы командаларымен бір алаңда бақ сынап жүр. Кеше осы дода аясын­да «Интер» өз алаңында «Қайратты» қабылдады.

Ойын басталған сәттен-ақ алаң иелері шабуылды үдете түсті. Бірақ қақпамызды атыраулық қақпашы Темірлан Анарбеков талай қауіпті соққылардан аман сақтап, жанкүйерлердің ыстық ықыласына ие болды. Дегенмен бірінші тайм соңында аргентиналық Лаутаро Мартинес есепті ашып үлгерді.

Екінші таймда «Қайрат» ойыншысы Арад баспен соққан әдемі голымен есепті теңестіріп, қазақ жанкүйерлерін қуантты. Чемпиондар лигасындағы «Ин­тер» қақпасына гол соққан алғашқы қазақстандық команда ретінде тарихқа енді. Алайда ойын көп ұзамай италиялық клуб тағы бір мүмкіндігін голға ай­налдырып, матч 2:1 есебімен аяқталды. Бұл ойында стадионда қазақстандық жанкүйерлер аз болған жоқ. Соның бірі – Махамбет ауданынан арнайы барған Мұрат Әубекеров.

– 1972-78 жылдары Алматыда оқып жүргенімде «Қайратқа» жанкүйер бол­дым. Содан бері футбол – өмірлік қызығушылығым. Биыл клубымыздың Чем­пиондар лигасына шығуы – қазақ футболының үлкен жетістігі. Миланға мені осындай қуанышты бөлісу үшін қыздарым мен күйеу балаларым шақырды. «Сан-Сирода» алғаш рет өз көзіммен еуропалық футбол мәдениетін көрдім. Бірақ мені ерекше қуантқаны – бүкіл әлемнің әр түкпіріндегі қазақ жастарының бір ойында бірігіп, «Қайратқа» қолдау көрсетуі. Қазақ футболының болашағы бар, тек сену керек,-дейді Мұрат аға.

Ол ұзақ жылдар Махамбет ауданындағы медицина саласында еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікте. Бірақ спортқа деген ықыласы сол қалпы.

– Жастарға айтарым – спортпен шұғылданыңыздар. Ол денсаулық, тәртіп және бірлікке үйретеді. Ал жанкүйерлік – халықты біріктіретін күш. Қазақ футболын бірге қолдайық,- дейді ол.

«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы әр ойыны – тәжірибе ғана емес, қазақ футболына сенімнің жаңа парағы. Милан төріндегі ойын да жеңіліс емес, жаңаша деңгейге қадам. Ал сол жолдың көрермені болып, қолдау білдіріп жүрген Мұрат аға сынды жанкүйерлер – спорт рухының шынайы елшілері.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT