Атырау қаласында ерекше жандар арасында өткен облыстық спартакиада биыл ерекше тартысқа толы болды. Бочча мен пара-хоккей бойынша ұйымдастырылған жарысқа Атырау қаласы мен облысқа қарасты аудандардан келген 12 команда қатысып, өзара мықтыларды анықтады.
Бочча сайысы қатысушылардың шеберлігін, дәлдігін және тактикалық ойлау қабілетін айқын көрсеткен дода болды. Әсіресе, Махамбет ауданының командасы жарыс барысында жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, ерекше көзге түсті. Бочча ойынында қарсыластардың осал тұсын табу, дәлдік және сабырлылық – жеңістің басты кілті. Махамбет ауданының спортшылары осы қасиеттерді толық көрсете білді. Жарыс қорытындысы бойынша Махамбет ауданы командасы II орынды иеленді.
– Біз бұл жарысқа үлкен дайындықпен келдік. Бочча – ерекше дәлдікті, бірлік пен өзара сенімді талап ететін спорт. Командамыз әр матчта бар күшін салды. Жүлделі орын – біз үшін үлкен қуаныш, бірақ алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижеге жетуге тырысамыз. Ең бастысы – бірігіп еңбектену және өз қабілетіңді анық көрсету,- деді команда капитаны Мұхадия Қуангереев.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ

