Биылғы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесінің басты ерекшелігі – оның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі тойымен тұстас келуі.
Мұның өзі же бабаларымыздың ғасырлар бойғы асқақ арманы, халқымыздың асыл мұраты болған ел егемендігі мен еркіндігінің Елбасы ұғымымен егіз, етен байланысты, бірінен-бірі ажырғасыз екендігі тағы бір мәрте паш еткендей. Махамбет ауданында Тұңғыш Президент күніне арналған «Сарабдал саясаттың сардары – Елбасы»» атты мерекелік салтанатты шара өтті. Сахна төрінен егемен еліміздің көп байрағы орын алып, мемлекттік гимні шырқалды. Аудан әкімі Ринат Жанқылыш мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ауданымыздың көркеюі мен дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бір топ азаматтар мен азаматшаларды марапаттады.
–Тұңғыш Президент күнімен барша махамбеттіктерді құттықтаймын. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы, сыртқы, ішкі саясаттағы жетістіктері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен тікелей байланысты. Сондықтан да «Ел мен Елбасы – егіз ұғым» деп бағалануда. Елбасымыз еліміздің бірлігін, Ата Заңымызды, адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы болып табылады. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманын ақиқатқа айналдыруға да Н.Әбішұлы зор мүмкіндік туғызды. Елбасының еңбек жолы күллі халық үшін үлгі мен тағылымның мектебі бола білді. Елді кемел келешекке жетелеген саяси реформатор, Ұлт Көшбасшысына деген сенім әрқашан жоғары болуы маңызды. Мемлекетіміз ұстанған бағыт-бағдарын қолдай отырып, жаңа жетістіктерге жетейік,-деді аудан әкімі Р.Бауыржанұлы.
Махамбет ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Мәндірғали Оразғалиев облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың алғыс хатымен марапатталса, Махамбет аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Гүлнара Есқалиева мен Ортақшыл ауылдық кітапханасының меңгерушісі Әлия Нұрмұханова «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісін кеуделеріне тақты.
- Бүгінгі алған марапат – менің көп жылғы еңбегімнің жемісі мен жеңісі. Бұл құрмет маған ғана емес, барлық кітапханашылар қауымына көрсетілген құрмет деп білемін. Биылғы жылы Тәуелсіздікке тура отыз жыл толса, менің бұл қызметті атқарып келе жатқаныма отыз бес жыл болған екен. Тұңғыш Президент күні қарсаңында ұсынып жатқан марапаттың мен үшін маңызы да зор болмақ. Халыққа деген адалдығы мен жанашырлығы және қазақтың бағына туған дара тұлға – Тұңғыш Президентіміздің мерекесі құтты болғай,-деп Ортақшыл ауылдық кітапханасының меңгерушісі Ә.Өтепқызы ақжарма тілегін арнады.
Сонымен қатар салтанатты шарада аудан әкімінің алғыс хаты Сарайшық дәрігерлік емханасының аға дәрігері С.Габдуллина, Махамбет ауылдық округінің мал дәрігер-маманы І.Нығметов, аудандық білім бқөлімінің бас маманы Г.Тәжікова, аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты А.Олжабаев, аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Е.Ертұрлин, аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің қызметкері М.Тоспаев, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының әдіскері, «Нұр-Ару» би тобының жетекшісі Б.Рысқалиқызы, аудан әкім аппаратының кадр қызметі және персоналды бағалау бөлімінің бас маманы Д.Уташева және аудандық соттың жетекшісі маманы Р.Нуржубалиндерге табысталды.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Олар өздерінің отаншылдық рухтағы ән-жырларымен, күмбірлеген күйлерімен, иың бұралған билерімен елдік шараның шыранйын кіргізді. Сөйтіп, Елбасының шын мәнінде болашағының нұрлы боларына сенген кемел елдің кемеңгер көшбасшысы екенін өнер тілімен өрнектеп, көрерменге жеткізді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ