Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында елімізде «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты ма¬рафон бастау алып, бүгінгі күні шарықтау шегіне де жетіп келеді.
Ауыл шаруашылығы саласы дамыған Махамбет ауданы да осы отыз жылдың ішінде талай жетістікке жеткені аян. Әрине, оның ішінде ауданға қарасты ауылдық округтердің үлесі орасан. Ал Бақсай ауылдық округінің жөні тіптен бөлек.
ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫДЫ
Бақсай ауылдық округі аудан орталығынан 17 шақырым, «Атырау- Орал» тасжолынан оңтүстік-батысқа қарай бір шақырым жерде орналасқан. Округ орталығы Таңдай ауылы болып қалыптасуы 1930 жылдардан бастау алады. Округке бұрын шаруашылықтың ферма орталықтары болған «Көздіқара», «Есмахан», «Томан» елді мекендері де қарайды. 1932 жылы 3 мамырда №14 «Гурьев» қой кеңшарының бір бөлімшесінен бөлініп шыққан «Бақсай» кеңшары «№5 қой кеңшары» деген атпен ұйымдасты. Кеңшар Гурьев ауданына қарады. «Новый путь» (Жаңа жол) егін, мал колхозының орнына Шой (Бақсай) поселкесінде орналасты. Кеңшардың осы кездегі негізгі шаруашылығы қазақы Еділбай қойын өсіру болды. Шаруашылыққа алғаш басшылық еткен директор А.Сопилько болды. 1933 жылы Орталық Комитеттің Қаулысымен шаруашылықтарда саяси бөлім ашылды. «Бақсай» кеңшарында алғашқы саяси бөлім бастығы Матвей Королев болды. Саяси бөлім бастығының орынбасары әрі партком хатшысы алғашқы кезде Баев болса, кейін бұл жұмысты Қабдол Жұмағалиев атқарды. Кеңшар алғашқы комсомол ячейкасына Берендесон жетекшілік етті. Саяси бөлім бастығының тағы бір орынбасары облыстық, аудандық ішкі істер бөлімі арқылы жұмыс істеді.
Бұл жұмысты Бакиров Қабдолла деген атқарды. Кеңшар қой шаруашылығына қоса 100-150 гектардай егістік жері болды. 1936-1949 жылдар аралығында кеңшарда З.Сауықов директорлық етті. 1935-1936 жылдары қой шаруашылығы жедел өркендеді. Орта Азия ресупбликаларынан қаракөл қойлары әкелінді. Кеңшар қой шаруашылығын өркендетудегі табыстары үшін Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесіне қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. 23 еңбек адамының есімі Бүкілодақтық Құрмет кітабына жазылды. Олардың ішінде М.Әбдешов, Қ.Адайбаев, Е.Кенжебаев, Д.Кенжебаев, Қ.Айдаралиев, Қ.Әубекеров, С.Баймұханов, Н.Ибрашев, Қ.Жантілеков, А.Ишманов, Ж.Баянов, Ш.Баяновтар бар. Кеңшар директоры З.Сауықов көрменің «Үлкен алтын медалімен» марапатталды. Кеңшарға жеңіл автомашина берілді. Кеншардың алғашқы механизаторлары ағалы-інілі Далабай және Балабай Өтебалиевтар, алғашқы шофері Смағұл Ысқақов болды. «Бақсайдың» бағы 1963-68 жылдары кеңшарға Оңайбай Көшеков директор болған кезінде жарқырай жанды. О.Көшековтың іскер ұйымдастырушылығының арқасында кеңшардың орталығы Таңдай селосында мектеп үйі, интернат, клуб, сауда орындары, көпір, т.б. нысандар салынды. Кеңшар 1997 жылы 12 мамырда таратылды. Жер көлемі жағынан аудан бойынша ауқымды алқапты алып жатқан ауылдық округ тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Бұрынғы малшы қыстақтарының саны кемігенмен қазір жеке шаруашылықтармен сол учаске-лерде айналысып отырғандар баршылық. Негізгі су көзі – «Боқсақ» өзегі. Бұл канал кейіннен «Бақсай» аталынып кеткен. Соғыстан кейінгі жылдары «Боқсақ» сайы қолмен қазылып, тереңдетіліп, ол көршілес Хамитқала, Чапаев аудандарына су жеткізу мүмкін болды. Сонымен бірге «Нарын» каналы да бар. Округтің шабындық алқаптары қыстық мал азығын мал дайындауға жақсы мүмкіндіктер беріп келеді.
«ТАҢДАЙ» ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРЫП КЕЛЕДІ
Таңдай селосының табан тасы осы «Бақсай» кеңшарының құрамымен бірге қаланды. 30-шы жылдардың басында селода жаңадан тұрғын үйлер салу жедел қарқындады. Сарайшықтағы бұрынғы орыс байларының үйлері бұзылып, құрылыс материалдары Таңдайға өгізбен, түйемен жеткізілген. Селоның Таңдай аталуы жайында сөз етер болсақ өз кезінде аты шыққан Бабыл есімді байдың Айдай және Таңдай деген екі сұлу қызы болған. Үлкені Айдайға атақты Бала Ораз Өтебайұлы ғашық болыпты. «Салайын сол Ораздың Айдай¬ына» деп келетін өлең жолдары осыны аңғартады. Айдайдың сіңлісі Таңдай қайтыс болып, биік төбеге жерленген. Осы жер қазіргі Таңдай селосы. Округ тұрғындары қазіргі заман әкелген өзгерістер легіне ілесе оты¬рып, түрлі кәсіппен айналысу, жеке шаруашылықтарды дамыту, өрістету ісінде жұмыстанып келеді. Мал басының өсімі жыл сайын арта түсуде. Ауылда 2000 жылы 624 орындық жаңа мектеп үйі пайдалануға берілсе, мектеп жанында 75 орындық ин¬тернат жұмыс істейді. 40-қа жуық бүлдіршін тәрбиеленетін «Райхан гүлі» балабақшасы 2004 жылдан бері жылдық жүйеге көшірілген. Округке қарасты барлық елдімекенді медициналық қызметпен қамтитын Таңдай жанұялық дәрігерлік емханасына жұмысқа өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен оңтүстік өңірден келген жас маманға жаңа баспананың кілті табысталған болатын. Мәдениет үйі мен кітапхана тұрғындарға мәдени ағарту қызметін атқарса, Таңдай ауылының тұрғындары 2005 жылдан бастап телефон байланысының игілігін көре бастады. Табиғи газ желісі ауылды түгел қамтыса, мекемелер де табиғи газбен жылытылады. «Казпоштаның» бөлімшесі халыққа тұрақты қызмет етуде. Қазіргі уақытта Таңдай ауылы телефонмен, интер¬нетпен, ұялы телефон байланысы қалыпты жұмыс жасауда.
Биылғы жылы ауылға дейінгі жол жөндеуден өтіп, ауылішілік төселіп, келешекте жаңадан мөлтекаудан да бой көтермек. Таңдай ауылында биылғы жылы ауылішілік 2 шақырым жаңа жол салынып, маусым айында тапсырылған. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес тротуары да бар. Ауыл маңында инженерлік құрылымның құрылысы қызу жүргізіліп, жұмыстың 80 пайызы аяқтала келді. Белгіленген аумаққа су, жарық және газ желілері толық тартылған соң кезектегі 400-ге жуық азаматқа жер телімі беріледі. Сонымен қатар ауылішілік жолдарды салу жұмыстары жалғасын таппақ.
- Ауылымыз қазір көркейіп жатыр. Соның бірі – жаңадан 400 үйі бар ықшамаудан құрылысы. Бұл үйлерді салуға берілген жерге газ, жарық жүргізіліп, жұмыстың 80 пайызы аяқталды. Келер жылы тапсырылады деген жоспар бар. Сонымен қатар ауылішілік 10,6 км жол салу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжат жасақтау үшін аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөліміне сұраныс беріліп қойды. Қаржысы шешілген уақытта бұл жұмыстар да өз уақытында орындалады,- дейді Бақсай ауылдық округі әкімінің орынбасары С.Базарбаев. 400-ге жуық оқушы білім алатын Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектеп, интернат үйі, емхана, әкімшілік ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Ауылдық округте тіркелген 132 шаруа қожалығының 30-ға жуығы егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде ауыл жастары да биылғы жылы егін егіп, жергілікті тұрғындарды көкөніс, бау-бақша өнімдерімен қамтыды. Әрине, дихандарға ауыл маңында «Бақсай» каналының көмегі көп болғаны сөзсіз. Мектеп түлектері де ауылды көркейтуге өзіндік үлестерін қосса, ауылдың жас кәсіпкерлері қайырымдылық акцияларына қатысып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып келеді. - Жыл сайын дәстүрге айналған мектеп түлектерінің ауылға, мектепке жасаған әртүрлі сый-сияпаттары кейінге үлгі боларлықтай. Күні кеше бітірген мектеп түлектері мектеп жанына ағаш отырғызып, «түлектер аллеясына» үлестерін қосты. Осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер ауыл жастарына арнап үлкен спорт алаңын салды. Мұндай игі істер мектеп түлектерінің барлығының ауылға деген сезімінің ерекше екендігін көрсетеді,- дейді мектеп ұстазы С.Бержанова.
ЕЛЕҢДЕТКЕН ЕСМАХАН, КӨРІКТЕНГЕН КӨЗДІҚАРА
Бақсай ауылдық округіне қарасты Есмахан ауылының да өзіндік тарихы бар. 1925 жылы бұл ауылда жер өңдеушілер серіктестігі (ТОЗ) құрылған. Кейін мал шаруашылығы саласының өркендеуіне байланысты Есмахан ауылының төңірегіне қыстақтар орын тепті. Мұнда 1929 жылы егістік алқаптар игеріліп, тұңғыш рет қолмен суарылды. Есмахан ауылы 50-ші жылдардың соңына қарай кеңшардың ферма орталығы болып қалыптасты. Жаңадан үйлер салынып, көше түзеді. Осы фермаға ауыл шаруашылығы саласын шебер ұйымдастырушы, талай адамға азаматтық қамқорлығын жасаған Қонай Нығыметовтың сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Қазіргі күні есмахандықтар жазғы су мен сапалы байланыс желісін сұрайды. Бақсай ауылдық округінің орталығы Таңдайдан 14 шақырым шамасындағы Есмахан бір кездері «болашағы жоқ» ауылдардың қатарына енген еді. 90-шы жылдары шаруашылық шатқаяқтап, ауыл бұрғынғы әсем келбетінен де, күнделікті тіршілігінен де ажырап қалғандай болды. Ал бүгінгі жайы тіптен бөлек.
«Бақсай» каналының иінінен орын тепкен бұл ауылға көгілдір отын келіп тұр, көше жарығы жүргізіле бастады, құдықтағы сулары үйдің ішіне тартылған. Болашағынан үміт үздіріп барып, қайта жақтырған Көздіқара да бір кездері «Бақсай» асыл тұқымды қаракөл қой совхозының №2 ферма орталығы болған. Совхоз орталығы Таңдай ауылынан он екі шақырым қашықтықта «Нарын» каналының бойында орналасқан. Көздіқара ауылынан 16 шақырым жерде «Мырзалы- Балпан» деген жерде «бәйгелі жерде жүлде алған» көрнекті айтыс ақыны Бала Ораз Өтебайұлы мазары бар. Ауыл жанынан «Нарын», ал аумағынан «Ақсай» каналдары ағады. Кіші Көздіқара ауылында екі көпір және «Қос көпір» аталған көпір өткелі бар. «Ақшалаш» мекенінде қысқы мал азығы жемшөп дайындау механизаторлар қосыны орналасты. Ауылдың батысын ала ферманың қысқы жемшөбін дайындайтын жаздық лиман алқабы алып жатты.
Талай танымал тұлғалар шыққан, бір кездері жеке клуб, кітапхана, дүкен, шағын медпункті, ұстахана болған гүрілдеген ауылдан жұрнақ та қалмаған. Тек төрт түлік малын бағып, күнкөрістің қамымен жүрген халық қана. Онда да саны азайған. Себебі, байланыс желісі нашар, жол жоқ. «Нарын» каналының бойында орналасқан 34 үйі және 164 адамы бар Көздіқара ауылында бүгінгі таңда газ және жарық мәселесі шешімін тапқан. Жалпы Бақсай ауылдық округіндегі жағымды жаңалықтар жан сүйсіндіреді. Сәуір айында басталған инфрақұрылымды жүргізу жұмыс барысында округ орталығы Таңдай ауылының электр станциясы қайта жаңғыртылады. Келер жылдың сәуір айында аяқталады деп жоспарланған жұмыстар белгіленген мерзімнен бұрын тапсырылады деп күтілуде. Ал Көздіқара, Есмахан және Томан елді мекендерінің бас жоспары бекітіліп, соған сәйкес мектеп, балабақша, су желісі, жайылымдық жер¬лер шешімін табатын болады. Сондай-ақ Көздіқарадан медициналық пункт ашу да жоспарда бары белгілі болды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ